Облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен "Жұлдыз" балалар қоғамдық ұйымы ұйымдастырып отырған шара «Балалар үшін әуеде қалықтау" (Flying High For Kids) халықаралық жобасы және БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Германиялық интернационалды одақтың атқарушы директоры Урузула Шаде және "Жұлдыз" балалар қоғамдық ұйымының президенті Елена Дмитриенко қатысты. Аталған акция әлемнің 10 астам елінде өтті. Осынау шараға өзінің жүк көлігімен арнайы келіп қатысқан аталған жобаның жетекшісі Эндрю Паркердің еңбегі атап өтуге тұрарлықтай. Форум барысында мейман Қазақстанда, оның ішінде Ақмола облысында балалар қозғалысы туралы өзінің әсерімен бөлісті.
"Бүгін осынау шараға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Өңірлеріңізде балалардың қоғамдық қозғалысы қарқынды дамыған. Сондай-ақ, балалық шақтың түйткілді мәселелеріне коғамның көзқарасы дұрыс қалыптасқан. Бүгін менің мақсатым - осы балалар мәселесіне қоғамның назарын аудару", дейді Эндрю Паркер.
Шара барысында "Көкшетау" мәдениет сарайында «Біз-Қазақстан балаларымыз!» балалар қоғамдық ұйымы жетістіктерінің көрмесі, "Әлем балалардың көзімен" көрмесі өтті. Сондай-ақ, 32 метрлік әуе шары орнатылды. Осындай акцияны алдағы төрт жылдың ішінде әлемнің 100 астам елінде өткізу жоспарланып отыр.