Бұл күні әскери парад алғаш рет «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өтеді, ол бүкіл қазақстандықтар үшін айтулы оқиға болмақ.
Ы.Оразаев - Ұлы Отан соғысына қатысушы, отставкадағы полковник, 1921 жылы маусымның 10-ында туған. 1942 жылдың қазан айынан 1945 жылдың мамырына дейін майданда болды. Волхов майданының 59-ыншы армиясы құрамында Новгород қаласын азат етуге, Ленинград қоршауын бұзуға (Луга түбінде) және Ленинград майданының құрамында Сандомир шебін бұзуға, Краковты, Дрезденді, Праганы азат етуге қатысты. Соғысты Австрия аумағында Венаның әр жағындағы Мельк маңында аяқтады. Ұрыс кезінде үш рет жарақат алып, екі рет зақымданды.
Жауынгерлік ерлігі үшін екі мәрте ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, мерекелік медальдармен марапатталды, өткен жылы «Астананың 10 жылдығы» медаліне ие болды.
- Ысқақ Зәкірұлы, құрметті ақсақал, орденді ардагер ретінде айтыңызшы, сіздің көзқарасыңызша, бүгінде біздің армия қалай дамып отыр және ол еуропалық стандарттарға сәйкес пе?
- Әрине, қазақстандық армия күшейіп келеді. Мен Қазақстанда 2010 жылы аяқталатын қару-жарақты жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын білемін, бұл өте дұрыс қадам деп ойлаймын. Жауынгерлік даярлықтың сапасын арттыру және жаңа техниканы тиімді пайдалану жолындағы жұмыс жүріп жатыр. Сірә, біз НАТО стандарттарына жақындап келе жатқан сияқтымыз, алайда біз бүгінде баспасөз жиі жазып жатқан, мысалға, Ауғанстан миссиясы тәрізді ірі бітімгершілік миссиясына әзірміз бе... Бұл енді басқа мәселе, әсіресе бұрынғы өткен ауған науқанының сәтсіздікке ұшырап, көптеген жас адамдардың жан қиғанын ескеретін болсақ. Бізге әлі де шыңдалу керек, деп ойлаймын. Біздің армия «жас» - уақыт керек, бүгінде жүргізіліп жатқан реформаларды ертерек қолға алу керек еді.
- Ысқақ Зәкірұлы, әсіресе әскерге шақырылатын жастардың ынтасын арттыру үшін армияны қалай тартымды етуге болады?
- Өз кезіндегі әскери қызмет әрбір азаматтың патриоттық борышы саналатын кезең көзден бұл-бұл ұшты, қазір оның даңқын қалпына келтіретін кез келді. Бұл үшін ең алдымен әскердегі әлімжеттікті тыю керек, әрине, мұны бірден жою оңай емес, мерзімді әскери қызметтегілермен қатар, баяғы кеңестік жатақханаларда отбасыларымен тұрып жатқан офицерлердің тұрмыс жағдайын түзеу керек. Көптеген бөлімдерде жаңа жөнделген казармалар бар екенін білемін, азық-түлік те мол. Дағдарыс жағдайында және қаржылық қиыншылықтар тұсында басқалармен бірге әскерилерге де әлеуметтік-экономикалық қолдау қажет. Армия күшті болу үшін қаржы да жеткілікті болуы тиіс. Бұдан басқа, өз біліміңді іс жүзінде қолдану, яғни ұрыстар операциясын жүргізудің жаңа тактикасын ескере отырып, халықаралық жаттығуларға қатысып отыру керек. Мен сарапшылардың негізгі күшті кәсіби армия қалыптастыруға салу керек деген пікірлерімен келіспеймін.
- Аға ұрпақтың көптеген өкілдері Қарулы Күштердегі патриотизм тақырыбы өзінің өзектілігін жойды деп санайды, ал сіздің пікіріңізше, жас ұрпақтың бойында патриотизм сезімдерін қалай тәрбиелеуге болады?
- Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру - жас мемлекет құрылысындағы маңызды факторлардың бірі. Ал оған қалай үйрету қажет? Отанымыздың тарихын, тіпті оның қайғылы беттерін болсын, жас ұрпақтың зерделеуіне үнемі жәрдемдесіп отыру керек. Ата-аналар, мұғалімдер балалардың бойында азаматтық рухты, Отаншылдық сезімді тәрбиелеуге күш салулары тиіс. Ал біздер, өмірдің талай оқиғалары мен қиыншылықтарын бастан өткерген аға ұрпақ жастарға кешегі арқылы Қазақстанның бүгіні мен болашағын парықтауға көмектесуіміз керек. Біздің бәріміз де нағыз патриот болуға тиіспіз, сонда ғана елдің күш-қуаты арта түспек.
- Ысқақ аға, сіз білесіз, Конституция күнінің маңызы арта түскені ескеріле отырып, бүл күні алғаш рет «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда әскери парад жоспарланып отыр, осы оқиғаға орай сіздің пікіріңізді білсек деп едік?
- Мен парадқа әзірлену жөнінде орасан зор жұмыс жүргізіліп жатқанын, оған барлық әскери құрылымдардың дерлік өкілдері: аймақтық қолбасшылықтар, Аэроұтқыр және Құрлықтағы әскерлер, Әскери-теңіз күштері, кадеттер, Әуе қорғанысы күштері әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары қатысатынын баспасөзден оқып-білгенмін. Бірақ мен біртүрлі абыржып қалдым: бізді, қарт жауынгерлерді неге шақырмайды деп ойлаймын. Біз шау тарсақ та, саптан шыққан жоқпыз. Мақтанғандай болып көрінермін, әйтсе де, 88 жасқа келсем де әлі де сарбаздық бабымдамын, мен де парадқа қатысып, жастарға өнеге көрсеткім келеді, өйткені бұл біздің әскери қуат-күшіміздің жарқын көрінісі ғой.