«Ұлттық интернет қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Серікқазы Кәкібаланов латын жазуының үш артықшылығын тізбелеп берді: біріншіден, ұлттық әліпбиі латынға негізделген елде жастайынан латынша жазып, оқыған балаларға әлемдік деңгейге шығуға оңай болады. Екіншіден, латын әліпбиі бізге бауырлас Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан елдерімен ақпараттық технологиялар саласында ынтымақтасуға ыңғайлы. Үшіншіден, ақпараттық технологиялар мамандарына латынша жазу әрі оңай, әрі тиімді болады.
«Аялы алақан» қоғамдық қорының директоры Ирина Логвинова жаңа әліпбиге қатысты қатты алаңдап, бейберекетсіздікке бой алдырудың қажеті жоқтығын айтады. Оның пайымдауынша, бәсекеге қабілетті латын жазуының бізге берер мүмкіншіліктері мол. «Бүгінге таңда барлық халықаралық келіссөздер екі тілде жүргізіледі. Көптеген елдердің компьютерінде қазақ тілінің жоқ екені анық. Бұл жағдай көп қиындық туғызып келеді. Ал латынды енгізсек, ол мәселе шешіледі. Екінші артықшылық - қазақ әдебиетін күллі әлемге таратуға жол ашылады. Белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы: «...Біз халқымыздың ұлттық құндылықтарын көрсететін шығармаларымызды дүние жүзіне ұсына аламыз» дейді. Демек, шетелдік оқырмандардың қазақ тіліне деген қызығушылығы артады. Үшінші мүмкіндік - латынша жазған балаларымыз басқа халықтардың тілін тез меңгереді»,- деп түсіндірді мәселенің мәнісін И. Логвинова.
«Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының директоры, профессор, халықаралық сарапшы Дина Мұхамеджан латын әліпбиіне ауысу біздің халқымыздың мәдени мұрасын сақтауда маңызды қадам болып табылатына назар аударды. «Танымал мәдениет қайраткерлерінің көптеген материалдары, тарихи құжаттар латынша жазылған. Олар әлі күнге дейін жабық күйінде жатыр. Бұл мәдениет пен тарихтың орасан зор байлығы. Егер латынға көшетін болсақ, мәдениет пен ғылым бойынша аса маңызды деректерді, құжаттарды оқуға жол ашылады. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі көтеріледі»,- деп есептейді халықаралық сарапшы.
Оның айтуынша, латын әліпбиі әлемге жаңа Қазақстанды ашып береді және еліміз жаһандық мәдени кеңістікке интеграциялана түседі. - Түптеп келгенде, мұның бәрі қоғамдық санамызды жаңғыртуға, рухани жетілуге ықпалын тигізеді. Мұндай жағдай Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығын нығайтуға да, халықаралық беделін өсіруге де пайдалы,- дейді Д. Мұхамеджан.
«Бастамашыл жастарды қолдау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Д. Нұрбаев қазіргі кезде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге қолайлы жағдай жасалған деп есептейді. Себебі, мемлекет, барлық әлеуметтік топтар, жастар, бизнес және ғылым өкілдері латын графикасын қолданады. «Дамымаған тілдің келешегі жоқ. Сондықтан қазақ тілін дамыту үшін латын әліпбиіне көшіруіміз керек. Латын әліпбиі - бүгінгі замандағы коммуникацияның құралы. Қазақ тілін латынға ауыстырсақ, ол одан әрі байи түседі. Ең бастысы, тілдік жүйенің өз ерекшелігі сақталуы тиіс. Ал, қазір жаһандық ақпараттық кеңістікте көшбасшыға айналған латынға ауыссақ, бәсекеге қабілеттілігіміз артатыны сөзсіз»,- деген ұстанымын білдірді Д. Нұрбаев.
«Qadam Intech» қоғамдық қорының жетекшісі Мақсат Дүйсебаев: «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру - бұл біздің жаһандық білім беру мен ғылым жүйесіне, сондай-ақ, рухани бірлігімізді қамтамасыз етуге жасаған қадамымыз болмақ. Көптеген түркітілдес мемлекеттер баяғыда латын қарпіне көшкен. Бұл реформа қазақ тілін жетілдіріп, көш басындағы тілдердің қатарына қосатынына кәміл сенеміз»,- деп есептейді.