Компьютер мен теледидар көркем әдебиетті ешқашан айырбастай алмайды - Шәкен Күмісбайұлы

trong>Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ -Бүгінде бүлдіршіндерді баурап, кішкентайлар көңілінен табылатын өлең, ертегі, мысал және тағы да басқа шығармаларды жазатын бала бағбандарының жай-күйі қалай?

 

Жалпы балалар әдебиетінің бет алысы қандай? Біз осы сұрақтар жөнінде бар ғұмырын балалар әдебиетіне арнап келе жатқан қаламгер, «Алаш» сыйлығының иегері, «Балапан әлемі» журналының бас редакторы Шәкен Күмісбайұлымен әңгімелесіп, балалар әдебиеті жайлы сыр бөліскен едік.

-Шәкен Күмісбайұлы, балалар әдебиетінің бүгінгі күні жағдайы қалай?

-Өздеріңіз білесіздер еліміздің аумалы-төкпелі кезеңінде балалар әдебиетінің жағдайы қиындап кеткен еді. Әуелі күнделікті оқитын әдеби кітаптардан айырып еді, одан кітап дүкендері жабылды,қазақ кітаптарының басылымы азайды. Кейін нарық балалар жағдайын тіпті нашарлатты. Қаржы тапшылығынан балалар жазушылары жазғанын сандықтарына салды. Ал қала дүкендерін Ресей баспаларының кітаптары басып қалды. Қазақ балаларына арналған кітаптар "арпа ішіндегі бір бидайға" айналып кеткен еді. Бұл тірлік біздің  жанымызға батты. Балалары шетқақпай болғанды кім ұнатсын? Басылымдарда бұл мәселе үзбей жазылды. Телеарналарда естір құлаққа жетердей айтылды. Уақыт болса сынаптай сырғып өтіп жатты. Не істеу керек, деп басы Мұзағаң - Мұзафар Әлімбаев, Қадекең - Қадыр Мырзалиев болып қол қойып, жиырма шақты балалар жазушылары лауазымды, бақуатты шенеунікке хат жазып, бұрынғы "Жалын" бәйгесі сияқты әдеби конкурс ұйымдастыруға қаржы сұрадық. Онымен қоймай, сол кездегі Мәдениет, ақпарат және келісім министрлігінен де қол ұшын беруді өтіндік. Бұл 2002 жылдың кешеу күзі еді. Өтініш айту оңай, оның орындалуының қиын екенін басқа түскенде біледі екенсің. Дүниеде күткеннен қиын нәрсе жоқ екен. Екі жылдан аса уақытқа созылған үмітіміздің оты сөнді. Бәрінен де кейбір азаматтардың "көрерміз" деп емексітіп, түптің-түбінде әр түрлі сылтау айтып шыға келгенін айтсаңшы. Қазір біреу жарылқайды деп қарап жататын заман емес. "Қазақ әдебиеті" газетінің 2005 жылғы 1 сәуіріндегі санында еліміздегі бизнеспен шұғылданатын барлық азаматтарға балалар әдебиетінің жайын айтып, 27 жазушы қол қойып үндеу жарияладық. Уақыт сырғып өтіп жатты, бірақ "балам" деп қол созған ешкімді көре алмадық. Пау, бұл қазақтың озық ойлы азаматтарына не көрінген? Балаларын неге ұмытты деп күрсіндік. Мұхаң - Мұхтар Әуезов: "Маңына ұрық шашпаған жақсылық, жаһанда жалғыз өскен бәйтерекше тұл болады да қалады" деген жоқ па еді? Ауқатты адамдардың алдына бардық, есігін қақтық. Шерхан Мұртаза айтқандай: "Қазақта байлар аз болмаған. Өтті, кетті. Мыңғырған малды, байлықты о дүниеге ала кеткен жоқ. Туған ел анаң ғой. Оның баласының бөтендігі бар ма? Өзіңде бола тұра оның көйлегі жамау-жамау бола ма?" ,- дедік. Ешкім селт етпеді.Аллаға тәубе, біздің жағдайымызды естіген кәсіпкер Бауржан Оспанов көмек қолын созып, күні бүгінге дейін балалар әдебиетінің жан ашыры болып келеді.

