— Бауыржан Бақытбекұлы, реаниматолог — бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған адамның жан арашасы. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Алдымен осы жайында айтып берсеңіз.
— Ең алдымен мамандығымызға қызығушылық танытып, анестезиология мен реанимация жайлы мәліметтерді оқырмандарға жеткізуге шешім қабылдағаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Иә, 16 қазанда медициналық қауымдастық Дүниежүзілік анестезиологтар күнін атап өтеді. Бұл күн кездейсоқ емес, 1846 жылы 16 қазанда, яғни дәл 177 жыл бұрын алғашқы сәтті эфирлік анестезия жүргізілді. Оны ең алғаш рет америкалық тіс дәрігері Томас Мортон жасаған еді. Бұл күн анестезиологияның туған күні саналады. Содан бері дәуір өзгерді және біздің мамандығымыздың мүмкіндіктері мен маңыздылығы, оның міндеттері мен ғылыми көзқарастың қажеттілігі арта түсті. Үлкен ағаштың тармағы ретінде ол бағыттарға, мектептерге бөлініп, дәстүрлер мен заңдарға тола бастады.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, өзімнің барлық әріптесімді, анестезиологтар мен реаниматологтарды, үлкен жауапкершілік жүгін арқалап, өмір мен өлім мәселесін жиі шешетін қиын мамандық пен қызық тағдыр иелерін құттықтағым келеді.
Ал нақты сауалыныңызға келер болсақ, шындығында институтта оқып жүргенімде анестезиолог дәрігері боламын деп ойлаған жоқпын. Алғашқы арманым хирург дәрігері болу еді. Кейін кардиология саласына қызыға бастадым. Дегенімен, жас мамандарды жұмысқа бөлу және орналастыру мәселесіне келгенде тек анестезиолог мамандығының орны бос болатын.
Профессор Мұстафиннің жетекшілігімен осы мамандықты игере бастадым. Жұмыс барысында осы мамандықтың қаншалықты маңызды және қызықты екеніне көз жеткіздім. Әріптестерімнің арасында мамандығыма қатысты мынадай әзіл бар: анестезиолог хирургияны кардиологтан, ал кардиологияны хирургтан жақсы біледі. Осы салада 26 жыл ішінде қуаныш пен қайғы, құлшыныс пен дәрменсіздік, таңдану мен үмітсіздік сынды әр алуан сезімдерді бастан кешірдім. Бірақ өз жұмысымнан ешқашан жалыққан емеспін.
— Реанимация саласының білікті маманы болы үшін қандай дағды және адами қасиет қажет?
— Кез келген адам мықты хирург, білікті жалпы тәжірибелік дәрігер немесе гинеколог болғанымен жақсы анестезиолог бола алмайды. Қазіргі уақытта өз ісінің шебері болу өте қиын. Медицина саласы басқаларына қарағанда мейлінше кең ауқымды, сонымен қатар дәрігерден әр дайым ғылыми даму мен ізденісті талап етеді. Еңбектену мен осы саланының ауыртпашылықтарынан қорықпау, үміт отын өшірмей, позитивті көзқараспен науқас адамға сауығу жолына жетелеу болашақ дәрігерлер үшін өте маңызды.
— Пациенттердің реанимацияға түсуінің ең көп тараған себептері қандай?
— Өз тәжірибемде жаңа өмірге қадам басқан нәрестелерден бастап, жүз жасаған қарияларымызды да емдеу тура келді. Олардың хәл үстіне, реанимация бөлімшесіне түсуінің сан алуан себептері мен дерттері болатын. Осындай ауыр күйге шалдықтырған сан алуан дерттің нақты себебін табу, аурудың дәлме-дәл даму бейнесін айқындау — реаниматолог дәрігерлердің ең басты міндеті. Осы мәселелерді тура шеше отырып, емдеудің дұрыс бағытын табуға болады.
Осындай терең ойлау үрдісі реаниматолог дәрігер маманың басқа сала дәрігерлерінен ерекшелендіреді. Біз әрдайым науқас организімінде болып жатқан патологиялық процессті тауып, оның науқасқа келтіретін зардабын азайтып, организімнің өзін-өзі қалпына келітіруіне жәрдемдесеміз.
— Короновирус өршіп тұрған кезде реанимацияға түскен адамдардың саны көп болды ма? Олардың жанын аман алып қалу үшін қандай тың қадамдарға бардыңыздар?
— Коронавирус пандемиясы бүкіл әлем үшін, әсіресе денсаулық сақтау жүйесі үшін ауыр сынақ болды. Жедел жәрдем дәрігерлері, емхана мен қабылдау бөлімшелерінің терапевттері, инфекционист мамандары және анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер біріншілердің қатарында болып алғашқы соққыны өздеріне алды. Мұндай жаппай ауыр халде науқастардың ауруханаға түсуі тек біздің елде емес, әлем деңгейінде бұрын соңды болмаған жағдай.
Реанимация бөлімшесіне түскен жүктеме орасан зор болатын. Пандемия ең өршіген тұста әрбір дерлік науқас қарқынды терапияны қажет етті. Осы кезенде медицина саласындағы қызметкерлер ғажайып батылдықтары пен табандылықтарын көрсете білді. Себебі инфекция тек науқастар үшін емес, сонымен қатар осы індетпен күрескен әр азаматтың жанұясына, өзіне қауіпті еді.
