«Әрине, су тасқыны басталғалы бері адамдардың қайтыс болғаны өкінішті. Иә, ондай жағдайларға сан алуан себептер түрткі болды. Дегенмен, біз ескерту жасадық. Бұған дейін талай рет ақылдастық. Соған қарамастан қазіргі шаралар жеткіліксіз деп ойлаймын. Егер бір жерде су тасқыны қаупі жоғары болса, ескертумен шектелмей, бірден бақылау бекеттерін орнатып, жол қозғалысын тоқтату қажет. Адамдар «Тәуекел!» деп, жолға шығып кетеді. Аман қаламыз деп ойлайды. Адамның псиxологиясы сондай. Жолға шығуға болмайды, далада қауіпті деп қатаң айтпайынша... Енді, біз апта сайын жиналып, осы мәселені талқылап отырамыз. Алайда адам шығыны бар. Өте өкінішті...», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Дәл осы мәселе бойынша Үкімет басшысына есеп берген еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында су тасқынының қаупі күшейе түседі. Сондықтан да еліміздің апаттан құтқару қызметтерінің негізгі бөлігі солтүстікке шоғырландырылуда.
«Соңғы кездері Қарағанды облысындағы жағдай күрт қиындап кетті. Осы уақытқа дейін жеті елді мекенде 33 үйге су кірді. 397 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бүгінде біраз үйлерден су шығарылды. 361 адам қайта үйлеріне оралды», - деді ол.
Оның айтуынша, республика бойынша 46 жол учаскесі судың астында қалды. Соның ішінде 43 - автомобиль жолы, 3-уі - теміржол. Теміржол желісі жөнделді, пойыз қатынасы жүріп жатыр. Автомобиль жолдарының біраз бөлігінде де көлік қозғалысы қайта ашылды. Әзірше 11 учаскеде апаттық шаралар атқарылып жатыр. Өкінішке қарай, адам шығыны болды. Қарағанды облысында су басқан жолмен келе жатқан УАЗ көлігі аударылып кетті. 11 адам өз күшімен аман қалды. Үш адам суға батып кетті. Дәл осы жерде қауіпсіздік шараларын сақтамаған тағы екі адам өзеннен атпен өтеміз деп суға батқан.
Қазақстанда лаңкестікке қарсы шаралар күшейтілді
Үкіметтің бұл жолғы отырысында қаралған тағы мәселе Ресейдің Санкт-Петербург қаласы метросында орын алған теракті жайы болды. Бұл жантүршігерлік оқиғаның Қазақстан Үкіметінде қаралуының басты себебі бар еді. Өйткені, көптеген бұқаралық ақпарат құралдары істің байыбына бармастан сол терактіде құрбан болған Санкт-Пебербург экономикалық университетінің 3-курс студенті қазақстандық Максим Арышевты лаңкестердің қатарына қосып байбалам салған еді. Алайда, тергеу амалдарынан кейін оның да сол метрода опат болған 14 азаматпен бірге терроршылардың құрбаны болғаны анықталған-ды.
Сонымен Министрлер кабинетінде лаңкестік мәселесіне қатысты сөз алған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков өткен жылы Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметімен бірлесе отырып, сол елдің аумағында үш террористік актінің жолын кескендіктерін, ал Қазақстан аумағында жоспарланған 12 лаңкестік және зорлық-зомбылық акцияның алды алынғанын еске салды.
«Мәселен, Мәскеуде мамыр айындағы мерекелер кезінде Шелков тас жолында бірлескен шараны өткіздік. Бұдан бөлек, жылдың басында Орталық Ресей аймақтарында бірқатар актілерге, сосын жылдың соңында бір қауіпті әрекетке жол берілмеді», - деді ол.
Жалпы, оның айтуынша, Қазақстан азаматтарының арасында деструктивті ағымдардың жетегіне еру де бәсеңдер емес. Әрине, мемлекет тарабынан радикалды ағымдарға қарсы насихат жұмыстары жүргізілп жатқаны белгілі. Бірақ, мұндай жұмыстардың көрсеткіші 10 пайыздан аспай отыр. «Осыған байланысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Алдымен радикалды идеялар мен көзқарастарға берілгендер арасында ол жұмысты кеңінен жүргізген жөн. Сөйтіп, экстремистік идеологияның әлеуметтік негізін бұзу қажет. Әсіресе, салафизмнің жақтастары арасында түсіндіру шараларын күшейткен дұрыс. Себебі дәл осы идеология жаңа радикалды топтардың негізі болып саналады», - деді Білісбеков.
