09:21, 17 Сәуір 2009
Көкшетау университетінде «Қытай жазбасының тарихы» көрмесі ашылды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетау университетінде Елбасының Қытай еліне ресми сапары аясында «Қытай жазбасының тарихы» атты көрме ұйымдастырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Төрт мыңжылдық тарихы бар қытай жазбасының әріп емлесі, тыныс белгілері, дыбысталуы жайында мол мағлұмат беретін іс- шара көпшілік көңілінен шығып отырғаны сөзсіз. Қытай жазбасы өз тарихында тек үкіметтің араласуымен 1956-шы жылы ішінара өзгерістер енгізіліп, жеңілдетілген. Соның өзінде оның әліпбиі 2238 белгіден тұрады. Іс -шараға қатысқан ҚР-дағы Қытай Халық Республикасы Елшілігінің екінші хатшысы Ли Джи көрменің өзіндік ерекшелігін ризалық сезіммен атап көрсетті. Қарапайым көрме арқылы қытай ироглифінің тарихы мен дамуы көпшілікке түсінікті жеткізілген. Тіпті, мейман екі ел жазбасының бірқатар ұқсастығы барлығын атап көрсетті. Өз кезегінде Елшілік өкілі қазақ тілін меңгере бастағанын айтты. Бұған дейін айтулы оқу орнында қытай мәдениеті орталығы ашылған болатын. Ал оның филиалы Астанада да өз жұмысын жалғастырмақ. Білім беру бағдарламасы аясында екі елдің - Көкшетау университеті, Шынжаң мемлекеттік педагогикалық университеті мен Шынжаң қаржы және экономика университеті студенттер алмасып, тілдік курстар және басқа да мәдени шараларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.