ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңақала аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК 106-бабы 3-бөліміне сәйкес абайсызда адам өліміне соқтырған қасақана ауыр дене жарақатын салғаны үшін Б.Кенжеғалиев айыпты деп танылып, сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Жаңақала ауданындағы Еділсор көлінде күзетші болып жұмыс жасайтын Б.Кенжеғалиев пен А.Ержанов сол маңға келген автокөлікті тексеру үшін тоқтатады. Көп ұзамай жәбірленуші мен А.Ержанов сөзге келеді. Сол кезде Б.Кенжеғалиев жәбірленушіге екі мәрте оқ атады, соның салдарынан ол аудандық ауруханада көз жұмады.
Сот үкім шығарған кезде қылмыстың сипаты мен ауырлығын, сотталушының жастығын, жұмыс орнынан берілген оң мінездемесін, сондай-ақ жәбірленуші өкілінің пікірін ескерді. Материалдық және моральдық залал өндіру жөнінде азаматтық талап-арыз түскен жоқ.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).