ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Азамат Алдамжаров ҚР ҚК 96-бабы 1-бөлімі (1997 жылғы редакцияда), 335-бабы 1-бөлімі 1-тармағымен айыпты деп танылып, 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Алдамжаров төбелеске ұласқан өзара келіспеушілік кезінде жәбірленушіні еденге жығып, бірнеше рет соққы жасап, ақыры тұншықтырып өлтірген. Кейін қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кету мақсатында мүрдені жасыру жөнінде Жансейіт Әділов пен Жанат Тамашевқа айтқан. Соңғы екеуі ҚР ҚК 363-бабына сәйкес айыпты деп танылғанымен, ҚР ҚК 71-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).