Концлагерьдегі азапты күндер әлі де түсіме кіреді – атыраулық ардагер Екатерина Абсатырова

Фото: Екатерина Абсатырованың жеке мұрағатынан
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық Екатерина Абсатырова өмірінің қайталанбас әрі ең қызық кезеңі – балалық шағын концлагерь тұтқынында өткізген. «Суық барактың тақтай төсегінде аштықтан бұратылып жатып, талай таңды ұйқысыз атырдық. Қорлықтың түрін көрдік. Сол қорлықтан босайтын күнді аңсап, үш жыл үш ай күттім ғой. Концлагерьдегі үш жыл мені ерте есейтті. Тұтқындағы азаптыкүндер әлі де түсіме кіреді» дейді концлагерь тұтқынында болған кейуана. Ол соғыс жылдарындағы балалық шағы, одан кейінгі өмірі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– Екатерина Серафимовна, алдымен концлагерьге қалай тап болдыңыз?

– Мен 1931 жылы Мордова АССР-дағы Первомай деревнясында өмірге келгенмін ғой. Әкем Серафим отбасымен 30-жылдардың соңына таман Карелияға қоныс аударды. Біз көшіп барған Карелияның батысы кезінде Финляндияның бір бөлігі болған. Ал, 1939 жылы фин соғысының оты тұтанды. Сол кезде финдер үйлерін тастап, үдере көшті. Финдердің бос қалған үйлерін сырттан келіп, қоныстанушылар көбейді. Олар бізді өздерімен бірге тұрып, шаруашылықпен айналысуға шақырды. Біздің отбасымызда әжем, əке-шешем, 9 бала – барлығы 12 адам бар еді. Отбасымызбен сол жаққа көшіп бардық. 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашқанда, үйлерін тастап кеткендер кері оралды. Біз бір сәтте баспанамыздан айырылып, босқынға айналдық. Басқыншылар біз секілді босқындардың бəрін тұтқынға алды.

– Концлагерьге түскенде қанша жаста едіңіз?

– Тұтқынға түскеннің бәрін концлагерьге қамады. Біздің 12 мүшесі бар отбасымыз үш концлагерьде болдық. Алдымен 1941 жылы сол елдің аумағындағы Юрокко лагеріне жіберді. Кейін Ханко жартыаралындағы концлагерьде, содан соң Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласына таяу орналасқан осындай тікенек сыммен қоршалған лагерьдің «дәмін» таттық. Отбасымызбен бірге концлагерьге түскенде 10 жастағы баламын ғой. Концлагерьдегі азапты күндер әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Әлі де түсіме кіреді. Сол күндерді ұмыта алар емеспін. Суық барактың тақтай төсегінде аштықтан бұратылып жатып, талай таңды ұйқысыз атырдық. Қорлықтың түрін көрдік. Концлагерьдегі үш жыл мені ерте есейтті.


– Тұтқыннан қай жылы босап шықтыңыз?

– Концлагерьде жүргенде бала болсам да, тұтқыннан босайтын күнді аңсап, үш жыл үш ай күттім ғой. Біздің отбасымыз концлагерьдің тұтқынынан 1944 жылы босап шықты. Шындығын айтқанда, бізді тұтқынға түскен жау солдаттарымен алмастырды. Сол кездегі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ашқұрсақ жүрсек те, күні-түні автомат асынғандың қатаң күзетінен құтылғанымызға қуандық.


– Күйеуіңізбен қашан, қайда танысқан едіңіз?

– Содан екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін әртүрлі жұмыс істедім. Асханада аспаз болдым. Әскери госпитальда санитар секілді жұмыстарды атқардым. Сондай күндердің бірінде асханаға жеті солдат тамақтануға келді. Соның бірі – Вагаф Абсатыров. Әрине, бастапқыда болашағымды осы жігітпен байланыстырамын деген ой болған жоқ. Оның туып-өскен жері – сол кездегі Гурьев облысының Теңіз ауданы. Қазіргі Атырау облысындағы Құрманғазы ауданы ғой. Ол осы аудандағы жетімдер үйінде тәрбиеленген ғой. Біраз уақыт сөйлесіп жүріп, дос болып кеттік.

Кейін ол маған үйленгісі келетінін айтып, ұсыныс білдірді. Сөйтіп, біз 1950 жылы отбасымызды құрып, батыс Сібірде 13 жыл тұрақтап қалдық. Өйткені, күйеуім Ленинградтағы Ішкі істер министрлігінің мектебін бітірді. Сол кезде жас лейтенантты Кемеров облысына жолдамамен жұмысқа жіберді. Отбасымызда алдымен Лидия қызымыз өмірге келді. Одан соң Анатолий есімді ұлымыз жарық дүние есігін ашты. Күйеуім Вагаф туған жерін жиі есіне алып, елге оралуды көздеді. Әрине, мен оған қолдау білдіріп, 1968 жылы Атырау қаласына көшіп келдік.

– Елге оралғаннан кейін қандай жұмыс істедіңіз?

– Атырауға оралған соң күйеуім Вагаф мұнай кәсіпорнында инженер болып, азамат­тық қорғаныс саласында дәріс берді. Ал, өзім локомотив депосына жұмысқа орналасып, машинистердің демалыс үйінде кезекшілік атқардым. Сол деподан зейнетке шықтым. Қазір концлагерьдің кәмелетке толмаған тұтқыны ретінде соғыс ардагеріне теңестірілгендердің санатында түрлі жеңілдікті пайдаланып отырмын. Екі немерем, бір шөберем бар.

Менің бір ғана тілегім бар. Бұл – бейбіт өмір. Бұдан былай соғыс өрті тұтанбағанын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғанын қалаймын. Бүгінгі ұрпақ жоғары білім алып, қиындықсыз, бақуатты өмір сүрсе екен.

– Әңгімеңізге рахмет.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын бала кезінде концлагерь тұтқыны болған атыраулық кейуанаға 1 млн теңге берілетінін жазған едік.