Көлік инфрақұрылымы экономика мүмкіндіктерін кеңейте түсуге сеп болуы керек

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде көлік шаруашылығы еліміздің жалпы ішкі өнімінің 7,3 пайызын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, осы салада 572 мың адам жұмыспен қамтылған. Яғни, ел экономикасы үшін көлік саласының орны бөлек. Сондықтан да, Мемлекет басшысы «Қазақстан - 2050» Стратегиясында еліміздің көлік және коммуникация саласын дамытудың басты бағыттарын да айқындаған болатын. Шындығында экономиканың күретамыры саналатын көлік инфрақұрылымы саласын дамыту елдік өсуге үлкен әсер ететіні белгілі.

Әлбетте, соңғы жылдары бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылды. Басқасын айтпағанда бір ғана «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің арқасында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, халық жұмыспен қамтылды. Дегенмен, көлік инфрақұрылымын дамыту саласында әлі де қыруар жұмыстар атқаруды қажет етеді. Ал бұл саланы дамыту тұтастай ел әлеуетін жақсартып, ауыл мен қаладағы қауымның тұрмысын жақсарта түсетіні ақиқат. Сондықтан да, бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында халық қалаулылары еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқыға салған болатын.

Депутаттар алдында баяндама жасаған Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, өткен жылы республикалық маңызға ие жолдардың 5,5 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Нәтижесінде жалпы, жолдардың жағдайы 4 пайызға жақсарды. Бұл өз кезегінде транзиттік тасымалдың 20 пайызға артуына ықпал етті. Ал ағымдағы жылы республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың 9 мың шақырымын жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланады. Атап айтқанда, «Бейнеу - Шетпе» (Астана -Ақтау а/ж), «Семей - Қалбатау» (Астана - Өскемен а/ж), «Көкшетау - Петропавл» (Астана - Петропавл а/ж), «Қапшагай - Талдықорған» (Алматы - Талдықорған а/ж) учаскелерінде құрылыс жұмыстары басталды.

Ал халықтық мегажобаға айналған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне келсек, оның аясында 2012 жылы 700 шақырым жаңа жол көлік қозғалысы үшін ашылған. Бұл 121 елді мекен бағыты бойынша сенімді көлік қатынасын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, 24 елді мекенді айналып өту жолдарының құрылысы мен 2 қауіпті өткел (асу) жолдарын қайта салу қауіпсіз және үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. «2013 жылы Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы қалған учаскелерді құрылыс жұмыстарымен қамтамасыз етіп, халықаралық көлік дәлізінің 806 шақырымын қолданысқа беру көзделуде», - дейді министр.

Су көлігі саласына келсек, өткен жылы Ақтау порты арқылы 11 мың тонна мұнай мен құрғақ жүктің тасымалданып, өндіріс жоспары 105% орындалған. Ағымдағы жылы порттың өндіріс процесін автоматтандыру жоспарда бар, автоматтандыру нәтижесінде жүкті өңдеу уақыты айтарлықтай қысқаратын болады. Сонымен бірге, алдағы жылдары Ақтау портының өткізу қабілеттілігі мен бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мақсатында жобалау қуаттылығы жылына 2,5 млн тонна құрғақ жүкті құрайтын 3 терминал салу көзделуде.

Министр тоқталған тағы бір сала - темір жол. Мәліметтерге қарағанда, былтыр еліміздегі теміржол саласындағы жүк тасымалы 294,7 млн. тоннаны, ал адам тасымалы 23,5 млн адамды құрады. Бұдан бөлек, былтырғы жылы Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл темір жолдарының құрылыстары басталып, ол қарқынды түрде жалғасқан. «Жүк тасымалдау қызметінің сапасын жақсарту және тасымалмен қамтамасыз ету мақсатында пойыздардың жүру кестесі мен жүк жөнелтушілер өтінімдерін «бір терезе» қағидаты бойынша рәсімдеу автоматтандырылды. Жаңа вагондар сатып алынып, 675 шақырым темір жол күрделі жөндеуден өтті. Биыл Астана-Алматы жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы басталады», - дейді А. Жұмағалиев. Сонымен қатар, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 102 жаңа вагондар сатып алынып, 82 вагон ыңғайлылығы жоғары қалыпқа келтірілген.

