Көлік ведомствосы ағымдағы жылғы 9 айдағы сала қызметінің қорытындыларын шығарды

АСТАНА. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде көлік-коммуникация кешенінің үстіміздегі жылғы 9 ай ішіндегі атқарған қызметінің қорытындысына арналған алқа мәжілісі болып өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Алқа мәжілісінің алғашқы баяндамасын Көлік және қатынас жолдары комитетінің төрағасы Берік Уандықов темір жол, автомобиль және су көлігінің даму қорытындысына арнады. Оның ішінде теміржол тасымалындағы оң динамикаға назар аударылды. Айталық, есепті кезеңде шамамен 172 млн. тонна жүк тасымалданды, ол өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Жолаушы тасымалы деңгейі 2,5 пайызға артып, 13 млн. адамға жетті.

Жолаушыларға сервистік қызмет көрсету ерекше бақылауға алынып, ол үшін біраз шаралар қолға алынды. Айталық, Субсидиялау ережелеріне енгізілген өзгерістер бойынша тасымалдаушылармен жасалған келісімшарттар тек өз вагондарының паркі 30 пайызға жеткендермен ғана жалғастырылатын болады. Осы шаралардың нәтижесінде жекеменшік парктерден қосымша 100 вагон тартылды. Ал 2011-20013 жылдары олардың санын тағы 220 вагонға ұлғайту көзделуде. Бұл іс-қимыл бюджетке деген салмақты едәуір азайтып қана қоймай, сонымен бірге вагондар тапшылығын жартылай шешетін болады, ал ол өз кезегінде сервистік қызмет көрсету сапасына әсері тиеді.

Инфрақұрылымды дамыту мақсатында Өзен - Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы және Жетіген - Қорғас теміржол желілерінің құрылысы кең көлемде жүргізілуде. Бүгінгі күнге 27 млрд. теңге игерілді. Жыл аяғына дейін тағы 50 млрд. теңге игеру жоспарлануда. Өзен - Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы жобасы бойынша негізгі жолды төсеу жұмыстарын аяқтау көзделуде. Жетіген - Қорғас жобасы бойынша топырақ төсемін төгу мен су өткізетін құбырларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс кестесі бойынша ол жұмыстар 2011 жылғы бірінші жартыжылдықта аяқталуға тиіс.

Аталған желілердің салынуы еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, Қытай мен Қазақстанның батыс өңірі арасындағы көлік қатынасын 550 шақырымға қысқартуға және Парсы шығанағы бағытында жүк тасымалын жасауға жаңа мүмкіндіктер ашатын болады. Иранға дейінгі жаңа теміржол қазіргі қолданыстағы маршруттан 600 километрге қысқа болатындығын, ал жолға кететін уақыт 2 тәулікке кемитінін атауға болады.

Су көлігі саласында биылғы 9 айда Ақтау порты арқылы 9,5 млн. тонна жүк ауыстырылып тиелді, бұл өткен жылғы осы мерзімге қарағанда 12 пайызға кем. Сонымен бірге қазақстандық кеме компаниялары Қара теңіз рыногына белсене қатыса бастады. 9 айда мұнай тасымалының көлемі жарты млн. тоннаға жетті, бұл өткен жылғымен салыстырғанда екі есе көп. Порттық және сервистік инфрақұрылымды, флотты дамыту, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар іске асырылуда. Айталық, маусым айында Баутино портында кеме жөндеу зауыты іске қосылды. Бұл жылына 60 отандық кемені жөндеуден өткізуге мүмкіндік туғызды. Бұдан бұрын бұл кемелер Каспий теңізі маңындағы мемлекеттерде жөнделетін. Танкер флоты жүк көтерімі 13 мың тонналық екі кемемен толықтырылды. Кейінгісі биылғы 21 шілдеде пайдалануға берілді.

Ақтау портын кеңейту жобасы аясында 10 млрд. теңге игеріліп, бірінші кезеңді іске асыру аяқталып қалды. Толқын тойтарғышты пайдалануға беру желтоқсан айына жоспарланған. Жаңа айлақтағы қорғаныш құрылғыларын салу порт инфрақұрылымдарының нысандарын одан әрі дамытуға мүмкіндік ашады.

Өскемен және Бұқтырма шлюздерін қайта салу жобасын іске асыру жалғасуда. 2014 жылға дейін Шүлбі шлюзінің қоғаныш құрылғысын салу жоспарлануда. Аталған жобаларды іске асыру гидротехникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалануға және төтенше жағдайларды болдырмауға, сонымен бірге Ертістің өн бойымен кедергісіз жүзуге мүмкіндік береді.