 Бауржан Оспанов: -"Балалардан ештеңе аямаймын, қазақ балалары Алпамысты, Қобыландыны білмесе ұят қой, қай еңбегімізді оқысақ та, тәлімге, тәрбиеге жетелейді,  халықтың болашағы балалар емес пе?!", - деп балалар әдебиетіне қамқорлық жасап келе жатыр. Құдайға шүкір содан бері балалар әдебиетінің жалғыз бәйгесі өткізіліп келеді.

 -Ол байқау қай жылдан бері өткізіліп келеді? Ондай бәйгелер балалар әдебиетінің "арманын" орындай ала ма?

-Ол бәйге - балалар әдебиетіне арналған халықаралық «Дарабоз» байқауы деп аталады. Байқау  Алматыда 2006 жылдан бері өтеді. Оны «ZHERSU" корпорациясының тікелей демеушілігімен Қазақстан Жазушылар одағы  ұйымдастырып келе жатыр. «Дарабаз» жабық әдеби байқауының басты  мақсаты - жас өскіннің назарын өз кітабына аудару. Балалар жазушыларына қолдау көрсету арқылы жас ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлтжанды, білімді өскелең ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Бұл шара 5-ші жылға кетіп бара жатыр. Биыл да өткізіліп, жеңімпаздар балалар күні қарсаңында анықталды. Жүзден тұлпар, мыңнан жүйрік шыққан шығармалардың жеңімпаздары БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Ал оқырмандар  байқауда үздік  шыққан шығармалар жиынтығын  «Кәусар бұлақ» сериясымен жарық көретін кітаптан оқи алады. Бұйыртса күзде осы серияның  үшінші кітабі жарық көреді.  Кітаптар шыққан соң  қалыптасқан дәстүр бойынша  республикамыздағы  барлық кітапханаларға, мектептерге    тегін  үлестірілетін болады.  Бәйгенің басқа бәйгелерге қарағанда ерекшелігі, ол жабық түрде өтеді, яғни қазылар алқасы шығармаларды кім жазғанын білмейді, онда тек бүркеншік есімі жазылады. Шығарманың жақсы жазылғанына қарай баға беріледі. Осы ретте айта кетейін, шығарманы қалай жазады, онда шаруамыз жоқ, өйткені соңғы кезде кейбірі мынау ескіше, анау жаңаша жазады екен деп жатады. Мен ондайға қарсымын, ең бастысы балаларға әсер етсе, балалар ойында тоқып қалса болғаны. Балалар әдебиеті негізінен танымдық дүние, тәлімдік, танымдық шығармалар болса болды. Сосын мұндай  жабық бәйге танысқа алып беру, тағы да басқа жолдарға жол бермейді. Осылайша әділ болғанда нағыз үздік балалар туындылары шығады. Мұндай байқау жаңа туындылардың, шығармалардың келуіне біріншіден ықпал жасаса, екіншіден, жас жазушылар өз шеберліктерін осы байқауларда сынап, өз болашағына жол ашады, сонымен қатар жазушылардың жас ерекшеліктеріне қарамай, заманға сай жазылған үздік шығармаларды анықтайды. Бір қуаныштысы, биылғы бәйгеде бағын сынағысы келгендердің саны былтырғыға қарағанда көп болды.

 -Яғни, балалар әдебиетіне деген   ықылас,  талпыныс бар ғой?

