***
Жер мәселесі - бүгінде Қазақстанда ең көп талқыланып жатқан тақырып. Әлеуметтік желілер жерді жалға беру мен сатуды реттейтін Жер кодексінің нормаларына қатысты постар мен түсініктемелерге толы. Бұл күндері Facebook-те өріс алған пікірсайыстарды барлық уақытта бірдей сындарлы деуге келмейді. Ол нормативтік емес лексиканы пайдалана отырып, қатқыл дауыспен мәселе шешуді көбірек еске түсіреді. Олардың бәрі қазір Ұлттық экономика министрлігінің бақылауында. Өздерінің ол туралы не ойлайтындығын осы ведомство басшысының орынбасары Қайырбек Өскенбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген сұхбатында баяндап берген. Қойылған сауалдарға тұщымды жауап берген ол: «Тағы да қайталап айтамын, мен алаңдаушылық білдіріп жатқан адамдарды түсінемін. Егер олар біздің еліміз, жеріміз үшін уайымдамаса, мұндай алаңдаушылық білдірмес еді, олар өздерінің болашағын, бүгінін, өткенін осы елмен байланыстырмас еді. Мен Қазақстан жерінің бір миллиметрінің де шетелдіктерге сатылмайтынына оларды сендіргім келеді. Егер шетелдік ол жерді жалға алатын болса, ол Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес пайдаланылатын болады. Және оған бақылау да барынша қатаң болмақ. Сондықтан, алаңдамасын, арандатушылықтарға көнбесін, біздің Президентімізге сенсін, өйткені біз сонша жылдар бойы сеніп келдік және ол біздің елімізді әлемдегі озық елдердің біріне айналдырды. Әлдебіреулердің іштерінің күйетіні, кейбіреулерде бізде де берекесіздік, күйреушілік пен өзара қақтығыстар орын алып жатқан Таяу Шығыс елдеріндегідей болуы үшін Қазақстандағы қайықты шайқалтуға деген пиғылдың бар екені түсінікті. Біреулердің солай жасауға асығуы, енді біреулердің оны көзбен көргісі келуі де мүмкін. Оған жол бермейміз», - дейді. Мақала «Ұлттық экономика вице-министрі: «Қолынан келсе шетелдік бізден жер сатып алып көрсін...» деген тақырыппен берілген.
Қазіргі әлемде 2 мыңға тарта халық, 4,5 мыңнан 6 мыңға дейінгі аралықта әртүрлі тілдер бар деп есептеледі. Ал мемлекеттік құрылым саны 200-ге де жетпейді. Демек, өз алдына дербес мемлекеті жоқ ұлттар мен ұлыстар саны әлдеқайда көп. Ал бүгінде ту көтеріп, сап түзеп тұрған тәуелсіз мемлекеттердің бірқатары бағзы бір замандардан бері тіршілік етіп келе жатқан болса, бірсыпырасы соңғы ғасырларда әртүрлі жолдармен, әр қилы себептермен қиюласып қалыптасқан. Солардың қатарындағы Қазақстанның егемендікке қол жеткізуінде кешегі басқа да одақтас республикалардың бастан кешкені сияқты Кеңес Одағының кенеттен ыдырап кетуінің негізгі рөл атқарғаны белгілі. Бірақ сол посткеңестік елдердің көбіне аса бір ұқсай қоймайтын өзіндік ерекшеліктеріміз де бар. Ол қасиетті қазақ жеріне тағдырдың жазуымен әр дәуірде келіп, тұрақтап қалған өзге ұлттар мен ұлыстардың соншалықты көптігінде және сол түрлі нәсіл өкілдерінің қазіргі таңда жерімізде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратындай өзара тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанында. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жарық көрген «Татулықтан биік тау жоқ» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Мақала авторының жазуынша, Ұлы Дала бұған дейінгі мыңдаған жылдар бойы тағаттылық пен табандылықтың ордасына айналды. Тағаттылық пен табандылық бізге қазір де өмір сүрудің өзіндік бір заңдылығы, қоғамымыз адамгершілігінің қалыптасқан нормасы болып келе жатыр. «Біз «Ырыс алды ынтымақ» деген тәлімді санаға құйып өскен халықтың өкілі ретінде «бірлік бар жерде, тірлік бар екенін» де ешқашан жадынан шығармаған ұрпақпыз. Сонымен бірге, сыйластық пен достықты қашаннан ту етіп төбесіне көтерген жұрттың жұрағатымыз. Сондықтан да, татулықтан асқан асу, бірліктен өткен биік жоқ деп білеміз. Ал қаншама жылдардан бері біздің жерімізді мекен етіп келе жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлысқа пана болып, олармен бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай жағдайда қатар тіршілік етіп келе жатқанымыз сол татулық пен достықты, сыйластық пен келісімді бағалай білуіміздің арқасы», - делінген мақалада.
***
«Ақмола облысындағы алтын өндіретін шахтада белгісіз жағдайда 29 жастағы азамат қаза тапты», - деп жазады «Экспресс-К» газеті сенбілік санындағы «Смерть«черного старателя» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, болжамға сәйкес ол алтын іздеп жер астына түскен болуы ықтимал. Себебі, полиция қызметкерлері оның мүрдесінен зорлық-зомбылық белгілерін таппады. Дегенмен, мүрдені сот-медициналық сараптама жүргізу үшін мәйітханаға жіберілген. Ақсу мен Бестөбе елді мекендерінде кен орындары баяғыдан бері алтын іздеушілерінде өзіне тартуда. Олар шахтаға жасырын жолдар арқылы немесе күзетшілерге пара беру арқылы түседі.
***
Күні кеше Ақтөбе облысына қарасты аулыдардың бірінде жантүршігерлік оқиға орын алды. Өткен сәрсенбіде 7 жастағы баланың мүрдесі ауылдық әкімдіктің қорасынан табылған. Бұл жайында «Время» газетіндегі «Страшнее небыло находки» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, бірінші сыныпта оқитын. Саян Жақсылықов 27 сәуір күні таңертең мектепке кеткен. Оның ата-анасы мұғалім болып жұмыс істейтіндіктен таңертең 1-ші сабаққа ерте кетсе, бала олардан кейін 1 сағаттан соң үйден шыққан. Жергілікті тұрғындар баланың таңертең көпір жанына өткенін көрген. Алайда, ол мектепке бармаған. Сол күні баланы бүкіл ауыл іздегенімен таппады. Алайда екінші күні оның мүрдесі ауыл әкімдігінің сарайынан табылды.