«Конфуций ғақлияларында» не айтылған?

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Конфуций ғақлиялары» - Қытайдың мәдени, рухани әлемінде алатын орны ерекше құндылықтардың бірі. Біз бүгін «Конфуций ғақлиялары» деп аталатын, түпнұсқадан аударылған кітап турасында сөз қозғамақпыз. Бұл кітап "Ізгілік", "Әдеп-иба", "Ел билеу, саясаткерлік туралы" және "Ілім-білім" деген төрт бөлім негізінде 21 тарауға бөлінген.

Аталған кітаптың кіріспе сөзінде: ««Конфуций ғақлияларында» - Конфуций мен оның шәкірттерінің сөз-әрекеттері жинақталған», - деп жазылған. Қытайлар ұлы ойшыл Конфуцийді өз тілінде Кұңзы деп атайды. Кұңзы жаңаша жыл санауға дейінгі 551 жылдан 479 жылға дейін өмір сүрген. Аты -Чю, жанама аты - Жұңни. Чүнчю дәуірінде Лу бектігінің Зуиы деген жерінде (қазіргі Чандун өлкесінің Чүйфу ауданы) туған. Қытайдың тағылымшылдар ағымының негізін салушы, Хан ұлтының ерте кездегі ұлы ойшылы, ағартушысы, сонымен қатар саясаткері. Арғы атасы Сұң бектігінің ақсүйегі болған Кұңзы ұлтының рухани, мәдени, идеялық дамуына ерекше үлес қосып, терең ықпал еткен. Ол жасырақ кезінде өзі тұратын Лу бектігінде жол-жора істерін басқарған, кейін есеп-қисап істері және мал шаруашылығын басқару сынды ұсақ мансаптарды атқарған. Кейінірек бектіктің басқарушыларына наразы болып, өзге елге қоныс аударып кеткен. Ол өзінің саяси дәріптемелерін іске асыру үшін бірнеше бектіктерді аралайды. Алайда ешқайсысынан қолдау таппаған соң туған жеріне қайтып келіп, өмірден өткен. Ол жасы егделеген уақытта, өмірден жиған тәжірибесі мен оқыған кітаптарынан алған білімін негіз етіп, шәкірт тәрбиелеумен айналысқан. Аңыздарға қарағанда оның шәкірттерінің саны үш мыңға жеткен көрінеді. Олардың ішінде кейінгі ұрпаққа белгілі болып, есімдері ел есінде қалғандарының саны сексенге жуық. Кұңзы «Жырнама», «Ертедегі тарих» сияқты байырғы әдеби, тарихи мұраларды ретке салып, өңдеген. Оның бұл еңбектері Қытайдың тұңғыш жылнамалық тарихи шығармасына айналды. Дегенмен кейбір тарихшы ғалымдар ұлы философтың бұл еңбегіне күмәнмен қарап, Кұңзы алғашқы жылнаманы көркемдеп өңдеуші деген пікірмен келіспейді. Бірақ, ақиқатына жүгінер болсақ, әйгілі ақылманның классикалық шығармаларды өте жетік білгені, тарихи әдебиетті өңдеуге қабілетінің еркін жететіндігі тек қытай халқына ғана емес, күллі адамзат баласына тәлім боларлық құнға ие артына қалдырған мол мұрасы дәлел болады.

«Конфуций ғақлиялары» данышпанның өмірі мен рухани құндылықтарын сараптаудың, ішкерілей танысудың таптырмас құралы.

Айта кету керек, «Конфуций ғақлиялары» ілімгер ақылманның өз қолымен тасқа басып, қағазға түсіріп жазып кеткен дүниесі емес. Бұны аталған кітаптың мазмұнына қарап байқауға болады. Жалпы, «Ғақлиялар» ғұлама ғалымға замандастарының қойған сауалдарына берген толғамды, естіген кісі есінде қаларлықтай жауаптары және шәкіріттерінің Кұңзыдан жазып алған өсиет сөздері. «Кұңзы ғақлиялары» турасында талас-тартыс тудыратын пікірлер бар. Хань династиясы тұсында «Кұңзы ғақлиялары» үш нұсқада болған. Атап айтар болсақ: «Лу бектігінің ғақлиялары», «Чи бектігінің ғақлиялары» сонымен қатар «Ескі тілдегі ғақлиялар» деген. Алайда кейінгі ғалымдардың түрлі өңдеуіне түссе де қазірге жеткен Конфуций ілімінің адамдарға берері мол.

Бұл кітап - Конфуций идеясын, өмірін зерттеудің ең негізгі материалы. Аталған кітап Қытайдың ерте заманнан бүгінге жеткен баға жетпес құнды мұраларының бірегейі екені даусыз. «Конфуций ғақлиялары» кейінгі көптеген зерттеуші ғұламалардың көз майын тауыса отырып зерттеп, екшеуінің арқасында барынша кемелдене түскен. Сондықтан оның құны тек Қытайдың ғана емес, адамзат руханиятында алар орны ерекше мұралар тізіміне енген. Қағаз бетіне түскен «Ғақлиялардың» ұйытқысы - ізгілік.

