Қыз ұзату тойындағы жаппай улану: Павлодар полициясы қылмыстық іс қозғады

Фото: Алматы облыстық полиция департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда қыз ұзату тойындағы тамақтан жаппай улану оқиғасына қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Мейрамхана санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерді сақтамаған делініп отыр.

Павлодар қаласының прокуратурасы санитарлық дәрігерлер мейрамханаға барып, эпидемиологиялық тексеру жүргізгендерін хабарлады. Кәсіпкерлік нысанының иесіне кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілген. Ал тойда дастарханға қойылған тамақ өнімдері бойынша зертханалық зерттеу нәтижелері қылмыстық істі ашуға негіз болған.

- Қалалық полиция басқармасының орталық бөлімі мейрамханаға қатысты Қылмыстық кодекстің 304-бабы, 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізіліп, жәбірленушілерден жауап алынып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындаулар туралы мәселе шешіліп жатыр,-деп хабарлады Павлодар қаласының прокуратурасынан.

Еске сала кетейік, Павлодарда қыз ұзату дастарханынан кейін 33 адам уланды.

Кейін мейрамхана рұқсатсыз жұмыс істегені анықталды.