-Иә, дәл солай. Елімізде балалар әдебиетіне айтарлықтай көңіл бөлінбей келеді десек те, осы байқаудан жас балалар жазушыларының ерекше ынта-ықыластарын, жігерлерін байқадық.  Олардың бір-екеуі "Дарабоз" бәйгесін жеңіп алды. Осы бәйгеден кейін балалар әдебиеті   "жас балалар жазушыларын қатарымызға қосайық, біздің қатарымызға қоспасақ  жағдайымыздың  қиын болып кететін түрі бар, олар балалар әдебиетінің келешегі ғой" деген ұсыныс көтерді.  Ол мәселені көтеріп отырғандарының да жөні бар, өйткені қазіргі кезде балалар жазушыларынан отыздай-ақ жазушы бармыз. Осыған байланысты айта кетейін, өткен жылдары "Балалар бағының бағбандары " атты кітап шығарғанбыз. Ол кітапта біздің еліміздегі барлық балалар жазушылары енгізілген. Өмірден өткені бар, барлығы 111 жазушы кірді. Бүгінде олардың 3-4-еуі дүниеден өтті. Қатарымыздың азайып бара жатқаны өкінішті-ақ.

 -Біраз қиындықтарды өткеріп, жетістіктерге жетіпсіздер, дегенмен  бүгінгі күні сіздің пікіріңізше, балалар әдебиетінің бет алысы қалай?

-Жалпы жаман емес, ептеп-ептеп келе жатыр. Бұрынғы кездегідей құлдырап қалған жоқ, ақырын - ақырын кеудесін көтеріп келеді. Тәуба! Дағдарыс болып жатса да "Алматы кітап", "Аруна", "Балауса" баспалары балаларға арналған кітаптарды шығарып жатыр. Дегенмен,  айтатын біраз өкпе-реніштеріміз бар. Өркендеп жатырмыз дейміз, «балалар әдебиетін ғана басатын баспа ашып берсе қайтеді», деген ой мені мазалайды. Бізде балалар әдебиетін басатын арнайы баспа жоқ. Әрқайсымыз жүргеніміз, біресе ана баспаға, біресе мына баспаға жүгіріп. Арнайы өз баспамыз деп отырғаным - оның редакторы - балалар редакторы, суретшісі - арнайы балаларға арнап салатын суретші, қысқасы балалар кітабы қандай болуы керек екенін білетін мамандары болуға тиіс. Өйткені, басқа баспаларда балалар әдебиетіне жақын емес адамдар отырады. Бұл меніңше дұрыс емес.

Қазіргі кезде орыс баспалары бүкіл Қазақстанды жаулап жатыр. Ал біздің баспаларға келсек, не көрінгенін білмеймін  тендерлерде ең артында қаламыз ба, әйтөу, ала алмай жүреміз. Біздің балалар әдебиеті баспасына кітап шығару жөнінде лоттары берілмейді, неге екенін түсінбедім. Биылғы жағдай мәз емес, өйткені шығатын әдебиеттер аз. Анау "Балауса" баспасында 50 томдық шет елдің классикасы шығып жатыр. Ал біздің Бердібек Соқпақбаевтың, Марат Қабанбайдың, сол сияқты жаңа шығып жатқан  жазушы Өтепберген Ақыпбеков, Қаржаубай ағаларың сияқты ақын-жазушылардың кітаптарын шығарайық десек те шықпай қалады. Министірлікке тізімімізді тізіп алып барамыз, ол жақтан қайтіп келеді. Осындай жағдайларымыз бар.  Негізінде айтарым, балалар әдебиетіне көңіл бөлмесек болмайды! Жалпы балалардың кітап, әдебиет мәселесі емес, "балаларға" көңіл бөлмесек ертеңгі күніміз не болмақ?! "Балам" деп айтатын үлкендер болмаса, "елім" деп айтатын ерлер табылмайды ғой.  "Үлкеннің жүзіне бергенше, баланың біріне бер" деген бар ғой, сондықтан бұл мәселе жөнінде ойлану керек! Басқа елді қараңыздаршы "Бала" десе алақандарына салып ұстайды. Ал, біздер неге дұрыс қарамаймыз. Мен таң қаламын. Үлкен шығармаларды аз шығарса да, балаларға арналған кітаптарды көп шығару керек. Өкімет балаларға арналған кішкентай кітапшалар болсын, үлкен  кітаптар болсын  қазақ кітаптарын көптеп шығару керек.

