Қызылордада 72 жыл бұрын салынған демалыс паркі 6,3 млрд теңгеге жөнделді

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 1 маусым — Балаларды қорғау күнінде Қызылордада қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі ашылды. Бұл туралы қала әкімдігінен хабарлады. 

Аттракцион паркі 1953 жылы ашылған. 1996 жылы жекешелендіріліп, 2008 жылы мемлекет меншігіне қайтарылды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Биыл мердігер «Bi Global» компаниясы жобалық-сметалық құжатқа сәйкес оны толық жөндеп, парк жаңарған кейіпке енді. Бұл жұмысқа 6,3 млрд теңге бөлінді. 

— Кіреберіс қақпа алдындағы «Сыр батырлары» ескерткіші Тағзым алаңына көшірілді. Ол жерге арка орнатылып, жаңа үлгідегі кеспетас төселді. Қоршау толық жаңартылды. Бетонды скейтпарк, 20-ға жуық аттракцион, кафе ғимаратын орналастыруға арналған алаң және ойын алаңдары салынды. Жаңа субұрқақтар парктің барлық аумағын қамтиды. Ашық аспан астында күнделікті келушілерге мәдени қызмет көрсетуге, концерттік бағдарламалар қоюға арнап 100 адамға лайықталған амфитеатр салынды, - делінген әкімдік хабарламасында. 

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қазақстандықтарды Балаларды қорғау күнімен құттықтап, мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасай беретінін жеткізді.