Көкшетауда күшті дауыл 25 тонналық кранды құлатып кетті

КӨКШЕТАУ. 8 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетауда 7 қарашада түнгі 3 сағат 24 минутта Әуелбеков көшесі бойындағы алты қабатты тұрғын үй құрылысы жанындағы кран қатты соққан желден құлап түсті.

«Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын диспечерлік қызметі суыт хабарды алысымен зақым келтірілген 500 миллиметрлік жылу құбырын қалпына келтіру үшін бірнеше көпқабатты үйлерді жылудан айыруларына тура келді. Орталық жылу құбырының айырғыш тетігі істен шыққан болып шықты. Жеке кәсіпкер тұрғызып жатқан тұрғын үй құрылысы жанындағы ДЭК-261 маркалы 25 тонналық кран қатты жыл екпініне төтеп бере алмаған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынған деректерге сәйкес, қала кәсіпорындары мен ұйымдары табиғаттың тосын жағдайы турасында алдын ала хабарлағанмен жергілікті жерде еш шара қолданылмаған. Абырой болғанда адам шығыны тіркелген жоқ.