Бұрынғы Капцевич көшесіне Бəйкен Əшімов есімі берілсе, Куйбышев көшесі Мақтай Сағдиевтің есімімен аталатын болды.
Салтанатты шараға аймақ басшысы Мəлік Мырзалин, Бəйкен Əшімов пен Мақтай Сағдиевтің ұрпақтары жəне қала тұрғындары қатысты.
«Соңында өлмес сөздері, өнегелі істері қалған Бəйкен Əшімов пен Мақтай Сағдиев есімінің Көкшетау көшелеріне берілуі - ұлы тұлғаларымыздың есімін ел есінде сақтауға жасалған жақсы қадам. Олардың істеген істері мен атқарған қызметтері - бүгінгі жастар үшін үлгі өнеге», - деп атап өтті М.Мырзалин.
Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов ақмолалықтардың санасында өшпес із қалдырған тұлғалардың есімін есте сақтау жолындағы игі істеріне ризашылығын білдіріп, осы салтанатқа орай жолдаған жүрекжарды лебізін айтып берді.
Сонымен қатар, Б.Əшімовтың ұлы Оңдасын Әшімов пен М.Сағдиевтің қызы Ғалия Сағдиева осы істің басы-қасында жүрген, жақсы іске мұрындық болған аймақ басшысы Мәлік Мырзалинге ақ алғысын айтып, әкелерінің есімінің ел есінде сақталуы оның ұрпағы үшін ғана емес, барша қазақ халқы үшін қуаныш екендігін айтты.
Мақтай Сағдиев 1929 жылы 12 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Семей педагогика институты мен Алматы жоғары партия мектебін бітірген Мақтай Сағдиев 1971-1983 жылдар аралығында Торғай, Қостанай облыстық атқару комитеттерінде төраға орынбасары, Қазақ ССР балық шаруашылығының министрі, Көкшетау облыстық компартия комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарын атқарды. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі, Қазақ ССР жоғары кеңесі президиумының төрағасы болып сайланды.
1991 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының ардагерлер кеңесі» ҚБ орталық кеңесінің төрағасы міндетін атқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Совет Үкіметі мен Қазақстан Республикасының бірнеше мемлекеттік наградаларының иегері.
Бәйкен Әшімов 1917 жылғы 10 тамызда Ақмола облысы Рузаев ауданындағы Шабақбай ауылында дүниеге келген. Әртүрлі жылдарда Павлодар теміржол фабрика-зауыт училищесін, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ленин агрономдық-зоотехникалық ауыл шаруашылығы техникумын, Ленинград зоология-фитопатология институтын, сондай-ақ СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді.
Бәйкен Әшімов 1938 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Солтүстік-Батыс, Батыс, I-Беларусь майданында соғысқа қатысып, Варшава үшін шайқасты, екі рет ауыр жарақат алды.
Соғыстан кейінгі жылдары Б.Ә.Әшімов Көкшетау облысындағы Айыртау аудандық атқару комитетінің хатшылығынан облыстық партия комитетінің екінші хатшысына дейін әртүрлі қызметте болды. Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Талдықорған облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. ҚР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы - КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, СОКП Орталық Комитетінің мүшесі, VIII және IX шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Социалистік Еңбек Ері атағының иегері, 4 рет Ленин орденімен, басқа да ордендермен және медальдармен марапатталған.