Алайда қазақ тәжірибесіндегі бұл соңғы жағдай көптеген елдердегі қалыптасқан ол дәстүрмен үйлеспейді.
Қазақстандағы жаңа конституциялық өзгерістер жайлы Египеттегі «Роз Әл-Юсуф» журналының тілшісі Худа Әл-Масри осындай пікір білдірді.
«Жалпы, мемлекет басшысы шексіз билікке қол жеткізу мақсатында өз өкілеттігін кеңейтуге, елдің басшысы ретінде ықпалын асыруға ұмтылатындығы белгілі. Осылайша демократиялық принциптер мен билік тармақтарының өкілеттігіне зиян келтіріп, қоғамдық бостандықты шектеуі мүмкін.
Алайда қазақ тәжірибесіндегі бұл соңғы жағдай көптеген елдердегі қалыптасқан ол дәстүрмен үйлеспейді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған бірқатар конституциялық және құқықтық өзгерістеріне сәйкес, Мемлекет басшысы заңмен бекітілген президент өкілеттігінің басым бөлігінен бас тартып, оларды Үкімет пен Парламентке бермек. Жаңа жағдайда президент биліктің үш тармағының арасындағы жоғары арбитрдің рөлін атқаратын болады. Елбасы стратегиялық міндеттеріне баса назар аударып, күш-жігерін сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғанысына жұмылдырмақ.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен Президент Нұрсұлтан Назарбаев егеменді Қазақстанның алғашқы президенті мәртебесінде тарихи жауапкершіліктермен бетпе-бет келді. Атап айтқанда, Н.Назарбаев қиын кезеңде - Кеңестік одақтың күйреген, саяси және экономикалық орталықпен байланыстардың үзілген ауыр жылдары билікке келді. Сондықтан да ол кезеңде президент елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты ел билігін өз қолына жинақтауға, көптеген өкілеттілікті мойнына алуға тиісті болды.
Президенттің көптеген өкілеттілікті қолына жинақтауы жеке дара билеп-төстеу үшін емес, керісінше елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына жетумен байланысты болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жақын арада конституциялық өзгерістер енгізілетіндігін, соның негізінде Президент ерікті түрде заңмен бекітілген бірқатар өкілеттігінен бас тартып, оларды Үкімет пен заң шығарушы орган «Парламентке» беретіндігін бұл, өз кезегінде, Парламенттің, еліміздегі сот жүйесі мен прокуратураның рөлін кеңейтетіндігін және олардың Конституциялық құрылысымыздың бұлжымайтынына кепілдік беретіндігін жариялады.
Осы өзгерістерге сәйкес, Үкімет өз өкілеттігін бұрынғыдай Президенттің емес, жаңадан сайланған Мәжілістің алдында тоқтатады, Үкімет мүшелеріне Парламент палаталары тарапынан сенімсіздік білдіру тәртібін оңайлатады. Осылайша, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы тармаққа бақылау жасауы күшейтіледі. Бұдан басқа Үкіметке өзі толықтай жауапкершілік арқалайтын мемлекеттік бағдарламаларды бекітуді тапсыру орынды болмақ, сонымен қатар Үкіметке өзіне оның құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру мен тарату құқығы беріледі. Осыдан соң Президент Үкімет пен Премьер-министрдің актілерінің іс-әрекетінің күшін жою, я болмаса тоқтату құқығынан бас тарта алады.
Осының барлығы атқарушы мемлекеттік органдар мен оның басшыларының жауапкершілігін арттырып, қажетті өкілеттіктер береді. Заң күші бар президент Жарлықтарын қабылдау мүмкіндігі туралы норма көкейтестілігін жояды, өйткені ол міндет жергілікті атқарушы билікке қатысты Парламентке жүктелетін болады.
Менің пікірімше, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай қадамдарға саналы түрде баруы, қазіргі заман тарихында алғаш рет қазақтар үшін мемлекет құрып жатқандығының айқын көрінісі. Ол заңмен және Конституциямен бекітілген президенттік өкілеттікті өзі үшін пайдаланбай, керісінше, оны сырттан жарнамалап тықпалайтын демократияға ұрындырмай, ұзақ жолдан өткен елдің тұрақтылығын қамтамасыз етудің әдісі ретінде қолдана білді. Қазақстан келешек қадамдарын жан-жақты ойластырған, халқы саяси жетілген, тұрақтылыққа қол жеткізіп толысқан кезеңде, яғни ол өзінің саяси құқығын елдің экономикалық ахуалы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмей еркін де демократиялық түрде іске асыра алатын жағдайға жеткенде ғана нақты демократиялық қоғамға айнала алмақ»,-дейді Худа Әл-Масри.