Көктемгі каникул күндері Өскеменде жасөспірімдерге арналған профилактикалық лагерь ашылуда

ӨСКЕМЕН. 21 наурыз. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Өскеменде Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның базасында профилактикалық лагерь ашылды.

Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресудің аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынып отырған бұл бастамаға облыстық білім басқармасы ұйытқы болып отыр.

Каникул күндері, 21-26 наурыздың аралығында, бұл лагерьде Абай, Зайсан, Жарма, Көкпекті, Тарбағатай және Үржар аудандарынан 150 бала демалады. Жасөспірімдерді белсенді демалысқа тарту, оларды салауатты өмір салтына және спортпен айналысуға баулу үшін, лагерьде балалармен Азиялық ойындардың жүлдегерлері, спорт шеберлері, инспекторлар, наркологтар, салауатты өмір салты орталығының мамандары кездесулер өткізеді.

Балалар үшін сондай-ақ түрлі зияткерлік ойындар, тренингтер, пікірсайыстар, мұражайға, саябақтар мен кинотеатрларға серуендер ұйымдастырылады. Сондай-ақ балалар Наурыз мейрамына арналған шараларға да қатысады.