***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Саясаттанушылар Стратегия туралы» атты мақала жарияланды. Кеше Назарбаев Университетінде Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақстан саясаттанушылар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан жолы - 2050» Стратегиясы» деген тақырыпта республикалық форум өтті. Оған Парламент депутаттары, ғалымдар мен оқытушылар, саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты. Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы Камал Бұрханов модераторлық еткен форумда сөз алғандар «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде қазақстандық саясаттану және әлеуметтану ғылымдарының рөлін арттыру үшін негіз қалайтын жоғары ғылыми стандарттар жасау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, олар Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі міндеттерді бағындыру үдерісіне ғылыми және сарапшылар қоғамдастықтарының өкілдерін кеңінен тарту мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуы үшін берік іргетас қалауға қабілетті болатынына сенім білдірді.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Колледжге қатысты көзқарас өзгереді» деген мақала берілген. Алдағы уақытта елімізде салынып жатқан әлемдік деңгейдегі колледждер жанынан арнайы мектептер құрылатын болады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова мәлім етті. Оның айтуынша, 4 өңіраралық орталық негізінен моносалаларды қамтуымен ерекшеленеді. Мысалы, Атыраудағы орталықта мұнай және газ саласына басымдық берілсе, Өскеменде машина құрылысына, Екібастұзда - энергетика, ал Шымкенттегі өңірлік орталығында - азық-түлік пен жеңіл өнеркәсіпке басымдық беріледі.
- Біз шетелдік оқу мекемелерімен бірлесе отырып, оқу бағдарламаларына мүлдем жаңа қадам жасаймыз. Таңдап алынған он әріптес колледж арқылы жаңадан салынатын алты колледжге, сосын барлық тәжірибені техникалық және кәсіби білім саласындағы 278 техникалық колледждерге енгізетін боламыз. Бұл бірнеше саты бойынша жүзеге асады. Ең бірінші, оқытушылардың кәсіби құрамын жаңартудан бастаймыз, - дейді холдинг басшысы Эльдана Сәдуақасова.
Осы басылымда «Қосмекенділердің көксегені не?» деген мақала жарияланды. Қазақстан заңы бойынша біздің елдің азаматтарына бір мезгілде екі елдің азаматы болуға тыйым салынған. Яғни қос азаматтық алуға құқық жоқ. Алайда құқық қорғау органдарының анықтауынша, міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс өкілетті органдарда істейтін мемлекеттік қызметкерлердің ішіндегі кейбіреулері Ресей азаматтығын қосымша алып алған көрінеді. Ондайларды «бипатрид» деп атайды. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас прокуратура басшыларының екі жақты кездесуінде Қазақстан Бас прокуратурасындағы Жалпы қадағалау департаменті бастығының орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков «...қос азаматтық алу фактілері анықталып жатыр, нәтижесінде, бұрынғы Қазақстан азаматтары қазақстандық кәсіпорындарда жұмыстарын, зейнетақы мен жәрдемақыларын алуды жалғастыруда. Біздің ойымызша, Ресейде де тура осындай жағдайлар болуы мүмкін. Қазақстандық азаматтықтан бас тарту рәсімінсіз Ресей азаматтығын алған адамдарды, тіпті мемлекеттік қызметте, соның ішінде өкілетті органдардың депутаттары болып жүргендерді құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Бұл мәселе қос азаматтыққа тыйым салатын біздің Конституциямызға қайшы», - деп мәлімдеді. Бұл жағдайды реттеу үшін екі жақтың құзырлы органдары ақпараттар алмасу үшін мәліметтер базасын құруға бірнеше мәрте талпынған екен, бірақ ондай келісім жасалмағандықтан, жеке тұлғаларға қатысты мәліметтерді қорғау процедурасына сілтеме жасалып, ақпараттар алмасу мәселесі жылжымапты.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында белгілі сәнгер Аида Кауменовамен арадағы сұхбат басылды. «Егер менің киімдерімді бірден танып жатсаңыздар, бұл мен үшін үлкен жетістік. Мен өз киім үлгілерім арқылы қазақ қызының бейнесін, қазақтың тарихынан сыр шертетін дәстүрін сомдағым келді. Сондықтан мен өзіндік қолтаңбамды қалыптастыра алдым деп толық айта аламын. Италиядан оқып келгенімде, көпшілік менен шетелде жұмыс істегің келе ме деп сұрай бастады. Алайда мен шетелге өзімді танытуды емес, қазақ қызына лайық киім шығаруды басты мақсат етіп қойдым. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, елімді тастап шетелде танымал болуды мұрат қылмадым. «Отан - оттан да ыстық» деген осы шығар. Мен керісінше өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды шетел сахнасына дәріптегім келді. Мен үшін елімнің дамуына, көркеюіне өз еңбегімді сіңіруден артық ешнәрсе жоқ еді», - дейді сәнгер. Осы сұхбат «Аида Кауменова: Киіміміздің өзінен ұлттық ерекшелік байқалуы тиіс» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылыр отыр.
***
«Экспресс-К» басылымында «Лучше стреляй глазами» деген материал берілген. Өткен демалыстарды Алматы облысының 26 жасар тұрғыны ұзаққа дейін ұмытпайтын болады. Алматыға досының үйлену тойына келген жігіт "Ланд Крузер" көлігінің ішінде отырып тапаншадан оқ атып, көзге түскен. Осыны көрген куәгерлер бұл әрекетті дереу бейнекамераға түсіріп алған екен. Кейін қозғалыстағы көліктің бірінен оқ атқан азаматтың аты-жөнін полиция қызметкерлері анықтады. Бұл жігіт сол күні өзінің атына тіркелген газды тапаншадан бос патрондармен атқандығын алға тартуда. Осы факті бойынша ол әкімшілік жаза ретінде 10 тәулікке қамауға алынды.