Қытай нарығындағы өзгеріс Америка экономикасына барынша әсер етеді – қытайтанушы Әділ Кәукенов

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Халық банкі жылжымайтын мүлік секторындағы дағдарыс және қор нарығындағы белсенділіктің төмендеуі аясында баяулайтын экономиканы жандандыруға бағытталған шаралар кешенін ұсынды. Бұл қадам ипотеканы қайта қаржыландыруды, қор нарығын қолдауды және банктерге жүктемені азайтуды қамтиды. Саясаттанушы, қытайтанушы Әділ Кәукенов Kazinform агенттігінің тілшісіне Қытайда қабылданып жатқан шаралардың себептері және не беретіндігі жайлы пікірімен бөлісті.

Фото: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Бағдарламаның негізгі тармақтарының бірі — ипотекалық несиелерді ауқымды қайта қаржыландыру. Қытай Халық банкі қолданыстағы ипотека мөлшерлемелерін 0,5 пайыздық тармаққа төмендетіп, шамамен 5,3 трлн доллар қарызға әсер етеді. Бұл қарыз алушыларға билік тұтынуға бағыттайды деп үміттенетін қомақты қаражатты босатуға мүмкіндік береді, осылайша экономикалық өсуді ынталандырады. Екінші тұрғын үйді сатып алу кезінде бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері де төмендетілді — 25-тен 15 пайызға дейін. Басқа да несие беру бағдарламаларының шарттары жеңілдетіледі.

Жылжымайтын мүлік нарығы ұзақ уақыт бойы Қытайдың экономикалық өсуінің негізгі драйверлерінің бірі болды. Бастапқы жылдары Қытайдың ЖІӨ екі таңбалы қарқынмен өсті, бұл көбінесе жұмыс орындарын қамтамасыз ететін және ішкі тұтынуды ынталандыратын құрылыстың арқасында болатын. Жылжымайтын мүлік азаматтар үшін танымал инвестициялық құралға айналды. Бұл бағаның өсуіне және қарыз жүктемесіне ықпал етті.

Алайда, 2020 жылы Қытай билігі баға көпіршігінің алдын алу үшін нарықты «салқындата» бастады. Құрылыс салушыларды қаржыландыруға шектеулер, пандемия және тұтынушылық белсенділіктің төмендеуі сатылымның құлдырауына, бағаның төмендеуіне және ірі құрылыс компанияларының банкроттығына әкелді.

Саясаттанушы және қытайтанушы Әділ Кәукенов жылжымайтын мүлік нарығына инвестиция құю Қытайдың ең ірі девелопері “ «Эверграндтың» проблемаларымен және оның сәтсіз инвестицияларымен байланысты деп санайды. Сарапшының атап өтуінше, құрылыс салушы өте агрессивті болды.

«Бұл үшін ол шын мәнінде компанияны құтқаруға тырыспаған реттеуші органдар тарапынан да, нарықтың өзінен де ауыр жазаға ұшырады. Ол өзінің стратегиясын түгесті. Құрылыс салушы алдыңғы жобаларын соңына дейін жүзеге асырмай несие алды», — дейді Әділ Кәукенов.

Қытай экономикасы барлық процестерді айтарлықтай реттейді және Әділ Кәукеновтың пікірінше, елде апатты процестер байқалмайды. Бұл ретте Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығының ерекшелігін түсіну маңызды — аспан асты еліндегі ипотека арзан, атап айтқанда, жеңілдіктері бар тұлғалардың санаты өте көп. Мысалы, мемлекеттік қызметшілер үшін жылдық мөлшерлеме 1 пайызға дейін жетеді, сондай-ақ банктерге ипотеканы өтейтін қорлар бар.

Сарапшының пікірінше, «Эверграндтың» құлдырауы компанияның Қытайда ғана емес, шетелде де жобалары болғандықтан девелопер нарығындағы негізгі құбылысқа айналды.

«Сондықтан инвесторлар, оның ішінде қарапайым тұрғындар да қорықпауы үшін ынталандыру қажет. Сондықтан белсенділік әсіресе бастапқы нарықта, «Эвергранд» құлдырай бастағаннан кейін тоқырап қалмауы үшін керек. Мәселе тек осы компанияға ғана қатысты емес. Оның төңірегінде қосалқы мердігерлер өте көп және олар да жұтаң тартпауы, ең бастысы нарық тоқырауға ұшырамауы тиіс. Өйткені, барлық инвестициялық белсенділік тоқырауға түсті. Нарық шұңқыры қазылған сәттен-ақ жылжымайтын мүлікке инвестиция салу тиімді ме, сенімді ме деп күте бастады. Және де билік бұған осындай әдіспен жауап берді. Егер балама келтірер болсақ, бұл Қазақстанда BI Group тоқырауға ұшырағаны сияқты», — деп түсіндірді Әділ.Кәукенов.

