Қытай 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5–5% болады деп болжайды

АСТАНА.KAZINFORM — Қытай үкіметі 2026 жылға арналған экономикалық өсім бойынша мақсатты көрсеткішті 4,5%–5% аралығында белгіледі. Бұл шешім ел билігінің дефляциялық қауіптер мен құрылымдық баяулауға қарсы күресу үшін бюджеттік қолдауды күшейтуге дайын екенін көрсетеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Бейсенбі күні өткен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының жыл сайынғы сессиясының ашылуында ұсынылған есепте билік белгіленген межеден жоғары өсімге қол жеткізуге ұмтылатынын атап өтті. Құжатта тұтыну бағалары индексінің өсімі 2%, ал жұмыссыздық деңгейі шамамен 5,5% деңгейінде сақталады деп көрсетілген.

Әлемдегі екінші ірі экономиканы ынталандыру мақсатында Қытай үкіметі бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 4%-ына дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл 5,89 трлн юаньды ($853,6 млрд) құрайды, ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 230 млрд юаньға ($33,3 млрд) артық.

Жалпы мемлекеттік бюджеттік шығыстар алғаш рет 30 трлн юаньға ($4,35 трлн) жетпек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,27 трлн юаньға ($184 млрд) көп. Бұл Қытайдың белсендірек бюджеттік саясатқа көшкенін білдіреді.

2026 жылға арналған қарыз алу бағдарламасына 1,3 трлн юань ($188,4 млрд) көлемінде арнайы ұзақмерзімді мемлекеттік облигациялар шығару кіреді. Бұл қаражат:

  • мемлекеттік басым жобаларды жүзеге асыруға,

  • стратегиялық маңызды салалардың қауіпсіздігін күшейтуге,

  • өнеркәсіптік жабдықтарды жаңартуға,

  • халық тұтынуын ынталандыру бағдарламаларын қаржыландыруға (соның ішінде ескі техника мен тауарларды жаңасына ауыстыру бағдарламаларына) бағытталады.

Қаржы секторын қолдау аясында Қытай билігі 300 млрд юань ($43,5 млрд) көлемінде арнайы облигациялар шығарып, ірі мемлекеттік банктердің капиталын толықтыруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, жергілікті билікке арналған мақсатты облигациялар квотасы 4,4 трлн юаньды ($637,7 млрд) құрайды. Бұл өңірлерге инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда қаржылық қолдау береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың 2026 жылы қорғаныс шығындарын 7%-ға арттыратыны хабарланған болатын.