Есепті мерзімде өзен көлігімен шамамен 1 млн. тонна жүк тасымалданды. Бұл 2009 жылғы кезеңмен салыстырғанда 4 пайызға артық, ал тасымалданған жолаушылар саны 54 мың адамға өсті.

Автомобиль көлігі саласында жаңадан 13 облысаралық маршруттар ашылды, мерзімі аяқталған 62 маршруттың мерзімі ұзартылды. Жаңадан 3 халықаралық маршрут ашылды. Рұқсат беру құжаттарының пайдалану мерзімі аяқталған бұған дейін жұмыс жасап келген 16 маршруттың жұмыс мерзімі ұзартылды. Сонымен, бүгінгі күнге халықаралық, облысаралық және қалаарлық маршруттар саны 450-ге жеткізілді.

Ынтымақтастық аясында биылғы жылы 44 елмен жүк тасымалына 130 мың дана рұқсат ету бланктері алмастырылды.

2010 жылғы 9 айда 8,6 млрд. жолаушы тасымалданды, ол 2009 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 8 пайызға артық. Жүк тасымалының көлемі 1,2 млрд. тонна болды, өсім 9,5 пайыз.

Автомобиль көлігі комитетінің төрағасы Замир Сағынов өз баяндамасында биылғы жылы автомобиль жолдары саласынареспубликалық бюджеттен «Жол картасын» қоса есептегенде 219,6 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Ол өткен жылғы көлемнен 11 пайыз артық. Бұл қаражат 5 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу мен салуға бөлінді. Оның ішінде 1427 шақырым республикалық жолдар да, 3523 шақырым жергілікті жолдар жүйесі.

Республикалық жолдар жүйесі бойынша қазіргі күні автожолдардың 31 учаскесінде қайта салу жұмыстары жүргізілуде. Күрделі және ағымдағы жөндеумен 877 шақырым жол қамтылған. Оның ішінде биыл күрделі жөндеуден кейін 125 шақырым жол пайдалануға беріледі. «Жол картасы» аясында 1993 шақырым жол жөндеуден өтті. Оған 27 мың адам тартылды.

Бөлінген бюджеттің негізгі үлес салмағы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын іске асыруға бөлінген қаржыға түседі. Бүгінгі күнге жалпы ұзақтығы 1367 шақырым 23 учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Таяу уақытта Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының жекелеген учаскелерінде жұмысты бастау жоспарлануда. Жыл аяғына дейін 400 шақырым жолда қозғалыс ашу жоспарлануда.

Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Бәрменқұлов көліктік бақылау саласында енгізілген жаңалықтар жайында баяндады. Айталық, үстіміздегі жылы шекарадағы көліктік бақылау функциялары кеден органдарына берілді. Осыған байланысты жылжымалы бекеттер жұмысы ұйымдастырылды. Көліктік бақылау органдарына тұрақты бекеттерден тыс жерлерде де көліктерді тоқтату құқығы берілді. Бұл жаңалық ішкі тасымалға бақылауды күшейту мүмкіндігін ұлғайтты.

Мұның сыртында қозғалыс жиілігі мен көлік ағыны жоғары 12 бекетте жүк автокөліктерін қозғалыс барысында өлшейтін автоматтандырылған жүйені кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.

Үкіметтің қарауына техникалық тексерістен өткізу жөніндегі заң жобасы әзірленіп, енгізілді. Ол жоба бойынша тексерісті өткізудің бәсекелес ортаны қатыстыра отырып, көлік және коммуникация министрлігі мен ішкі істер министрлігінің өкілеттіліктерін айқын бөлінген тиімді тәртібін енгізу көзделуде. Сонымен бірге стансалардың техникалық тексеріс өткізудегі жіберген бұзушылығы үшін әкімшілік жауапкершілігі бекітілетін болады.

Жолдың үстіңгі қабатының жай-күйіне бақылауды күшейту, жөндеу жұмыстарына талапты қатайту, сонымен қоса қазіргі заманғы диагностикалық жабдықтарды қолдану жыл басында өсуі байқалған апаттардың үрдісіне ықпал жасауға мүмкіндік берді.

Теміржол өтпелеріндегі апаттар санын азайту мақсатында теміржол өтпелерінің кіреберістеріндегі автожолдарға жасанды бұдыр жасау көзделуде.