Сонымен қатар, министр баяндамасы барысында еліміздегі азаматтық авиацияның ахуалы жайына да тоқталып өтті. Айта кетерлігі, 2008-2013 жылдары, яғни соңғы 5 жылда елімізде 21 авиациялық оқиға орын алған. «Бұл ретте техниканың бұзылуынан - 3, сыртқы факторлар әсерінен (ауа райының әсері, құстардың кедергі болуы) - 3, ал ұшу техникасы ережелерін бұзғандықтан, яғни адам факторынан 15 оқиға орын алып отыр. Осыған орай, ұшуларда адам факторынан болатын жағдайларды төмендету мақсатында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік жұмысын қадағалау үшін былтыр Үкімет басшысының өкімімен ИКАО аудитінің ескертпелерін жою жөнінде ведомствоаралық жоспар бекітілген. Сонымен бірге, ИКАО-ның Техникалық ынтымақтастық бюросымен техникалық және кеңес беру туралы келісім жасалды», - дейді А. Жұмағалиев. Министрдің айтуына қарағанда, бүгінгі күні Мәжілісте көлік мәселелеріне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Онда да авиацияға қатысты өзгерістер енгізу қаралады. Ең бастысы, биыл еліміздегі авиакомпаниялар мен әуе кемелері ИКАО стандарттарына сәйкес, аталған ұйым өкілдерінің қатысуымен қайта сертификаттаудан өтеді. «Сертификаттар бойынша жолаушы тасымалымен тұрақты айналысатын авиакомпаниялар міндетті түрде IOSA-ның аудитінен өтеді. Бұл ретте ИКАО-ның болжауы бойынша қайта сертификаттау нәтижесінде кейбір авиакомпаниялар өз жұмысын тоқтатуы ықтимал. Бұл ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қазақстан авиациясының «қара тізімнен» шығуына ықпалын тигізетін болады», - дейді А. Жұмағалиев.

Жалпы, министрдің мәліметіне қарағанда, Қазақстан көлік саласын дамытуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Бұл рас. Дегенмен, депутаттар бұндай жағымды көрсеткіштерге қарамастан аталмыш бағытта әлі де кейбір шешілмеген мәселелер бар екенін және олар саланың даму тиімділігіне кері әсер етіп отырғанын алға тартады. Соған орай, Үкімет сағаты аясында көлік инфрақұрылымы мен сервистің жай-күйіне қатысты мәселелер көтеріліп, бұл салаға бақылау деңгейін арттыра түсу жайы да сөз болды.

Мәселен, депутат Сейітсұлтан Әйімбетов бүгінгі таңда Қазақстанда қозғалыс жылдамдығының азаюы, жолаушылардың жолда болу және тауарларды жеткізу уақытының ұлғаюы, көліктік пайдалану шығыстарының артуы және ең сорақысы жол апатының көбеюі орын алып отырғанын алға тартады. «2011 жылмен салыстырғанда, 2012 жылы жол-көлік оқиғаларының саны 18 пайызға өсті. 14 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 3 мыңнан астам адам қайтыс болған. Соңғы 5 жылда көлік саны көбейіп, 4 млн. бірлікке жетті. Олардың 80 пайызынан астамының пайдаланылу мерзімі 7 жылдан асқан. Бұл ретте жолаушыларды автокөлікпен тасымалдау үлесі 99,1 %-ды құрайды. Осыған байланысты республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, қайта жөндеу және жөндеу кезінде орындалатын жұмыстардың, қолданылатын материалдардың сапасын бақылауды күшейту қажет. Бұл жерде жол қозғалысы қауіпсіздігінің аудиті институтын енгізу, сондай-ақ қоғамдық бақылау жүйесін дамыту керек. Бұған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысын үлгі етіп алған жөн», - дейді депутат С. Әйімбетов.

Бұдан бөлек, талқылаулар барысында депутаттар теміржол, су көлігі, әуе тасымалына қатысты шешімін табуы тиіс проблемаларды көтерді. Транзиттік тасымал әлеуетін арттыра түсу шараларына назар аударылды.