«Көксеген арман» тұрғын үй кешендерінің құрылысына мемлекет көмектеспек

АҚТАУ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтау қаласында «сақалды» құрылысқа айналып, үлескерлері үшін үлкен дау туғызған «Көксеген арман-1» және «Көксеген арман-2» тұрғын үй кешеніне мемлекет көмектесетін болады.

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасының бастығы Әділбек Дауылбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Облыс басшылығы соңғы уақытқа дейін «Инком Құрылыс» компаниясы жетекшілері бұл мәселені үлескерлерімен өздері шешетін болар деп күткен еді. Бірақ, үлескерлердің құқығы аяққа тапталып жатқандығына көзіміз жеткен соң, облыс әкімі өз төрағалығымен прокуратура, қаржы полициясы, әділет басқармасы, соттар әкімшілігі бірінші басшыларының және үлескерлер өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өткізді. Осы жиында облыс әкімі бұл мәселені шешу тетігін ұсынды. Жиналғандардың қарауына түсіп, қабылданған бұл тетік бойынша үлескерлерден құралған тұрғын үй-құрылыс кооперативін құруға кеңес берілді. Ол ұйым сот арқылы құрылыс жұмыстарын бітіруге және компанияның өзгедей де мүліктеріне құқық алуы керек», дейді басқарма бастығы. Соның негізінде аталған нысан үлескерлерінің «Алтын бесік» тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрылып, әділет органдарында тіркелді. Ақтау қалалық прокуратурасы кооперативтің мүддесіне сотқа жалпы сомасы 2 349 902 726 теңге болатын талап-шағым беріп, бүгінде ол Маңғыстау облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында қаралуда. Ал, мемлекет тарапынан нысан құрылысын жалғастыруға қаржы бөлінбек. Құрылыс жұмысына керек қаржының 50 пайызы бірден аударылып, құрылыс жұмыстары бастала бермек. Ал қалғаны үлескерлер арасындағы пәтерлеріне жарнасын толық салмаған үлескерлер ақшасын түгел қайтарған жағдайда аударылмақ. Соңғы өзгерістер пәтерлер бағасына әсер етпейді, дейді мамандар.