Қоғамдық көлік жүргізушілерінің айлығы қанша

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының №3 автопаркінің басшысы Бауыржан Тілеубергенов қала ішінде қатынайтын қоғамдық көлік жүргізушілерінің айлығы қанша екенін айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Астана қаласында автобус жүргізушілерінің айлығы шамамен 350 мың теңге. Жүргізуші орташа есеппен қанша алу керек - сонша ақыны қазір олар (жүргізушілер - авт.) алып жүр. Сіздерге айтарым, осыншама ақша алып жүрсе де, жұмыс тәртібінің қиындығына байланысты көп адам жұмыс істегісі келмейді», - дейді ол.

Бауыржан Тілеубергеновтың айтуынша, жүргізушілердің айлығын міндетті түрде өсіру керек.

«Мен олардың айлығын өсіруге дайынмын. Әлбетте, егер тариф көтеріліп, жанар-жағармай мен қосымша саймандардың бағасы арзандаса...», - дейді автопарк басшысы.

Айта кетсек, 2014 жылға дейін Астанада қазіргі заңнамаларға сәйкес келмейтін автбустар (қолданыста жүргеніне 14 жылдан асып кеткен - авт.)  қатынап жүрген еді.  2014 жылы қоғамдық көліктер құрамы жаңартылып, ИВЕККО  маркалы 357 автобус сатып алынды. Мұнымен тоқталмай, елордаға 2015-2016 жылдары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тағы 380 автобус әкелінді. Қазіргі таңда қала ішіндегі 1140 автобус күніне 800 мың адамға қызмет көрсетеді.