Көңілі көтеріңкі адам пісірген нан дәмді болып шығады - зауыт директоры

Елімізде 16 қазан – Нан күні. Халқымыздың «Ас атасы – нан» деген бірауыз сөзінен-ақ нанды қаншалықты қадірлегенін көруге болады. Аштық жылдары мен сұрапыл соғыс тұсында бір үзім нанның құны ат басындай алтыннан да артық еді. Бүгінгі мерекеге орай, Кazinform агенттігінің тілшісі Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы нан зауытының директоры Манарбек Тоқажановты әңгімеге тартып көрді.

Фото: М. Тоқажановтың жеке мұрағатынан

- Әңгімемізді Нан күнінің маңыздылығынан бастасақ...

- Бұл мереке елімізде 2019 жылдан бері атап өтіліп келеді. Ондағы мақсат – халықты нан өнімдерін қадірлеуге шақыру, осы салада тер төгіп жүрген еңбекшілердің мәртебесін, құрметін арттыру. Бірақ өкінішке қарай, әлі де халық арасында Нан күнін білетіндер некен-саяқ. Сол үшін қызықты шаралар, түрлі фестивальдар ұйымдастырылғаны жөн. Біз соған қуана қатысар едік.

- Зауытта қандай өнімдер шығарасыздар?

- Біздің зауыт Кеңес үкіметінен бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта Шемонаиха, Глубокое аудандары мен Өскемен қаласын нанмен қамтамасыз етіп отырмыз. Күн сайын 3 200 нан, 2 жарым мыңдай тоқаш шығады. Бұдан бөлек, түрлі печенье, тәтті орама, қалың пірәндік жасаймыз. Бізде торттың 20-ға жуық түрі бар. Күніне барлығы 120-140 аралығында тортты сатылымға шығарамыз. Жұрт арасында өнімдерімізге деген сұраныс жақсы. Себебі біздікі таза өнім, ешқандай қоспа жоқ.

Зауытта 102 адам жұмыс істейді. Өнімдерді 8 бағыт бойынша 4 көлікпен тасымалдаймыз. Бір айта кетерлігі, зауыт өз қуаттылығының тек 50 пайызын іске қосып отыр. Негізінен жұмыс қарқынын екі есе арттыруға болады.

Фото: М. Тоқажановтың жеке мұрағатынан

Кейбіреулер нан тез көгеріп кетпесін деп түрлі дәмдеуіштер қосып жатады ғой. Біз ондайға түбегейлі қарсымыз. Себебі нан таза, табиғи болуы керек. Өнімдеріміздің ең жоғары шыдамдылық уақыты – 12-15 күн. Ал орташа есеппен алғанда 7 күндей. Есесіне зейнеткерлерге, балаларға ешқандай зияны жоқ, керісінше пайдалы. Шетелде шығарылған өнімдер секілді емес, зауытымыздағы әрбір өнім адам қолымен істеледі. Әрине, кейбір элементтерге техника тартылады. Алайда бәрібір адам қолынан шыққан нан дәмдірек болады. Одан кейін нан илеп жатқан адамның көңіл-күйі де көтеріңкі болуы қажет.

- Сонда нанның дәмі оны пісірген адамның көңіл-күйіне байланысты ма?

- Әлбетте. Отбасында кикілжің болып жатқан немесе қандай да бір мәселеге басы қатып жұмысқа ынта-ықыласы жоқ адам дұрыс нан пісірмейді. Ол үнемі солай. Көңілі жарқын адам жасаған нан көтеріліп пісіп, ерекше дәмді болып шығады. Сол үшін өзім таңертең жұмысқа келгендердің жүзіне, көңіл-күйіне мұқият мән беріп қараймын. Егер бір кілтипанды байқасам, қал-жағдайларын сұрап, арасында әзілдеп, көңілдерін аулауға тырысамын. Нан өте сезімтал ғой. Адамның көңілін қолынан-ақ сезіп қояды.

- Нанның бағасы қандай?

- Нан бағасы ұнға байланысты. Шығыс Қазақстанда бірінші сортты ұн бағасы осыдан бір апта бұрын 145 теңге еді, қазір 192 теңгеге жетті. Бізде жер-жерде өзіміздің дүкендеріміз бар. Сонда бірінші сорт нан – 110-120, екінші сорт – 90-100 теңгеге сатылады.

- Қазіргі жас ұрпақ нанды қаншалықты бағалайды деп ойлайсыз?

- Өз басым көшеде нанды жерге тастап немесе жердегі нанды таптап өткен жасты көрген емеспін. Нанды қадірлеу – қанымызға сіңген әдет дей ойлаймын. Сондықтан қазақ жастары нанға деген құрметті жоғалтпаған.

- Өз балаларыңызға нанды қадірлеу қажеттігін айтып отырасыз ба?

- Біз үйімізде нанды ерекше қадірлейміз. Тамақты нан қосып жейміз. Тұрып қалған нанды да лақтырмай, одан қытырлақ жасаймыз. Балаларым айтқызбай біледі. Жалпы балаға тәрбие тек сөзбен емес, іспен болуы керек. Өзің дұрыс үлгі көрсетсең, сонда нәтиже шығады.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Фото: М. Тоқажановтың жеке мұрағатынан