Көмірсутектерді барлау және өндіру үшін аз зерттелген аумақтардың тізбесі бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Индустрия және құрылыс министрлігімен бірлесіп, көмірсутектерді барлау және өндіру мақсатында аз зерттелген аумақтар бассейндері шегіндегі жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аумақтар учаскелерінің тізбесін бекітті.

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Бұл жер қойнауын пайдалану саласындағы реформаларды іске асыру және геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау жолындағы кезекті қадам болды.

Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне алғаш рет «аз зерттелген аумақтар» ұғымы енгізіліп, сондай-ақ осындай учаскелерде жер қойнауын пайдалану құқығын беру тетігі бекітілді. Заңнамалық реформалар геологиялық тұрғыдан жеткілікті зерттелмеген, бірақ жаңа көмірсутек кен орындарын ашудың әлеуеті жоғары перспективалы аумақтарды игеруге тартуға бағытталған.

Бекітілген тізбе инвесторларға оған енгізілген перспективалы учаскелер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруді өз бетінше бастамашылық етуге мүмкіндік береді. Ол үшін мүдделі тұлға таңдалған жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізу туралы өтінішпен Энергетика министрлігіне жүгінеді.

Жер қойнауы кодексіне сәйкес өтініш қысқартылған мерзімде — 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Бас тартуға негіздер болмаған жағдайда келесі 5 жұмыс күні ішінде аукцион өткізу туралы хабарлама жарияланады.

Жер қойнауын пайдалану құқығы тек ашық аукцион қорытындысы бойынша беріледі. Қол қою бонусының ең жоғары мөлшерін ұсынған қатысушы жеңімпаз деп танылады және онымен көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшарт жасалады.

Үлгілік келісімшарт геологиялық барлау жұмыстарының ең төменгі бағдарламасын міндетті түрде орындауды көздейді. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушы алғашқы үш жыл ішінде учаске аумағының кемінде 30%-ында екі өлшемді сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге, ал келесі үш жыл кезеңінде кемінде бір барлау ұңғымасын бұрғылауға міндетті.

Мұндай тәсіл перспективалы аумақтарда нақты геологиялық барлау жұмыстарын жүргізе отырып, жер қойнауын пайдалану құқығын берудің ашық әрі айқын тетігін қамтамасыз етеді. Бұл көмірсутек ресурстық базасын толықтыруға және елдің мұнай-газ саласын одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Жаңа тетікті енгізу геологиялық тәуекелі жоғары жағдайларда іске асырылатын жобалардың ерекшеліктерін ескеріп, жаңа кен орындарын іздеуге инвестиция салуға дайын инвесторлар үшін қосымша ынталандырулар қалыптастырады. Аталған өзгерістерді іске асыру геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға, сондай-ақ Қазақстанның минералдық-шикізат базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Министрлік геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізуге дайын инвесторларды жан-жақты қолдайтынын білдіреді және көмірсутектерді барлау және өндіру үшін аз зерттелген аумақтардың бекітілген тізбесімен танысып, перспективалы жобаларды одан әрі іске асыруға мүмкіндік бар екенін атап өтеді.

Айта кетелік елдегі Ақсоран кен орнында вольфрам өндіру 2028 жылға жоспарланған