Көлік министріне Тараздың жаңа әуежайы таныстырылды

ТАРАЗ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Таразда жаңа әуежайдың таныстырылымы өтті. Бұл туралы Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жаңа жолаушылар терминалының жобасы ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевке, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ акционері Владимир Денисов таныстырды.

Жоба шеңберінде ұшып-қону жолағын қайта қалпына келтіру жоспарланып отыр. Оның ұзындығы 3 500 метрді, ені 60 метрді құрамақ. Бұл Boeing 747-400 сынды заманауи алып ұшақтарды да қабылдауға жол ашады. Ұшып-қону жолағын ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің құзырына беру көзделіп отыр.

Сонымен қатар Тараздың «Әулие-Ата» халықаралық әуежайында заманауи талаптар бойынша жаңа жолаушылар терминалы салынады. Оның қызмет көрсету деңгейі жоғары болады деп күтілуде.

Тараз тұрғындары Мәскеуге, Ақтауға, Анталияға (Түркия), Үрімшіге (Қытай) және басқа да бағыттарға тікелей рейстермен жететін болады. 2014 жылы Анталия мен Дубайға жазғы чартерлік туристік бағдарламасын ашу жоспарланған.