Көгалдандыру шаралары кешеуілдетуді күтпейді

ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Кеше Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы тұрақты кеңес отырысы өткізіліп, аймақтағы көркейту-көгалдандыру мен үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанындағы бюджеттің орындалуы қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бірінші мәселе бойынша ҚР Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитеті облыстық департаментінің директоры Ерсұлтан Қуандықов хабарлама жасады. Облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі шешімін таппаған шаруа қатарында тұр. Ауыл мен аудан орталықтарын жоспарлы мерзімді тазарту жүйесі жасалмаған. Қызылорда қаласында біршама шаруалар істеліп жатыр, әйтсе де ол санитарлық талап бойынша жүзеге асуға тиіс жұмыстардың 35 пайызы ғана. Облыс орталығының қоқыс салатын контейнерлермен қамтамасыз етілуі 24 пайызға жетер-жетпес көрсеткішті құрайды. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын санитарлық талапқа сәйкестендіру мәселесін де айналып өтуге болмайды. Осыдан кейін аудан орталықтарындағы тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барысы жайлы облыс әкімі аппаратының басшысы Рзақұл Нұртаевтың хабарламасы тыңдалды. Облыс басшысы Болатбек Қуандықов хабарламаға байланысты аудан әкімдеріне түрлі сауалдар қойды. Облыс басшысы бұл орайда тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыру керектігін де еске салды. Елді мекендердегі электр, телеграф бағаналарын түзеп, жөндеу жұмыстары сол мекеме басшыларына жүктеледі. Ал әр тұрғын өз үйінің айналасын таза ұстауға міндетті. Және бұл жұмыстарды жүзеге асыруда көше үйлесімінің бұзылмауын назарда ұстаған жөн. Төңіректің тазалығына мін тағып қоя салу аз, сондықтан да тұрғындарды осы бағыттағы шараларға жұмылдырумен аудан басшылары жүйелі түрде айналысу керек. Біраз жылдардан бері аяқсу тапшылығынан көркейту-көгалдандыру маусымында тігілген мыңдаған шыбықтар бой алып кете алмай, қаржы рәсуа болып келді. Енді ондай жағдай қайталанбайды. Елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз етудің 1-кезеңі толығымен аяқталды. Аудан әкімдері әр ауылға аяқсудың толық жетуін қадағалап, ондағы көгалдандыру жұмыстарына баса назар аударуы қажет.