ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының инспекторлары Ж.Таспихов пен Е.Қапышев ҚР ҚК 361-бабы 2-бөлімі (лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдалану) және 416-бабы 2-бөліміне (әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді бұрмалау) айыпты деп танылды.
Екеуіне мүлкін тәркілеумен бірге 2 мың АЕК көлемінде 3,964 млн. теңге айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сот жаза тағайындау барысында Қапышевтың жасы ұлғайғандығын (60 жас) және Таспиховтың асырауында кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін ескерді.
Сот талқысында белгілі болғанындай, Ж.Таспихов пен Е.Қапышев тексеру бекетінде қызмет атқару барысында жүк автокөлігі жүргізушісінің әкімшілік құқықбұзушылық жасағанын анықтаған, алайда, жүргізушіден айыппұлдың 10 мың теңге мөлшеріндегі бір бөлігін алып, оны бекеттен өткізіп жіберген. Кейін, жұмыстарының көрсеткіштерін жақсарту мақсатында, дәлелдемелерді бұрмалау арқылы, жүргізушінің қатысуынсыз оған қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы өндіріс қозғап, заңда көрсетілген айыппұл мөлшерін төлеген. Сонымен қатар сотталушылар ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы дәлелдемелерді бұрмалап, әкімшілік құқықбұзушылық жасамаған басқа жүргізушіге қатысты әкімшілік материал ресімдеген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).