Қола дәуірінен орта ғасырға дейін: Алматыда бірегей жәдігерлер көрсетілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы ҚР Ұлттық музейінде Орталық Қазақстан аумағындағы қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей жәдігерлер қойылған көрме ашылды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

«Өткеннің өнегесі — бүгіннің белесі» атты көрме Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп ұйымдастырылды. Іс-шара Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрылғанына 80 жыл толуына арналған.

Ұлттық музейдің археология бөлімінің ғылыми қызметкері Ольга Мякишева экспедиция тарихы мен ұсынылған жәдігерлер туралы айтып берді. Оның сөзінше, 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылып, оның негізінде Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізетін институт ашылды. Бұл бағытты Әлкей Марғұлан басқарды.

— Ол кезде индустрияландыру мәселесі талқыланып жатты және пайдалы қазбаларға бай Орталық Қазақстан оның маңызды орталығы болды. Геологтармен бірге археолог-ғалымдар да зерттеу жүргізуі тиіс еді, өйткені кен өндірілетін орындардан көне қазба жұмыстарының іздері табылды. Өнеркәсіпті дамытуға үлес қосу үшін археологиялық зерттеулерді де жүргізу қажет болды. Осылайша, 1946 жылы Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы құрылды, — дейді Ольга Мякишева.

Ә.Марғұланмен бірге ортағасырлық ескерткіштерді зерттеудің алғашқы жұмыстарына археолог А.Пацевич қатысса, қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеуге Ленинградтан шақырылған жас ғалымдар Т. Н. Максимова мен Н. М. Спасская үлес қосқан. 1950-60 жылдардың соңында топ құрамы М.К.Қадырбаев, А. Х. Оразбаев және Н. М. Сенигова сияқты зерттеушілермен толықты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Біздің экспозициямыздан Қазақстанның жетекші археологтары бейнеленген фотосуреттерді көруге болады. Бұл экспедиция бір жағы мектеп болды: Марғұланның жетекшілігімен тарихшылардың, археологтар мен этнографтардың академиялық базасын қалыптастырды. Көрмеде экспедиция құрудың маңыздылығын растайтын құжаттар, Әлкей Хақанұлының өмірбаяны, зерттеуші М. Н. Клапчуктың жазбалары, Қ. Ақышевтың жетекшілігімен археология бөлімінің материалдары ұсынылған, — деді ол.

Көрмеге Ұлттық орталық музейінің қорына өткізілген материалдар қойылған. Музей қорындағы Орталық Қазақстан экспедициясының коллекциясы 2 мыңнан асады. Экспозиция тас және қола дәуірінен бастап, ерте темір дәуірі мен орта ғасырларға дейінгі кезеңдерді қамтиды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Алғашқы экспедицияның маңызды жаңалықтарының бірі — Беғазы және Дәндібай аудандарындағы қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын ескерткіштер болған. Көрмеде Беғазы-Дәндібай мәдениетінің жебе ұштары ұсынылған. Бұл жәдігерлер тайпалардың бірігуі мен өзара қақтығыстарын айғақтайды, билік үшін күрестің басталуын және әлеуметтік құрылымның қалыптасуын көрсетеді.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Ал металлургияның дамуын темір құю формалары, шөміштер, әшекей бұйымдар жасауға арналған зергерлік балғалар дәлелдейді. Сүйектен оюлап жасалған төс тәріздес бұйым, сондай-ақ бұлан мүйізінен жасалған заттар, түрлі бойтұмарлар мен күн белгісі түріндегі әшекейлерге ерекше назар аударылған. Оларды қола дәуіріндегі әйелдер киімінің реконструкциясынан көруге болады.

Экспедиция барысында ең көп табылған материалдарының бірі — қыш ыдыстар. Олардың пішіндері әртүрлі және қола дәуіріне тән геометриялық ою-өрнектермен, сондай-ақ күн белгісімен безендірілген. Кейбіреулерінен ыдыс сынған кезде оны жөндеген іздерді көруге болады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Табылған олжалардың ішінде ыдыстарды жөндеуге арналған қапсырмалар, кенді ұсатуға арналған тас балғалар бар. Қола дәуірінде халықтың едәуір бөлігі егіншілікпен айналысқан. Мұнда түрлі құралдар, мысалы: кетпен, зығыр немесе қарасора өңдеуге қатысты сүйек бұйымдары ұсынылған.

Климаттың өзгеруіне байланысты халық жартылай көшпелі өмір салтына ауысқан. Бұл 1966 жылы археолог Мир Қадырбаев ашқан Тасмола мәдениетінің олжаларынан көрінеді. Мұнда металдан жасалған ат әбзелдерін көруге болады. Одан бөлек музейде құрбандық шалуға арналған заттар да бар. Көне сақтар күнге табынған және бұл заттарды діни рәсімдер үшін пайдаланған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Экспозиция құрамына бірегей ортағасырлық олжалар да енген. Нұра өзені бойындағы жауынгер жерленген кешен (1947–1949 жж. қазба жұмыстары) — ең жарқын экспонаттардың бірі. Онда жібек киімдер, аяқ-киім қалдықтары, күміс тостаған, маңдайша, ауыздық, қорамсақ жапсырмалары, қайың қабығынан жасалған қорамсақ үзінділері табылды. Бұл жәдігерлер Алтын Орда кезеңіне жатады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Сол кездегі алғашқы экспедиция оңтүстік арқылы, Бетпақдаламен, Орталық Қазақстан бойымен бағыт алды. Ол Ұлытаудағы сәулет ескерткіштерін: Жошы хан, Болған ана, Жұбан ана кесенелерін зерттеді. Көрмеде ең алғашқы археологиялық экспедицияның қазба жұмыстары: түпнұсқа кірпіштер, жазулар мен рулық таңбалар ұсынылған. Сондай-ақ қолдарына ыдыс ұстаған IX–XII ғасырлардағы тас мүсіндерді көре аласыздар, — деді Ольга Мякишева.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Көрмеде Әлкей Марғұлан мен басқа да зерттеушілердің басылымдары мен ғылыми еңбектері де бар. Бұл бағыттағы зерттеулер бүгінде де жалғасып жатыр.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық музейдің жаңа залына Алтын Орда дәуірінің жәдігерлері қойылғанын жазғанбыз.