Көкшетауда «Қансонар-2015» республикалық турнирі мәресіне жетті (ФОТО)

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Бұқпа тауының бөктерінде Тәуелсіздік күніне және атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналған құсбегілер арасындағы «Қансонар-2015» республикалық турнирі өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Иісі қазаққа ортақ спорт сайысына Атырау, Павлодар, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан жиырма үш бүркітші қатысты. Турнирді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов ашып, жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

«Бұл сайыстың біздің өңірде өтіп жатқанына он жылдың жүзі болды. Еліміз тәуелсіз мемлекет атанғаннан бері ұлттық спортқа баса назар аударыла бастады. Елбасы бір сөзінде біз өзімізге жақын ұлттық құндылықтардың сақталуын қадағалау қажеттігін айтқан болатын. Сол себепті, ұлттық спортты дамыту, жас толқынға насихаттау - біздің басты мақсатымыз», - дей келе Нұрлан Нұркенов қатысушыларға сәттілік тіледі. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша бүркіт баптаушылар арасында Жамбыл облысының намысын қорғаған Бақдәулет Бабажан сыннан сүрінбей өтіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды жерлесіміз Қанат Шөленбаев пен астаналық Арманбек Күнтуған өзара бөлісті.