Сарапшы Шанхай немесе Шэньчжэнь сияқты кейбір аймақтағы жылжымайтын мүлік нарығы «қатты қызып» кеткенін атап өтті. Алайда, оның пікірінше, елес қалалардың көптігі, ауқымды дағдарыс және экономиканың құлдырауы туралы жаңалықтар — алыпсатарлық.

«Бұл көбінесе жергілікті биліктің қателіктері, олар девелоперлердің айтқанына иланып, құрылысқа рұқсат береді. «Эвергранд» үлкен несие алып, жылжымайтын мүліктің қалай сатылатынына бас қатырмастан ол жарамсыз жерлергеде салды. Адамдар оған инвестиция салды, шұңқыры қазылған сәттен жылжымайтын мүлікті сатып алып, қымбатырақ сатуға немесе жалға беруге үміттенді. Ал қайта сату мүмкін болмады. Бұл девелопердің өзіне қатысты сұрақ туындататын өте жиі кездесетін жайт», — деді ол.

Қытай жылжымайтын мүлікті қолдаудан бөлек, қор нарығын да жандандыруға ниеттеніп отыр. 2021 жылдан бастап қытайлық жария компаниялардың капиталдандырыуы тұтыну өсімінің төмен қарқынына және бизнеске мемлекеттік бақылаудың күшеюіне байланысты 6,5 трлн долларға төмендеді. Өтімділікті қалпына келтіру үшін Қытай Халық банкі бұл нарыққа кем дегенде 800 миллиард юань (113 миллиард доллар) бөлмек. Бұл жайында Bloomberg жазды. Бұл қаражатты институционалдық инвесторлар своп-келісімшарттар және қайта несиелеу тетіктері арқылы акцияларды сатып алу үшін пайдалана алады.

Қытай банктері резервтеу нормативтерінің төмендеуіне байланысты тағы 142 миллиард доллар тарта алады. Бұл туралы сейсенбі күні өткен брифинг барысында Қытай Халық банкінің (Орталық банкі) басшысы Пан Гуншэн мәлімдеді. Резервтік талаптарды төмендету 2018 жылдан бергі ең маңызды қадамдардың бірі саналады. Босатылған қаражат тұтынушылық сұранысты несиелеуге және ынталандыруға жұмсалады деп күтілуде.

Тағы бір маңызды қадам — Қытай Халық банкінің жеті күндік кері репо операциялары бойынша пайыздық мөлшерлеменің 1,7 пайыздан 1,5 пайызға дейін төмендетуі. Бұл қарыз алуды арзандатуы тиіс, ал түптеп келгенде резервтерге қойылатын талаптардың әлсіреуінен кейін экономиканы қолдауға көбірек қаражат жұмсауға мүмкіндік береді.

Қытай Халық банкі ұсынған шаралар экономиканың екі маңызды секторын — жылжымайтын мүлік пен қор нарығын қалпына келтіруге бағытталған.

Сарапшының пайымынша, Қытайдағы жылжымайтын мүлік дағдарысының Қазақстанға әсері шектеулі. Өйткені қытайлық делопердің елімізде айтарлықтай жобалары болған жоқ. Алайда, ол АҚШ пен Австралияның экономикасына әсер етеді. Өйткені бұл елдерде «Эверграндтың» серіктестері мен акционерлері бар.

«Бұл Австралияға немесе АҚШ-қа әсер етеді. Өйткені «Эвергранд» ірі құрылыс салушы болды. Оның шетелдікт ірі серіктес ұйымдары, жобалары, ең бастысы шетелдік акционерлері бар. Бірақ олардың арасында қазақстандықтар жоқ. „Эверграндтың“ Қазақстанда жобалары жоқ, ал қазақстандықтар оның акцияларын жаппай сатып алған емес. Бірақ австралиялық немесе америкалық экономика қытайлықтармен тығыз байланысты. Әлемдегі ең үлкен тауар айналымы — америкалық-қытайлық, ал америкалықтар Қытай экономикасына көп инвестиция салады және керісінше де. Сондықтан Қытай нарығындағы қандай да бір өзгерістер Америка экономикасы үшін барынша әсер етеді», — деп түйіндеді сөзін Әділ Кәукенов.