Оның айтуынша, тау курортында барлығы 60 шақырым тау-шаңғы трассасын салу көзделген. Онда күніне 10 мыңнан астам келуші шаңғы тебе алады.
— Курорттың барлық трассасының 70 пайызы жасыл және көк категориялы, яғни балалар мен жаңадан бастаған шаңғышыларға өте ыңғайлы. Әлемнің барлық курорттарында бұндай көрсеткіш жоқ деп толық айта аламыз, — деді Е. Еркінбаев бүгінгі Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, аспалы жолдардың сапасына әрі оның барлық азаматтарға қолжетімді болуына үлкен басымдық берілмек. Сол үшін оны салуға 90 жылдық тарихы бар, 90 елде 8 мыңға жуық жобаны жүзеге асырған РОМА атты француз компаниясы таңдалған.
— Біз жоба аясында 11 аспалы жол саламыз. Барлығы заманауи, кең әрі жайлы кабиналар болады. Басты мақсат — тауды әр азаматқа қолжетімді қылу. Еңкейген қариядан, еңбектеген баланы жетектеген ана да, мүмкіндігі шектеулі жан да төменгі Медеудегі станциядан 3400 метрдегі Құмбел шыңына еш кедергісіз жете алады. Бұл аспалы жолдармен зейнеткерлер, балалар және мүмкіндігі шектеулі жандар толығымен тегін жүреді, — деп толықтырды спикер.
Курорттың келбеті саналатын Медеу және Көк Жайлау станцияларының сәулетін әлемге әйгілі Норман Фостердың бюросы (Foster Partners) жасаған. Ғимараттың басты ерекшелігі — кең панорамалық террасалар болмақ. Мұнда келушілер Алматы қаласын және Іле Алатауының әсем көріністерін тау басынан тамашалай алады.
— Архитекторлар қазақтың киіз үйінен шабыт алып, станциялардың дизайнын қазақи стильге келтірген. Конструкциялар киіз үйдің керегесі мен уықтарына ұқсатып жасалған. Ал жоғарғы жарық түсіретін элементтер шаңырақ идеясын бейнелейді. Ұлттық нақыш пен заманауи сәулет үйлескен бірегей нысандар салынады, — деді Е. Еркінбаев.
Барлық ғимарат экологиялық стильде ағаштан жасалады. Конструкцияларды жобалау мен өндірумен әлемге әйгілі канадалық StructureCraft компаниясы айналысады. Масштабты құрылыс болмайды, барлық ғимараттар жиналып, құрастырылатын конструкциялар болады.
— Жобаның басты басымдықтарының бірі — балаларға жағдай жасау. Қазір Алматы әкімдігімен бірлесіп, курорт аумағында оқушыларға дене шынықтыру сабақтарын өткізу мәселесі пысықталуда. Мұндай тәжірибе туризмі дамыған Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Мысалы, Аустрияда жыл сайын мектеп бағдарламалары шеңберінде 80 мыңнан астам бала шаңғы спортымен айналысады, Швейцарияда 128 мыңнан астам оқушы қысқы спорттық-сауықтыру бағдарламаларымен қамтылған. Франция мен Италияда мектеп оқушыларының тау шаңғысы курорттарына баруын қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар бар, — деді Kazakh Tourism Development өкілі.
Almaty Superski жыл бойы жұмыс істейтін әлемдегі жаңа дестинацияға айналады. Қазір Көк Жайлау шатқалында жаяу жүру жолдарының және таудағы вело-маршруттардың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл өз кезегінде курортқа 12 ай бойы отандық қана емес, әлемдік туристтер тарапынан сұраныс болатынын көрсетеді.
— Құрылыс басталғанда мыңдаған, ал жоба аяқталғанда 5 мың жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бір туризм саласы экономиканың 50 саласына серпіліс береді. Сондықтан курорттың іргесінде, 20 минуттық жердегі Алматы қаласының туризм бағытындағы — қонақүй, тамақтану, музей, көлік тасымалы және басқа да саланың бойына қан жүгірері анық, — дейді Ержан Еркінбаев.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Almaty Superski жобасының Қазақстанның туризм саласын дамытудағы маңызын атап өткен еді.