«Ізгілік» - «адамды сүю», «өзің жақсы көрмегенді басқаға таңба», «аяғыңды нық басып тұрамын десең, басқалардың да аяғынан нық басып тұруына көмектес!» деген сияқты сөздер. Ізгіліктің басты ұстанымы - халыққа жан-жақты жақсылық жасау, бұқараның жақсы өмір сүруіне қол ұшын созу. Оның бұл сөзі Қытай көсемі Мао Цзэдун идеясында көрініс тапқан. Мысалы атақты коммунистің «Халық үшін қызмет етейік!» деген сөзді ең басты ұран етуі Конфуций мұрасының бүгінге жеткен жаңғырығы іспетті.

Конфуций осы «Ізгілікті» іске асырудың тура жолы ретінде «Әдеп-ибаны» өлшем ету керек деген ойын ортаға қойған. Атақты ойшылдың «Әдеп-иба» деп отырғаны басқаша сөзбен айтқанда құрметшілдік. Атап айтар болсақ, оның әлем философиясына белгілі «Патша патша сияқты, уәзір уәзір сияқты, әке әке сияқты, ұл ұл сияқты болуға тиісті!» деген сөзі. Яғни, әркім өз орнын білуі керек. Және кімнің дәрежесі қандай болса, сондай құрметтелуге тиіс деген сөз. Немесе «алдыңа қурай шаншып қойып, ол сенің патшаң десе құлдай бас ұр!» деген ойы аңғарылады. Конфуций қоғамның берекесін адамдардың бір-біріне ізет, құрмет білдіруімен сақтауға болатынын өсиет еткен. Зерттеушілердің айтуынша, Конфуций ілімі: «Бәрінен де бауырмалдық пен перзенттік парызды ұмытпа, туған-туысқандарға қайырымды бол, тәубешілдік пен үнемділікті бағала, бойыңдағы ашу мен ызаны басуға үйрен, білім мен біліктілікті жоғары қой, көңіліңе сай келмейтін ілімнің бәрінен арыл, басқаларды да ағат жолға қадам басудан сақтандыр», - дейді.

Кұң Ұстаз шәкірттері Ұстаздарының болмысында төрт нәрсе: «қыңырлықтың, көзқарас тарлығы, теріс ұғымның және менмендіктің» жоқтығын айтатын. Соған қарап Конфуций жай ғана ғұлама ғалым ғана емес, көркем мінезді асыл адам болғанын аңғаруға болады.

Конфуций ілімінің үшінші бір бөлімі саяси идеялары деуге болады. Оның ескішілдікті қорғайтын саяси идеяларында алғабасарлық жағы да жоқ емес. «Мың соғыс арбасы бар қуатты мемлекетті басқару үшін үкіметтің істерін өте абайлап жүргізу керек. Бұйрықтардың шынайылығына мән беру, үнемшіл болу, халықты негізгі тіршілікке (егіншілікке) қажетті уақытынан басқа кезде ғана мемлекет жұмысына жұмсау, оларды аялау керек», - дейді.

Шығыс данышпаны өмірінің соңында Ежелгі қытай тарихындағы тұңғыш мектепті ашып, үш мыңнан астам білікті шәкірттер тәрбиелеумен аты аңызға айналған адам екені белгілі. Оның үздік 70-тен астам шәкірті артына қалдырған асыл мұраларының қанат жаюуына себеп болған. Конфуций мұраларының төртіншісі - ілім-білім хақында. Оқу-ағарту ісінде Кұң Ұстаз екі бағытты айрықша дәріптеген. «Үйренуден зерікпеу, үйретуден қажымау» сондай-ақ «адамдарды жікке, тапқа бөлмей тәрбиелеу». Үйрену турасында «кітап оқығанда ой жүгіртпей, оқи беру - адамды мең-зең күйге түсіреді. Кітап оқығысы келмей, дүниенің сырына қаныққысы жоқ болып, тек бос қиялға берілген адам қатерлі жолға түседі». «Білгеніңді білем де, білмегеніңді білмеймін де». Конфуцийдың «Келе жатқан үш адамның біреуі маған ұстаз бола алады», «Мінез-құлықты жетілдірмеу, дұрыс қағидаларды естігенде дереу іске асырмау, жаман әдеттерден арылмау - менің уайымым міне осылар» деген еді. Шәкірттерінің айтуынша Конфуций ғажайыптар, жын-әруақтар жайында сөйлемеген. «Мен 15 жасымда бiлiмге құмарттым. 30 жасымда талабымның дұрыс екенiн байқадым. 40 жасымда бiлiмпаз болу қызғы­лық­ты көрiндi. 50 жасымда ғалам, тiршi­лiк заңды­лықта­рын ұқтым. 60-та осы заң­дылықтарға мұқият зер салып жүр­дiм. 70-те жүрегiмнен жеткен кеңестерден бiр­де-бiр аспадым», - деген сияқты биік парасатқа толы мол мұралар қалдырған ұлы ұстаздың дүниетануға, адамтануда берер пайдасы орасан.

«Конфуций ғақлиялары» қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей аударылған жоқ. Оның басқа ұлт тілдеріне тәржімаланған кей бөлімдері ғана қазақшаға аударылып келгенін айта кеткен жөн.

Бейсен Сұлтан