Қытайдағы ең ірі теңіз газ кен орнының екінші кезеңі пайдалануға берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл кен орнындағы жылдық газ өндіру көлемі 4,5 миллиард текше метрден асып, жобаланған ең жоғары деңгейге жетеді деп күтіліп отыр, деп жазады Синьхуа.
Қытайдың ұлттық оффшорлық мұнай корпорациясы (CNOOC) сәрсенбі күні Оңтүстік Қытай теңізінің акваториясында орналасқан «Шэньхай-1» газ кен орны жобасының екінші кезеңі пайдалануға берілгенін хабарлады. Бұл оқиға елдегі ең ірі теңіз газ жобасының толық жүзеге асуын білдіреді.
«Шэньхай-1» кен орнының геологиялық қоры 150 миллиард текше метрден асады. Мұнда газ өндіру 2021 жылғы маусым айында басталды, сол кезде жобаның бірінші кезеңі іске қосылған болатын.
Кен орнында өндірілген табиғи газ Сянган арнайы әкімшілік ауданына, Хайнань аралындағы Санья қаласына және Гуандун провинциясындағы Чжухай қаласына теңіз арқылы тасымалданып, елдің негізгі экономикалық өңірлерін газбен қамтиды және ұлттық газ құбыр желісіне қосылады.
«Шэньхай-1» — Қытайдағы ең күрделі терең теңіз газ жобасы саналады. Жоба ел ішіндегі теңіз қайраңында бұрын-соңды кездеспеген ең жоғары температура мен қысым жағдайларында жүзеге асырылған. Пайдалану тереңдігі 1500 метрден асады, ал ең терең ұңғымалардың тереңдігі — 5000 метрге дейін жетеді.
Жоба менеджері Лю Канның айтуынша, бұл жобаны іске асыру барысында құрылған өндірістік инфрақұрылым мен технологиялық жүйе болашақта теңіз мұнай-газын кешенді түрде барлауға жол ашып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде теңіз ресурстарының рөлін арттыруға көмектеседі.
Бұдан бұрын Қытай билігі сейсенбі күні 3 қыркүйекте Пекинде Жапонға қарсы соғыста және әлемдік фашизмге қарсы соғыста жеңіске жетуінің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын, соның ішінде Тяньаньмэнь алаңында ауқымды әскери шеру өткізетінін жариялады.