Көктемгі су тасқынына қазірден бастап дайындалу қажет - Н. Назарбаев

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада 2012 жылдың қорытындысына және «Қазақстан -2050» стратегиясын жүзеге асыруға арналған кеңейтілген отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев су тасқыны қаупін алдын алу шараларына дайындалуды тапсырды.

«Қазірден бастап су тасқынына дайындалуымыз керек. Былтыр да осындай жағдайды көргенбіз. Қар көп, сондықтан су тасқыны болуы мүмкін»,-деп атап өтті Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкімет және барлық облыстардағы әкімдіктер өз тарапынан тиісті шаралар қолдануы қажет екенін қадап айтты. «Былтырдан бері ауа райы бізді сынаққа алып жатыр. Өткен жылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Сонымен қатар қыстың қысымшылығы Жамбыл облысындағы Қаратау, Жаңатас қалаларында біраз қиындықтар тудырды. Бірақ ел іші тыныш болса, түйіні тарқамайтын түйткіл жоқ. Біз зардап шеккендерге мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсететін боламыз»,-деп түйді Н. Назарбаев.