Айта кетерлігі, Үкімет отырысынан кейін тілшілерге сұхбат берген ол Санкт-Петербургтегі терактіге байланысты елімізде де қауіпсіздік шараларының күшейтілгендігін баса айтты. «Әрине, шекарада тексерістер күшейтіледі, Алматы метрополитенінде, көлік нысандары, шекарадағы өткізу бекетттері - барлығында қауіпсіздік шаралары қатаңдатылады. Біз кез келген ақпаратты жедел тексеру шараларын қолға алдық», - деді ҚР ҰҚК басшысының орынбасары.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен 2017-2020 жылдарға арналған Терроризммен күрес мемлекеттік бағдарламасы жасалуда. Аталған құжат таяу уақытта ел Үкіметінде таныстырылмақ.
Ескірген атауларды тарихи жер-су атаулармен өзгерту жұмыстар жүргізілуде
Үкімет отырысында қаралған ең басты мәселе Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 2-кезеңінің іске асырылу барысы болды. Бұл мәселеге қатысты ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының есебі тыңдалды. Оның айтуынша, Тіл саясаты «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінгі күні бағдарламаның екінші кезеңі аяқталды. «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, оқытудың үштілді моделін дамыту міндетімен толықтырылды. Жыл сайынғы жүргізілген зерттеу нәтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруінде оң динамиканы көрсетті. 2016 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 82,3 процентті құрады. Үштілді меңгерген халықтың үлесі де жақсарып келеді. Ересек тұрғындар мен 12-17 жас аралығындағы оқушыларды қоса алғанда үштілді меңгеру 20,5 процент болып отыр.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында, оқу-әдістемелік құралдар, салалық сөздіктер, әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптар және тағы да басқа барлығы 88 баспа жобасы жарық көрді. Оның ішінде өзге тілдерде шығарылған жобалар саны - 24. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістемелері «Қазақ сөзі» оқу құралдары әзірленіп, көпшілікке ұсынылды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымның үлесі 91 процент құрап отыр. Дегенмен, Статистикалық-есеп және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге көшпеу фактілері бар»,- деді министр.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыруда терминология және ономастика мәселелерінің орны ерекше. Бұл бағытта мақсатты жұмыстар жүргізілді. Есептік кезеңде 8 мыңнан аса термин бекітілді. 2014 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес халық арасында әркелкі қолданылып, қоғамда келеңсіздіктер тудырған бірқатар терминді Терминология комиссиясы қарап, бекітті.
«Мысалы 2014 жылдың желтоқсанында ауызекі тіл қолданысындағы шаптырма, бұрқақ, субұрқақ - фонтан, күйсандық - фортепиано, күйсандық - пианино, оташы - хирург, мұражай - музей, қисын - логика, сазгер - композитор, ғаламтор - интернет болып бекітілді. Сондай-ақ Терминкомда бекітіліп, жарыспалы түрде қолданылып жүрген бірқатар термин қайта қаралып, реттелді. Мысалы: мұрағат - архив, мәселе - проблема, үдеріс - процесс болып қайта бекітілді. Ағымдағы жылы Терминкомда бірқатар халықаралық терминді қайта қарау жоспарланып отыр. Олар: пайыз - процент, әнұран - гимн, иегер - лауреат терминдері», - деді Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, ономастика мәселелері бойынша бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Үш жыл ішінде республика бойынша 239 объект, 492 көше, 90 станция атауына оң қорытынды берілді.
«Сонымен қатар елдегі көше, елді мекен атауларына талдау жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша республика көлемінде кейбір ауылдар мен көптеген көшелердің идеологиялық тұрғыдан ескіргені және атаулардың қайталанатыны анықталды. Осы ретте Елбасының тапсырмасына сәйкес, идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде», - деп түйіндеді сөзін ол.