ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласының прокуратурасы алимент бойынша берешек кейбір борышкердің букмекерлік кеңселерде ақшаға бәс тігіп жүргенін анықтады.
Биыл 135 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 4 борышкер қылмыстық іс қозғалды.
- Балаға төленетін алименті бойынша берешегі бар бір борышкердің қарызы 5,2 млн теңгені құраған. Ол 2 млн теңгесін букмекерлік кеңседе ұтылған. Оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабымен қылмыстық іс тіркелді. Алимент қарызы толық өтелді. Содан кейін жәбірленушімен татуласып, ақталмайтын негіздермен қылмыстық іс тоқтатылды, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында Жаңа жыл түнінде 7 қылмыс ашылды.
Облыс бойынша барлығы 472 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде қоғамдық орындарда мас күйде болған 32, түнгі тыныштықты бұзған 21 адам жауапқа тартылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.