Оның сөзінше, жаңа камералар қоғамдық кеңістіктердегі құқық бұзушылықтарды, соның ішінде аялдама, қоқыс жәшігі, орындық және басқа да абаттандыру нысандарын бүлдіру, сондай-ақ қоғамдық орында масаң күйде жүру фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
– Бұл әрекеттер бойынша құқық бұзушыға ҚР Әкімшілік кодексінің 434-бабы бойынша хаттама толтырылады. 10 АЕК әкімшілік айыппұл немесе 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту көзделген, – деді Жәнібек Исаев.
Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК айыппұл салынады немесе 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады.
Қазір Астанада 60 мың бейнебақылау камерасы бар. Олардың көмегімен қоғамдық және коммуналдық мүлікті бүлдірген 143 адам жауапқа тартылған. Ал қоғамдық орындарды ластау бойынша 928 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Камералар вандализм фактілерін анықтауда да қолданылады.
– Жуырда Мемлекет басшысы вандализммен күресті күшейтіп, камералардың санын арттыруды тапсырды. Жалпы, вандализм ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабы бойынша қудаланады. Биыл Астанада бір ғана жағдай тіркелді. Ол Байқоңыр ауданында болған, – деді спикер.
Бейнебақылау жүйесі ел бойынша да кеңейіп келеді. Қазір Қазақстанда 1,6 миллионнан астам камера жұмыс істейді. Оның 90 мыңға жуығы полицияның Жедел басқару орталықтарына қосылған, ал 27 мыңға жуық камера деректерді автоматты түрде талдай алады.
Жасанды интеллект элементтері бар мұндай жүйелер іздеуде жүрген, бұрын қылмыс жасап жауапқа тартылған немесе жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан адамдарды анықтауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, Астананың 30 жастағы тұрғыны өлтірілгеннен кейін төрт полиция қызметкері жұмысына салғырт қарады деген күдікпен ұсталды.