Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, шаһар халқы жыл санап көбейіп келеді. 2030 жылға қарай 400 мыңға жетеді деп болжанып отыр.
Қаланың бас жоспарына сәйкес шаһар аумағы 5 гектарға ұлғаймақ. Оның 2,7 гектары тұрғын үйге бағытталған. Тұрғын үй салу бойынша мемлекет тарапынан «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы жүзеге асырылады және жеке инвесторлар тартылады. Құрылысқа қажет материалдарды өзімізден шығару бағытында да жұмыстанып жатырмыз. Қазір қалада екі тұрғын үй құрылыс комбинаты салынуда. Қала солтүстік-шығыс және батыс бөлігі жағынан дамымақ. Бұл жақтан негізінен көп қабатты және таунхаус коттеджі типтес үйлер бой көтермек. Бұл бағытта демографияның, өндірістің, бизнестің даму қарқыны ескерілді. Яғни тұрғындар жұмыссыз қалмайды. Қазір қала тұрғындарының үштен бірінде көлік бар. Сол себепті қаланың орталық көшелеріндегі көлік нөпірін азайту үшін жаңа шағынаудандарға әкімшілік басқару орындарын, бизнес нысандарды көшіру жоспарлануда.