***
Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Конституция - мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуы өтті. Шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналды. Конференцияға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде, Президент, Отанымыздың соңғы 15 жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктердің барлығы бұл - Конституцияның заңнамалық базасында қабылданған нақты әрекетінің жемісі екенін атап көрсетті. Елбасының осы алқалы жиында сөйлеген сөзі «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде жарияланды. «Қазақстан халқы осыдан 15 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын, жүрер жолын айқындады. Еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжатын - төл Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымыс мемлекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Конституция - мемлекеттік биліктің қайнар көзі - халықтың өзі екенін айқындады. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Осы мерейлі межеге биыл 15 жыл толып отыр. Бүгінгі конференцияның осы айрықша мереке қарсаңында өткізілуі оның маңызын арттыра түседі деп есептеймін», деді ҚР Президенті.
«Кәсіпкерлік кедергісіз дамуы тиіс». «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақала Экономикалық даму және сауда министрлігі, Ақтөбе облысының әкімдігі және "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен Ақтөбеде өткен "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын жүзеге асыру барысы және әкімшілік кедергілерді қысқарту" атты республикалық көшпелі кеңеске арналған. Алқалы жиын жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, облыстық әкімдіктердің өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, жеке кәсіпкерлер, қаржы және банк саласының қызметкерлері қатысты. Басылымның жазуынша, үстіміздегі жылдың жеті айында облыста өнім өндіру анағұрлым артқан. Сондай-ақ, салық және басқа төлемдердің түсімі де арта түскен. Облыста тұрғын үйді пайдалануға беруде де ілгерілеушілік бар. Тұтыну бағаларының индексі де республикалық деңгейден біраз төмен. Биыл облыс ішкі жалпы өнім өндіруді 6 млрд. АҚШ долларына жеткізуге бағыт ұстауда. Биыл 43 индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Орта және шағын бизнесті дамыту, индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы 25 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.
***
«...демократиялық қоғамның ең негізгі іргетасы болып саналатын жергілікті өзін-өзі басқару институты бізде мүлде жоқ. Формальды тұрғыда заңдастырып қойғанмен, ол институт атқарушылық биліктің тікелей қарамағында. Бұл екі мәселені толықтай шешпей, Ата Заңымызда бекіткен демократиялық, құқықтық қоғам құру мақсатымыздың іс жүзіне асуы алыстай береді». Бұл пікірді белгілі заңгер, құқықтанушы, «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында білдірген. Ол мемлекет заңдардың орындалуы таза болған жағдайда ғана дамиды және трансформациялық кезеңде Конституцияның түрлі қажеттіліктерге байланысты тағы да өзгерістер мен толықтыруларға ұшырауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Елбасының түрлі салтанатты шараларда сөйлейтін сөздерін кім қалай қабылдап жүр? Журналист Айбын Бақытұлының пайымдауынша, Мемлекет басшысының баяндамалары мен құттықтау сөздері қатардағы лебіз білдіру емес, ол - елдің дамуына қатысты маңызды құжат, олар тәуелсіз ел тарихына жазылып қалып жатыр. Сондай-ақ Елбасының әр сөзі рух пен жігерге, терең мағынаға, идеяға толы. Кемел келешек үшін айтылатын ойлардың көркемдігі өз алдына. Кейде жұрт алдында жаттанды сөз айтқанына масаттанып жүретін әкімқаралар Елбасыдан үлгі алса...
Конституцияда ақау болса, халықтан маза қашады немесе керісінше, халықтан маза қашса, Конституция зардап шегеді. Бұл тіркестің нақты өмірдегі мысалын көрші Қырғызстан көрсетіп берді. Тәуелсіздік алғалы бұл елде екі рет конституция қабылданғанына қарамастан, Ата заңға өте көп түзету енгізілді. Осы жылдың көктемінде басталған төңкерістер жергілікті заңдар жүйесінің тыныштығын тағы бұзды. Енді ара-тұра Қырғызстанның парламенттік құрылымдағы елге айналуы сөз болып жүр. Бұл жағдай тағы да ата заңның қадір қасиетін қашырып, халықтың референдумына ұсынылуы мүмкін. Дегенмен конституцияны аяқасты ету авторитарлы келбеті бар елдерде ғана емес, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің тарапынан да орын алып жатады. Мысалы, осыдан екі жыл ғана бұрын Канададағы басқарушы партия елдің негізгі құжатын аяқасты етіп, өз құзыретінен тыс әрекетке бармақ болғаны әлемдік қауымдастық тарапынан «конституциялық дағдарыс» ретінде бағаланып, үлкен дауға айналды. Конституциясын талақ еткен елдердің тағдыры не болды? Ата заң мерекесі қарсаңында журналист Сәкен Көкеновтің сараптамасы осы жайында.
***
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының инновациялық-технологиялық даму саясаты ұлттық компаниялардың жұмысына енгізілмек. «Айқын» газетінің жазуынша, бұл туралы кеше Қайрат Келімбетов қор құрамына кіретін ұлттық компания басшыларының І Инновациялық саммитінің ашылу салтанатында мәлім еткен.
«Оның айтуынша, қордың инновациялық-технологиялық саясаты еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асырып, мұнай-газ, отын-энергетика, теміржол, телекоммуникация, атом энергетикасы және әуе тасымалы салаларының модернизациясына басымдық береді. Сөйтіп, холдинг құрамындағы "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", "ҚазАтомөнеркәсіп", "Кегок", "Қазақтелеком" сынды ұлттық компаниялармен бірге, бірінші деңгейдегі - 42, екінші деңгейдегі - 113, үшінші деңгейдегі - 186, сонымен қатар төртінші деңгейдегі - 63 еншілес және тәуелді ұйымдардың жұмыс тәртібіне заман талабына сай тиімді тәсілдерді енгізеді», деп жазады басылым. Жарияланымның толық нұсқасын оқығыңз келсе, газеттің сенбілік санында жарық көрген «Құжат жобасы қыркүйек айында талқыланады» деген мақалаға назар салыңыз.
Он бес жыл бұрын Қазақстанның қазіргі Конституциясы қабылданды. Осы уақыт аралығында еліміздің негізгі заңы республика дамуының басты тетігіне айнала алды ма? Конституцияға деген ел ішіндегі құрмет қандай? Бұл сауалдардың жауабын білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарында басылым тілшісінің сұрақтарына тұщымды жауап берген Қазақстан Конституциялық Кеңесі Аппараты басшысы Әлібек Темірбековтің сұхбатына назар аударыңыз. «Қазақстан Республикасы Конституциясы халық үшін жазылған. Сондықтан қазіргі кезде ең бастысы Конституцияға сай өмір сүріп, еңбек ете білу керек. Мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне, экономикамыздың нығаюына Ата заңымыздың қосар үлесі зор!», дейді Ә.Темірбеков.
***
«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында ҚР Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Роговтың сұхбаты «Конституция - не застывший текст, а живой документ» деген тақырыппен жарық көрді. Онда конституциямыздың қалыптасу кезеңдері, елдің құқықтық дамуындағы Тұңғыш Президент - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі және негізгі заңның әлеуеті жайында кеңінен баяндалған.