Соған қарамастан жоғарыда атап өткен мамандар өздеріне жүктелген борыштарын абыройлы атқара білді. Жұмыс барысында көптеген қиыншылықтар жолықты, емдеу мен диагностика тәсілдері 180 градусқа өзгеріп, жаңа емдеу әдістері игеріле бастады және де бұрын болмаған таптырмас тәжірибе пайда болды. Атап өтсек, өкпеге қосымша зақым келтірмейтін, инвазивті емес өкпені жасанды желдету аппараты, жоғарғы ағынды өттегі терапиясы жаппай қолданысқа еңгізілді.
Короновирус инфекциясы кезінде жинақталған тәжірибе қазіргі таңда біздің күнделікті емдеу процесінде жиі қолданылып жүр. Әрине, болшақта мұндай жағдайлардың қайталанбауына кепіл жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау жүйесі мен медицина қызметкерлері бұған дайын.
— Реаниматологтардың жұмысын жеңілдету үшін қандай тың технологиялық инновациялар енгізіліп жатыр? Реанимация нәтижесін жақсарту үшін медициналық зерттеу саласында қандай инновациялар қолданылады?
— Аға буын әріптестеріміз айтқандай, анестезиология және реаниматология бұл — ілім, өнер, шеберлік. Бұл қасиеттер біздің саламыздағы әрбір ақ халатты абзал жандардың бойында кездеседі. Ал ғылым, инновация, технологиялық прогресс — бұл қажеттілік. Дамудың заманауи деңгейі бізге жұмысымызды жақсартудың көптеген тамаша құралдарын ұсынады. Айта кетерлік, цифрландыру, жасанды интеллект, нанотехнологиялар, заманауи медициналық құрылғылар — көптеген деректерді өңдеуге және дұрыс шешімдерді таңдауға көмектеседі.
Президенттік ауруханада жұмыс істеу бізге жаңа технологияларды, процестерді, стандарттарды әрдайым меңгеріп, оларды өзімізге бейімдеп, практикамызға енгізуді талап етеді. Біздің бөлімшеде де осы шараға үлкен мән беріледі. Мысалы, біздің маңызды бағыттарымыздың бірі — мультимодальды анестезия енгізу, яғни операция кезінде және операциядан кейінгі ерте кезеңде науқастың жағдайын басқару, анестезиямен байланысты науқас денсаулығына келетін жағымсыз әсерді азайту. Бұл ауырсынуды және оның пайда болуының барлық кезеңдеріндегі вегетативті реакцияларды басатын әртүрлі препараттар мен әдістерді біріктіру арқылы қол жеткізіледі.
Біздің тағы бір жобамыз — өкпенің желдетілуін оңтайландыру. Онсыз ауыр хәлдегі пациенттерді қарқынды емдеу мүмкін емес. Оны қашаннан бастап тоқтату, қандай формада және қалай қолдану аса маңызды сұрақтар. Біздің бөлімде мұндай басым бағыттар көп және процесті жақсарту туралы үнемі ойлайтын әріптестеріме алғысым шексіз.
Қазіргі заманғы қарқынды терапия барлық процестерді визуализациялауды қажет етеді. Бізге енді өз қолымызбен сезінетін немесе құлағымызбен еститін нәрсе жеткіліксіз (бірақ жалпы тексеру ережелерінен ешкім бас тартқан жоқ!). Біз пациенттің ішкі құрлысында (жүрек, өкпе, қан тамырлар және т.б) не болып жатқанын нақты уақыт ауқымында көзбен көре білуіміз керек. Ол үшін реаниматолог дәрігерлер рентген, КТ, МРТ, УЗИ құрылғыларын, науқасты күнделікті бақылайтын күрделі мониторлар мен лабораториялық зерттеу аппараттарын қолданады. Және осы құрылғыларды жетік қолдану мен нәтижелерді талдай білу біздің жұмысымыздың бір бөлігі.
— Клиникалық өлім жағдайындағы пациентке жан бітірген кезде олар қандай сезімде болады? Өзіңіздің пациентті тірілтіп алған кезде бастан кешірген қызықты оқиға болса, бөліссеңіз…
— Өкінішке қарай, әрдайым бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Кей науқастар біздің бүкіл күш-жігерімізге қарамастан дүниеден озады. Бағымызға орай, кейбір жағдайларда және өте жиі науқасты клиникалық өлім жағдайынан қайтара аламыз. Бұл реаниматологтар бригадасынан ерекше үйлесімді жұмысты және ерік-жігерін, білімін, салқынқандылығын талап етеді.
Науқас аман қалып, кейін сауығып кетсе, бұл — бәрімізге үлкен сый! Қазіргі таңда ауыр хәлде болып, сауыққан науқастар көптеген жылдар бойы бізбен байланыста және әр жыл сайын бізді мерекелермен құттықтауды ұмытпайды. Бұл кісілер біздің отбасымыздың бір мүшесіне айналған. Біз — үшін бұл өте тамаша сезім.
Жас дәрігер ретінде жұмысымның алғашқы жылында болған оқиғаны сіздермен бөліскім келеді. Қалалық перзентханада, операция барысында, көп қан кету себебінен пациентте клиникалық өлім тіркелді. Сол күні мен түнгі кезекшіліктегі жалғыз анестезиолог дәргер болатынмын. Гинеколог дәрігерлермен бірлесе жасаған іс-әрекетіміз науқасты өмірге қайта оралтты. Сол сәтте де, қазір де адам жанына араша түсе алғаным үшін бақыттымын.
Екі күннен кейін өз өзіне келген келіншекпен азды-кем әңгімелескен едім. Ол клиникалық өлім кезінде қараңғы тұңғиыққа құлап бара жатып, жарық сәулесі алшақтай түскенде менім жүзімді, бәлкім қорыққан бейнемді көріп қайта оралуға шешім қабылдапты. Міне, осындай оқиға басымнан өткен еді.
— Сұхбатыңызға рақмет!