Азаматтық авиация саласының жұмыс қорытындысы жөнінде Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Баянбек Смағұлов баяндап, саланың негізгі өндірістік көрсеткіштерінің өскендігін атап өтті. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытынды бойынша 2,2 млн. жолаушы тасымалданды, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті мерзіміне қарағанда 22 пайызға (1,8 млн. жолаушы) ұлғайған. Әуежайлар 4,1 млн. жолаушыға қызмет көрсеткен, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті мерзіміне қарағанда 20 пайыз (3,4 млн.) ұлғайған. Әуе транзиті 12,4 пайыз ұлғайып, 84,2 млн. ұшақ-шақырымды құрады.

Ағымдағы жылы әуе паркін жаңарту жалғастырылуда. 6 заманауи аймақтық ұшақтар пайдаланыла бастады, осыған байланысты 8 өңірлік авиабағыттардағы Ан-24 және Як-40 әуе кемелерін ауыстыруға мүмкіндік туды. Ол авиабағыттар мыналар: Алматы - Көкшетау, Алматы - Петропавл, Алматы - Қостанай, Қарағанды - Өскемен, Қарағанды - Қызылорда, Атырау - Орал, Атырау - Ақтау, Атырау - Ақтөбе.

Халықаралық бағыттарда 6 жаңа авиабағыттар ашылды, олар: Астана - Тбилиси - Астана, Ақтау - Санкт-Петербург -Ақтау, Атырау - Минеральные воды -Атырау, Алматы - Үрімші, Тегеран - Алматы - Тегеран.

Алқа мәжілісінде салалық комитеттермен бірге стратегиялық жоспарлау, халықаралық қатынас, заң департаменті және мемлекеттік тілді дамыту басқармасының есептері де тыңдалды.

Алқа мәжілісін қорытындылай келе, көлік ведомствосының басшысы министрліктің есептік кезеңде біршама нақты жұмыстар атқарғандығын, көптеген маңызды бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгендігін атап өтті. Осыған қарамастан, айрықша бақылауға алынатын мәселелер де бар.

Соның ішінде, Көлік және жол қатынасы комитетіне вагон паркін жаңартып, толықтыру мәселесін шешуге, сонымен қатар астық, көмір және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын іске асыру үшін құрылыс материалдарын тасымалдауға қажетті қозғалмалы құраммен іркіліссіз қамтамасыз етіп отыруды тапсырды.

Автомобиль жолдары комитетіне құрылыс және қайта салу жұмыстары, соның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы бойынша ағымдағы жылдың қаражатын жүз пайыз игеру тапсырылды.

Көліктік бақылау комитетіне көліктік бақылаудың қозғалмалы бекеттер жұмыстарын ұйымдастыруды қамтамасыз ету мен автокөлік құралдарының техникалық тексерістен өткізуді құқықтық жағынан реттеу мәселелерін шешу тапсырылды.

Азаматтық авиация комитетіне тиісті тапсырмалар қатарында шағын авиацияны дамыту мәселелеріне баса назар аударылды. Көлік ведомствосының басшысы атап өткендей, биылғы жылы оң өзгерістер басталды, Алматыда техникалық қызмет көрсету орталығы ашылып, Қарағандыда ауыл шаруашылығы ұшақтарын құрастыру зауыты салына бастады. Осыған орай, бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, шағын авиацияны дамыту бағдарламасын пысықтап, іске асыруды бастау қажет, оған орта бизнесті ширата тарту керек.

Әбілғазы Құсайынов мемлекеттік тілді дамытуға айрықша назар аударды. Бүгінгі күні Көлік және коммуникация министрлігінде ведомство ішіндегі және өзге де мемлекеттік органдармен іс қағаздар қазақ тілінде жүргізіледі. Қазақ тілінің курстары өткізіліп, терминологиялық сөздіктерді шығару жұмыстары жүргізілуде.

Министр ведомство қызметкерлері санын оңтайландыру есебінен жұмыстан босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыруды әрбір басшы өзінің жеке бақылауына алуды тапсырды. Мемлекеттік қызметкерлердің санын 15 пайызға қысқарту туралы ҚР Президентінің Жарлығы 1-ші қарашадан бастап күшіне енеді. Осыған орай Әбілғазы Құсайынов өткізіліп жатқан реформаның мақсаттары туралы ұжымға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сонымен қатар қызметкерлердің басқа жұмысқа орналастырылу мәселесін барынша қарастыруды тапсырды.