"Қазақ әдебиеті" газетінде Арасанбай Үстеновтың бір мақаласы шығыпты. Өте жақсы жазылған екен. Мақалада Сатыбалды Нарымбетов деген режиссер қазақ балалар киносын жасауға материал жоқ депті. Неге? Мен оған келіспеймін. Несіпбек Дәуітаевтің "Алтын балық" деген повесі, гран при, бас бәйгені алған. Тіпті атақты "Томирис" туралы кітапты алайық,  басқа да ертегі, ғұн туралы  кітаптар дайын тұрған материалдар. Сол сияқты тағы да басқа авторлардың шығармалары киноға келеді. Бізбен сөйлессе, біз бірталай шығармаларды ұсынатын едік. Сосын, қазір балалар мен балалар жазушылары арасында байланыс жоқ. Бұрынғы кездері мектептерге көп шақырушы еді. Қазір ана мектеп жазушыларды шақырып жатыр дегенді естімеймін.

 -Балаларға арналған журналдардың бет-алысы жөнінде не айтар едіңіз?

-Өзім бір-екі жыл болды, "Балапан әлемі" деген журналдың бас редакторы болып қызмет істеп жатырмын. Бала-бақшаларға арналған танымдық журнал Алматы қалалық білім беру, жетілдіру институтының арнайы мамандарымен ақылдасып, бала бақшадағы қазақ балаларына қажетті деп санап,  "Бал-бөбек" деген бала-бақшаларға арналған бағдарлама аясында осы журналды шығарып отырмыз. Журналды бала-бақшаға өте қажетті, тіпті дайын әдістемелік десем де болады.  Олай деп отырғаным,  біз материалға әр тәрбиешінің әдістемелігін алып отырған жоқпыз, керісінше оларға керекті мәліметтер береміз. Мысалға журналда мынандай айдарлар бар: "Қойылым" балалар қоятын қойылымдар, "Ойнайық та, ойлайық"  ұлттық ойындар, "Таным отау" кішкентай балалар нені білу керек, ертегі отау, әңгіме отау, салт-дәстүріміз туралы және тағы да басқа баланың ой өрісін, тілін дамытуға арналған  материалдар береміз. "Балдырған"журналы балаларға арналған әдеби журнал десек, біздің журнал тек қана бала-бақша балаларына арналған бағыттағы журнал. Ал, басқа балалар журналдарына келсек, "Айгөлек", "Балдырған"  - әр журналдың өз бағыты, жалпы материалдары  бар, бірақ, не істеу керегі де, не қою керегі де жүйеленбеген.  

 -Балаларға арналған шығармалар жазу қиын ба?

