«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы сөзсіз орындалуы тиіс

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Өткен жылдың мамыр айында Үкімет еліміздің «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын қабылдаған болатын. Тұрғын үй азабын тартып, «өз үйім - өлең төсегіме» қашан жетемін деп жүрген талайдың үміт отын оятқан бұл бағдарламаға да міне бір жыл толып отыр.

Әрине, 1 жыл аз мерзім болғанымен, бірнеше бағыт бойынша республикалық бюджеттің миллиардтаған қаржысы құйылған бұл бағдарлама тез арада қарқын алып, көптеген отбасы қоныс тойын тез арада тойлайтындай да көрінген еді. Дегенмен бұл әлі де болса көпшіліктің тәтті елесіне айналып келеді. Өйткені мемлекет қазынасынан бөлінген мол қаржының игерілуі төмен. Тіпті елімдің жеті бірдей өңірі кредиттік тұрғын үй құрылысына бөлінетін республикалық бюджет қаржысынан келер жылы қағылып қалуы да мүмкін.

Бүгін Үкімет отырысында осы бағдарламаның іске асырылу барысы егжей-тегжейлі қаралып, кемшін тұстары ашық айтылды, бірқатар шенеунік Премьер-Министр Серік Ахметовтің сынына да ұшырады.

Сонымен, осы мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокиннің айтуынша, биылғы жылдың 4 айында қаржыландырудың барлық көздерінен тұрғын үй құрылысына 117,3 млрд. теңге немесе 2010 жылмен салыстырғанда 110 пайыз инвестиция бағытталып, жалпы алаңы 1,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жалпы осы жылы кезекте тұрғандарға арналған жалға берілетін баспаналар салу үшін барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларының әкімдіктерімен 17,5 млрд. теңге, жас отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысына 10 млрд. теңге республикалық бюджеттің кредиттік қаржысы есебінен тұрғын үй құрылысы жүйесі арқылы үй салуға 30,1 млрд. теңге мақсатты трансферттер көзделген. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына республикалық бюджеттен 36,6 млрд. теңге сомасында мақсатты трансферттер қарастырылған. Ағымдағы жылдың 4 айында 7,6 млрд. теңге аударылып, 6,3 млрд. теңгесі немесе 83 пайызы игерілген. Алайда, Солтүстік Қазақстан облысының бұл қаржыны игеру көрсеткіші 62 пайыз, Атырау облысында бөлінген қаржы тіпті игерілген де жоқ. Вице-министрдің атап өтуінше, бірқатар өңірлердің республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны төмен игеруі негізінен конкурстық процедураларды өткізу және орындалған жұмыстардың актілерін ұсынбаумен байланысты болып отыр. Дегенмен, әкімдіктердің мәліметтері бойынша мамыр айында бұл ахуал тұрақталуы тиіс. «Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әкімдіктерге 2 айдан кейін, яғни бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қаржыны игермеген өңірлерден оны игеріп отырған өңірлерге қайта бөлу мәселесі қарастырылатындығы ескертілді», - деді ол.

С. Нокиннің сөзіне қарағанда, Қазақстандық тұрғын үй құрылыс корпорациясы, «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының басқа да бағыттарымен жұмыс істеу барысында бірқатар өңірлерде тұрғын үй құрылысына жер учаскелерінің тапшылығы байқалған. Ал орын алып отырған ахуалды оң шешу үшін Үкіметтің тапсырмасына сәйкес облыс әкімдіктерімен 2012-2015 жылдарға арналған қалалар мен ауылдық елді мекендердің бас жоспарларын, деталды жоспарлау жобаларын және құрылыс жобаларын әзірлеу кестесі бекітілген. Бұл ретте Астана мен Алматы қалалары, барлық облыс орталықтары және халық саны 100 мыңнан асатын қалалардың бас жоспарлары бар екендігі ескеріліп, аталған кестеге халық саны 100 мыңға дейінгі қалалар мен елді мекендердің құрылыс жобалары қосылған. «Осы кестеге сәйкес республика бойынша аталған кезеңде 23 қаланың бас жоспары, 76 деталды жоспарлау жобасы, 26 құрылыс жобасы, халық саны 50 мыңға дейінгі 149 қаланың деталды жоспарлау жобаларын қоса алғандағы бас жоспар, 5 мыңға дейінгі тұрғындары бар 982 ауылдық елді мекендердің бас жоспарының жеңілдетілген сызбасы әзірленетін болады»,-деді ол.

Тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылым құрылысына арналған жобалық-сметалық құжат дайындау мәселесіне тоқталған С.Нокиннің айтуынша, Бюджеттік кодекс талаптарына сәйкес аталған құжатты белгіленген уақытта дайындап ұсыну қажет. Тек осы жағдайда ғана жыл басынан республикалық бюджеттен қаржы қарастырылатын болады. Дегенмен 2014 жылға ұсынылған құжаттарға жүргізілген сараптама бірқатар кемшіліктерді көрсетіп отыр. Мәселен, әкімдіктер ұсынған тұрғын үй жинағы желісі бойынша кредиттік тұрғын үй құрылысына бюджеттік бағдарлама бойынша жобалар тізбесі тек 40 пайызға ғана орындалған. Яғни көзделген 35 млрд. теңгенің 16,9 млрд. теңгесіне ғана құжат бар. «Бұл ретте Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы жоспарланған соманы 100 пайызға қамтамасыз етіп толық құжат ұсынды. Ал Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары мүлдем құжат ұсынған жоқ. Бұл 7 өңір алдағы жылы кредиттік тұрғын үй құрылысына арналған қаржыдан қағылуы мүмкін», - деді С.Нокин.

Осы ретте бөлінген қаржының игерілмей отырғандығына кейістік танытқан Үкімет басшысы С.Ахметов: «Игерілмеген қаржы оны игере алатын, дайындық жүргізіліп, база әзірленетін өңірлерге қайта бөлінетін болады. Міне, осыдан кейін әкімдер халық алдында неліктен кредиттік тұрғын үй, жалдамалы баспана жоқ екендігі турасында жауап берсін. Дегенмен, барлық тетіктері жіті дайындалып, ақша бөлініп еді ғой», - деді.

Келесі кезекте сөз алған Қазақстанның ипотекалық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Айтекеновтің атап өтуінше, қазіргі кезде республиканың 13 облыс орталығында 50 гектарға жуық жер учаскелері Қазақстанның ипотекалық компаниясының қарамағына берілген. Аталған жер учаскесіне 322 мың шаршы метр баспана салынбақ. «Бүгінде компанияның өз қаражаты есебінен Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған және Орал қалаларында жобалық-сметалық жұмыстар атқарылуда. Оның басым бөлігі бірінші тоқсанда, ал қалғаны шілде-тамыз айларында аяқталады. Мемлекеттік сараптамадан кейін құрылыс жұмыстарына байқау жарияланады. Ал Алматы мен Қарағандыда құрылыс-монтаж жұмыстарына байқау басталды», - деді.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта облыс орталықтарында салынатын 4-ші санатты тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 88 мың теңге болса, Алматы мен Астана қалаларында 125 мың теңгеден жоғары болып отыр. Осы орайда Үкімет басшысы нарықтағы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты «Қол жетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында бой көтеретін тұрғын үйлерді салуға құрылыс компаниялары келісе қоймауы мүмкін деген күдігін білдірді. «Құрылыс материалдарының бағасы өсуде. Сондықтан бұл бағаға біздің құрылысшылар келіспейді. Ертең сіздер шаршы метрін 88 мың теңгеден, яғни 600 доллардан кемге салатын құрылысшыларды нарықтан таппайсыздар. Бағаны инфляцияны ескере отырып, қайта қараңыздар. Біз өткен жылғы бағамен шектелудеміз. Ал, инфляция қалай болғанда да өз түзетуін енгізеді. Одан кейін құрылыс материалдарының қыста және қазіргі мезгілде бағасы қанша болып отырғандығын қарау қажет», - деп баса айтқан С. Ахметов Қазақстандық ипотекалық компанияның басшысы Қайрат Әйтекеновке Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокинмен бірге сәйкесінше ұсыныс енгізуді тапсырды. Ал Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне негізгі құрылыс материалдарының бағасына мониторинг жүргізуді жүктеді.

Сондай-ақ отырыс барысында Тұрғын-үй жинақ банкінің басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева мен «Самұрық - Қазына» компаниясы жылжымайтын мүлік қорының басқарма төрағасы Болат Палымбетов өз тараптарынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді. Айта кетерлігі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев құрылысқа, қаржының игерілмеуіне және мемлекеттік бағдарламалардың орындалмауына жауапты облыс әкімдерінің орынбасарларын қызметтерінен босату туралы ұсынысқа бастама жасады. «Президент Әкімшілігі басшысының атына құрылысқа жауап беретін облыс әкімдерінің орынбасарларын қызметінен босату туралы ұсыныс енгізуді сұраймын», - деді ол.

Отырысты қорытындылап бағдарламаның бірқатар бағыттарындағы әкімшілерімен арадағы өзара іс-қимылдарда проблемалардың бар екендігін баса айтқан С.Ахметов: «Көбі жергілікті атқару билігіне байланысты. Яғни, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға олардың қаншалықты даяр болуына және ниетіне қатысты. Атап айтқанда, бірінші кезекте облыстар мен Алматы, Астана әкімдерінің назарын бағдарламаның 2013 жылда және одан кейінгі жылдарда сөзсіз орындалуына аударамын», - деді.