Киіз қайта сұранысқа ие — ақтөбелік шебер

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Айнагүл Алиева бала күнінен қолөнерге жақын. Ол әжесінен көргенін ойға түйіп, бойына дарытты. Қазір шебер қолынан шыққан дүниені көрсетіп, ел ішіндегі көрмелерге қатысып жүр. Әрі киізден жасалған кез келген бұйымға қайта сұраныс артқан.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының тұрғыны ұзақ жылдар бойы мәдениет үйінде кіші қызметкер болып еңбек етті. Жұмысы оның сүйікті ісіне еш кедергі келтірмеді. Тіпті қосымша табыс көзіне айналды әрі ұлттық өнерді дәріптеп жүр.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Қойды тоғытып, кейін жүнін қырқып аламыз. Шөбінен, шоғайнасынан арылтып, тазартамыз. Содан кейін тулаққа салып сабап, біркелке қалыпқа түсереміз. Оны шиге жайып, киіз басамыз. Бұл киіз басудың жолы. Бір қарағанда оңай болғанымен бірнеше күнге созылатын процесс. Жүнді дайындау үшін бір аптаға жуық уақыт қажет. Ал киіз, текемет басу көлемі мен ою-өрнегіне қарай 5-6 сағатты қажет етеді. Бір адам емес, қатар жүрген ауылдастарыммен бірге басамыз киізді, — деді шебер.

Қазіргі кезде киізден ер тоқымнан бастап, көліктің маторына жабу дайындайды. Бұйымдар тізімінде сандыққап, жүкқап, қоржын және текемет бар. Байпақтың қалыбы болмаса да дайын киізден пішіп, тігіп береді. Сұраныс бір кездері күрт тыйылса, қазір көбі қыста көлігіе жабу іздейді. Себебі киіз суық өткізбейді.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Бір кездері бұл бұйымдарға сұраныс болмай қалғаны рас. Ешкім пайдаланбады, әдемі әрі арзан заттарға әуес болды. Қазір бәрін жаңғыртып жатырмыз. 2010 жылдары Түркістан қаласына Ақтөбе облысы атынан бардым. Сол кезде адамдар киіз бұйымдарға қызықты. Өзім «Дәстүрге жол» бірлестігінің ауылдағы төрағасымын, мәдениет үйінде өз кабинетім бар. Бұл дүниені үйренуге жастар құмар. Алғашқыда келіншектер жүннің, шуаштың иісі шығады деп айтатын. Қазір бәрі өзгерді, пайдасын терең ұғынды, — деді Айнагүл Алиева.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Киіз басуға арналған ақ жүнді алыстан іздемейді. Қорадағы қазақы қойдың шикізаты бір өзіне жетеді. Егер тапсырыс көбейіп, аздық етсе, ауылдағы шаруалардан алады. Олар бума жүнді тегін-ақ береді. Бір ерекшелігі, жүнді грамдап, келілеп есептемейді. Көз өлшеммен алады, сабам деп айырады. Бір киізді басуға 10, кейде 15 сабам жүн қолданады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Мен 8 бала тәрбиелеп өсірдім. Алты қызым алты облыста тұрады. Барлық Қазақстанды шарладым. Бәріне де киіздің пайдасы туралы айтып жүремін. Мәселен киізден бұйым жасап, қалған қиындысынан ұлтарақ кесіп қоямын. Аяғың жылы жүреді, сырқырамайды. Киіз бойдағы жағымсыз энергияны өзіне тартып алатын қасиетке ие. Жүннің шуашының өзі денедегі жараға пайдалы. Дайын бұйымды арзанға бағаламаймын. Бағасын түсір деп те сұрамайды. Себебі адамдар шын еңбекті бағалап үйреніп келеді, — деді ол.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Айта кетейік, атыраулық жас шебер Наргиз Аймағамбетова киіз басу өнерін жаңғыртып, оны көпшілікке үйретіп жүрген жас шебердің бірі. 24 жастағы ол ұлттық мұраны заманауи бағытпен ұштастырып, киіздің тек тұрмыстық бұйым емес, терең мәдени әрі рухани құндылық екенін насихаттап келеді