-Балаларға арнап жазу - өте қиын, көпшілігі оны ең оңай деп санайды.  Олай емес. Олай деп отырғаным, шығарманы жазғанда   ең бастысы , кішкентайлар ойы мен түйсігін жан дүниеңмен сезіне білуің керек. Балаша ойнап, балаша ойлау - қолына қалам ұстаған балалар жазушыларының абыройлы парызы. Осы жауапты міндетті ойдағыдай орындай алғанда ғана діттеген нысанаға қол жеткізесің. Әйтпесе, бәрі желге ұшқанмен барабар. Жеткіншектер жүрегіне ұялар жылы сөз оңай тумайды. Елең еткізер ойнақы да, ойлы өлең, тіл ұшына үйіріле кетер шымыр да, жұп-жұмыр тақпақ, ілкі мезетте қилы-қилы құбылыстарды бастан кешіргізер таңғажайып ертегілер, қиялыңды ұштар жұмбақтар мен жаңылтпаштар - қиыннан қиыстырар шеберліктің жемісі. Бірер мәрте естігенде, я болмаса оқыған бойда бала жадында ұмытылмастай жатталып қалатын туындылардың ғұмыры қашанда ұзақ болады. Кішкентайларды күлдіріп отырып ойландыратын, қарапайым да жеңіл жыр жолдарынан құрылған екі-үш шумақтың көтерер жүгі ауыр. Әрине, қарапайым жазамын деп, бала көңілін аудармайтын, селк еткізбес сылдыр сөздері бар өлеңдерді жазудың қажеті жоқ. Балалар әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктерін ескермесе болмайды. Өйткені, ол жас ерекшеліктеріне орай сәбилер әдебиеті, бүлдіршіндер әдебиеті, орта буын-жасөспірімдер әдебиеті, жеткіншектер әдебиеті деп бөлінеді. Мәселен, әлі тілі шықпаған сәбилердің әдебиеті оларды жан-жануармен, табиғат көріністерімен, болмаса сол заттардың суреттерімен таныстырудан басталса, ал бүлдіршіндер әдебиетінде олардың қабылдауына лайықталған қызықты, шағын сюжеттер көркем түрде айтылады. Әр жастағы балалардың қабылдауына байланысты өлең, әңгімелердің сөздері қанша буыннан, сөйлемі қанша сөзден құралуы тиіс, осының бәрі ескерілуі тиіс. Қарапайым бұл қағиданы білмейтін автордың жазғандары жас оқырманға түсініксіз болады. Жас оқырман қолына алған кітаптың ең әуелі сыртқы мұқабасына, ондағы суреттерге қарайтыны белгілі, сондықтан безендірілуі әдемі болуы керек. Суреттер шығарма мазмұнына орай салынуы тиіс.  Басылған кітаптардың қарпі баланың оқуына лайық  болуы керек.   Балалардың жас ерекшеліктері, ойлау-қабылдау қабілеттері қатаң ескеріліп, кітаптар жүйелі түрде, серия-серия бойынша, мектеп жасына дейінгі балаларға деп, бастауыш сынып оқушыларына деп, орта сынып, жоғары сынып оқушыларына деп шығарылуы керек. Бұрындары  осылайша, балаларға арналған көркем дүниелер сала-сала болып жарық көретін. Қазір бұл жүйе сақталып отырған жоқ. "Бұрын балаларға қатысты көркем әдебиетті арнайы ашылған "Жалын" баспасы, кейінірек "Балауса" баспасы шығарып тұрды. Ол кезде бұл баспаларда Қастек Баянбаев, Ермек Өтетілеуов сияқты көптеген маман редакторлар қызмет істейтін. Маман редакторлар шығармалардың қыр-сырын жақсы білетін. Өздері өлең, әңгіме, хикаят жазып, елге танымал ақын-жазушылар болғандықтан, қалың оқырманға, әсіресе балаларға баспадан шикілі-пісілі өнімдерді жібермеуге күш салатын. Кез келген қаламгердің кез келген шығармасы жанашыр қолдан өткеннен кейін, кітап болып басылатын. Шығармашылық кеңестер осы бағытта жұмыс істейтін. Тіпті, балаларға арналған кітаптар мен кітапшаларға сурет салатын, оны безендіретін суретшілердің де баспада шығармашылық кеңесі болатын. Осындай жұдырықтай жұмылған ұйымдастыру жұмыстары,  көбінесе өз жемісін беріп жататын .Өкінішке қарай, біздің елдегі баспалардан балаларға арнап жарық көрген кітаптардың басым көпшілігі сын көтермейді. Безендірілуі жағынан "Алматы кітап" және "Аруна" баспаларының соңғы жылдары шығарып жүрген кітаптарына көңіл толады. Бұл екі баспаның балаларға арналған жинақтары әдемі безендірілген. Және "Аруна" баспасы кітаптарының тиражы да әжептәуір. 

Қазір балалар поэзиясына балалар жазушылары  аға буын, орта буын ақындары да  айтарлықтай үлес қосуда. Бірақ, алға жылжығанымыз шамалы. Жоғарыда айтып кеткенімдей, балаларға арналған кітаптар аз, әрі таралымы көңіл көншітпейді.

Сөз соңында,  тыңдар құлақ болса, айтарым, жақсылығымызды балаларға жасайық! Компьютер мен теледидар көркем әдебиетті ешқашан айырбастай алмайды. "Кітап - білім бұлағы, рухани азық", - екенін ұмытпағайсыздар!