Отырыс басталар алдындағы сөзінде Премьер-Министр Серік Ахметов 2013 жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржы көздері арқылы 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салынғанын, бұл 2012 жылғы көрсеткіштен жоғары екенін айта келе, дегенмен былтыр кейбір өңірлерде құрылысқа бөлінген бюджет қаражаты игерілмей қалғанын атап өтті. Ал тіпті бірқатар облыстарда жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысы кешіктіріліп жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Республикалық бюджет есебінен салынып жатқан тұрғын үй мәселесі тұрғысында баяндаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің сөзіне сенсек, жалға берілетін баспананың құрылысы бойынша жылдық жоспарды барлық әкімдіктер орындаған көрінеді. «2013 жылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына облыстар мен Астана және Алматы әкімдіктеріне 27,5 млрд. теңге мақсатты трансферттер бөлініп, алдын ала мәліметтер бойынша 27,3 млрд. теңгесі немесе 99,4 пайызы игерілді»,- деді министр. Атап айтқанда, 402,6 мың шаршы метр тұрғын үй салыныпты.
Бұдан кейін министр мырза тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі аясында тұрғызылып жатқан баспананың жай-жапсарына ойысты. Бұл желі бойынша Қазақстан өңірлерінің 7 әкімдігі биыл тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі арқылы салынатын баспана бойынша құрылыс қарқынын үдетуі тиіс екен. Осы орайда бекітілген кестеден қалыс келе жатқан өңірлер мәселесіне тоқталған министр, салынбаған үйлердің елеулі көлемі Маңғыстау облысына тиесілі екенін жеткізді. Бұл өңірдегі Ақтау қаласында «Аққу» шағын ауданының құрылысы жобалық шешімдердің орындалмауы себебінен тоқтатылған. Осыған байланысты 2011 жылы облыста тұрғын үйлер тиісті деңгейде пайдалануға берілмеді. Бұдан бөлек, тағы 6 өңірдің әкімдіктері биылғы жылы өткен жылдардағы құрылыс қарқынының қалыс қалуынан болған кемшіліктердің орнын толтыру бойынша тиісті шаралар қабылдаулары қажет. Мәселен, Атырау облысында кестеден қалып қою көрсеткіші 82,4 пайыз, БҚО - 98,1 пайыз, Қарағанды облысы - 64 пайыз, Павлодар облысы - 51 пайыз, Астана 67 пайыз және Алматы 62 пайыз деңгейінде.
Жалпы тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі арқылы іске асырылатын баспана құрылысына 2013 жылы республикалық бюджеттен жергілікті атқару органдарына 29,4 млрд. теңге несиелік қаржы бөлінді. Оның 27,9 млрд. теңгесі немесе 95 пайызы игерілді (игеру мерзімі 2 жыл).
«Маңғыстау облысынан басқа несиелік баспананы тапсыру бойынша жылдық жоспарды барлық әкімдіктер орындады. 320 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй салынды немесе жылдық жоспарға 122,8 пайызды қамтыды. Алайда, өткен жылдардағы бекітілген кестеден қалыс қалған құрылыс қарқынын толығымен қамту мүмкін болмады. Осыны ескере отырып жоспарды орындау 74 пайызды құрады», - деді министр.
Бұдан бөлек Б. Жәмішев тұрғын үй құрылысы аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы мәселесіне тоқталды. 2013 жылы бұл бағытқа республикалық бюджеттен 40,1 млрд. теңге мақсатты трансферттер бөлініп, оның ішінде 39,7 млрд. теңгесі немесе 99 пайызы игерілген.
Министр өңірлер жалға берілетін баспана мен инженерлік желілер құрылысына бөлінген қаржыны игермеген жағдайда, келісімге «қаржыны игермеген жағдайда біржақты тәртіпте тәркілеу» туралы тармақты енгізу жоспарланып отырғандығын сөз етті.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Серік Ахметов алдын ала бұндай құқық ведомствоға берілетінін және осындай шешім қабылданатынын қадап айтты. Демек, Премьер-Министрдің осы қолдауын естігеннен кейін енді баспана құрылысында игерілмеген қаржыны министрлік біржақты тәртіпте қайтарып алатын болады. Бұл тұрғыда осындай қадам өңірлердегі жауапты басшыларды осы бағыттардағы жұмыстар бойынша қамшылай түсетіні анық.
Сонымен қатар отырыс барысында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынатын баспананың құны әрбір шаршы метрге 5 және 10 мың теңгеге артуы ықтимал екені айтылды.
Министрдің айтуынша, бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйдің шаршы метрінің бүгінгі құны баспана құрылысына шын мәнінде жұмсалатын шығыстарға сәйкес келмейді. Мәселен, Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарында бағдарлама аясында үшінші санаттағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 90 мың теңгені құраса, ал мемлекеттік сараптаманың қорытындысында шаршы метрдің бағасы 117 мыңнан 134 мың теңгеге дейін жетеді. Яғни, бекітілген деңгейден 30-50 пайызға жоғары.
Осыған байланысты министрлік «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірлеп, онда 4 санаттағы баспана құрылысында әр шаршы метр құны 80-нен 90 мыңға дейін, ал 3 санат бойынша 90-нан 100 мың теңгеге дейін арттыру қарастырылды. Сонымен қатар құрылыс корпорациясы бойынша 4 санатта 110-нан 115 мың теңгеге дейін және 3 санатта 120-дан 125 мың теңгеге дейін болмақ. Аталған жоба қазіргі кезде тиісті мемлекеттік органдарда талқыланып жатқан көрінеді, кейін ол Үкіметтің қарауына енгізілмек.
Айта кетейік, былтырлары баспана құнын төмендетуге тұрғын үй құрылысы комбинаттары айтарлықтай ықпал ететіндігі жиі айтылған болатын. Индустриялдық тұрғын үй құрылысын дамыту аясында елімізде жалпы жобалық қуаттылығы жылына 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді қамтитын 17 тұрғын үй құрылысы комбинаттарының жобасын іске асыру қарастырылған. Бұндай баспаналар құрылыс қарқыны жылдамдығымен және сапасымен, құрылыс құнының төмендеуімен ерекшеленбек.
«2013 жылы үй құрылысы комбинаты аясында 7 зауыт пайдалануға берілді. Комбинаттар энергия үнемдеу мен тиімділік тұрғысында қазіргі заманғы талаптарға толық сәйкес келеді», - дейді ведомство басшысы.
Өз кезегінде Серік Ахметов барлық әкімдер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында биылға жоспарлаған тұрғын үй көлемін міндетті түрде пайдалануға беруі тиіс екенін қадап айтты.
«Әкімдерге бағдарлама аясында жоспарланған көлемдерді сөзсіз енгізуді, бюджет қаражатын игеру бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын. Өңірлік даму министрі бағдарламаның жүзеге асырылуына барынша қатаң бақылау мен мониторингті қамтамасыз етіп, өңір әкімдерімен бірлесіп, 2014 жылға арналған тұрғын үй көлемін пайдалануға беру бойынша меморандумдар жасасуы қажет», - деді С.Ахметов.
Үкімет басшысының пайымынша, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру жақсы мультипликативті тиімділік береді және ел экономикасының басқа да салаларының, оның ішінде құрылыс индустриясының дамуына серпін қосатын болады.
Атап айтқанда, 2014 жылы барлық қаржы көздері арқылы 6,9 млн. шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр.