1 сәуірден 31 мамыр аралығындағы шара барысында балықтар мен балық өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 9 фактісі анықталды. Сондай-ақ, заңсыз айналымдағы 365 келі балық тәркіленді. Оның 51 келісі бекіре тұқымдас балықтың түрі болса, 5 келісі бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы.
Мәселен, Атырау қаласының әуежайында Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Атырау-Ақтау» бағытындағы рейске тіркеу кезінде 39 жастағы Ақтау қаласының тұрғынын ұстады.
Тексеру барысында ұсталған азаматшаның қол сөмкесінен тиісті құжатынсыз, жалпы салмағы 1 келі болатын бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы табылды.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.