Көне түркі жазбалары: Қосшы қаласында руханият пен тарих тоғысқан жиын өтті

ҚОСШЫ. KAZINFORM - Қосшыда көне түркі мұрасы мен ұлттық руханият мәселелері кеңінен талқыланған ауқымды конференция өтті. Түркі жазуы күніне арналған «Көне түркі жазбалары: тарих пен тағылым» атты республикалық жиын Қоғамдық-мәдени спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған ғалымдар, сарапшылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Фото: Ақмола облыстық ІСБ

Шара басталмай тұрып-ақ кешен фойесінде ерекше қозғалыс байқалды. Қонақтар көне түркі жазбаларының көшірмелері қойылған көрмені тамашалап, тарихи жәдігерлер мен танымдық материалдарды қызыға қарап жүрді. Әсіресе руникалық таңбалар бейнеленген стендтер көпшіліктің назарын аударды.

Фото: Ақмола облыстық ІСБ

Конференция басында Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкей қатысушыларды Түркі жазуы күнімен құттықтап, жиын жұмысына сәттілік тіледі.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова көне түркі жазбалары ұлттың тарихи жады мен рухани негізінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

– Осындай тағылымды мұралар арқылы біз ата-бабаларымыздың дүниетанымын, елдік ұстанымын, мемлекет құрудағы даналығын тереңірек түсінеміз. Бұл – жастар тәрбиесі үшін аса маңызды, – деді ол.

Сонымен қатар басқарма басшысы Қосшы қаласының рухани-мәдени бастамалар өтетін маңызды орталықтардың біріне айналып келе жатқанын айтты.

Фото: Ақмола облыстық ІСБ

Жиында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан да сөз сөйлеп, көне түркі мұрасының ұлттық бірегейлікті сақтаудағы орнына тоқталды.

Конференция барысында ғалымдар түркі өркениетінің тарихы, жазу мәдениеті мен рухани сабақтастығы туралы мазмұнды баяндамалар жасады.

Тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Законұлы көне түркі ескерткіштеріндегі мемлекеттілік идеясына тоқталып, Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк жазбаларында түркі халқының ел бірлігі, тәуелсіздігі мен мемлекет сақтау жолындағы күресі көрініс тапқанын айтты.

Оның пікірінше, бұл мұралар бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің тарихи негіздерінің бірі саналады.

Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы көне түркі жазулары мен жыраулық дәстүр арасындағы сабақтастық туралы сөз қозғады. Ғалым түркі халықтарының ауыз әдебиеті мен көне жазба мұраларында елдік рух, батырлық сарын мен халықтық дүниетаным кең көрініс тапқанын атап өтті.

Фото: Ақмола облыстық ІСБ

Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Талғат Молдабайұлы көне түркі бітіг жазуының қалыптасуы мен жазу тарихының эволюциясына тоқталды. Ол Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазуды көне түркі жазу мәдениетінің маңызды мұраларының бірі ретінде атады.

«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров өз баяндамасында түркі халықтарының дәстүрлі күш мәдениеті мен рухани болмысының сабақтастығына тоқталды. Ол көне түркі дәуірінен келе жатқан батырлық рух, күш пен төзімділік ұғымдары ұлттық спорт пен мәдениетте бүгінге дейін сақталғанын айтты. Сонымен қатар әлемдегі алып тастарды көтеру дәстүрі мен түркі халықтарының күш өнері арасындағы тарихи байланыстар туралы да сөз қозғады.

Ал Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры Бақтыгүл Шағырбаева көне түркі жазуларындағы ұлттық дүниетаным мен мәдени жад мәселесін көтерді. Ол түркі халықтарына ортақ тіл, тарих пен рухани құндылықтардың бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына ерекше тоқталды.

Конференция барысында қатысушылар арасында еркін пікір алмасу жүріп, жастардың тарихи мұраға қызығушылығы жайлы да айтылды.

Шара соңында дәстүрлі әндер шырқалып, ұлттық өнер мен руханият үндескен концерттік бағдарлама ұсынылды. Кеш соңында көпшілік залдан ерекше әсермен тарады. Себебі бұл жиын тек ғылыми басқосу ғана емес, түркі дүниесінің терең тамырын тағы бір мәрте сезіндірген рухани кездесу болды.