Расында да бұл солай. Өйткені, оның күтіліп отырған жыл сайынғы Президент Жолдауынан бұрын жариялануы мәселенің маңыздылығын айғақтаса, екінші жағынан күн тәртібінде Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі де қылаң берді. Өзгерістердің, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлудің негізгі себебін Елбасы былай деп түсіндірді:
«Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым».
Билік тармақтары арасындағы өкілеттікті бөлу екі негізгі бағытты қамтып отыр. Біріншісі - Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру. Ендеше, атқарушы биліктің мемлекеттің экономикалық дамуындағы жауапкершілігі, елдің әлеуметтік ахуалын жақсартудағы міндеті де артады деген сөз. Бұл ретте атқарушы билікке мемлекеттік бағдарламаларды бекіту құзыры беріледі. Осылайша, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына Үкімет толықтай жауапкершілік алатын болады.
Екінші - билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Бұл ретте Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейту көзделеді. Әлбетте, екі міндеттің екеуі де маңызды. Соның ішінде Парламенттің құзыретін кеңейтіп, оның рөлін күшейту мәселесі де біраздан сөз болып отырған дүние еді десек артық айтпаған болар еді. Ал биліктің заң шығарушы тармағы бойынша күтілетін өзгерістер нені білдіреді? Осыған тоқталсақ.
Президент үндеуінде парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын жасақтауға шешімді түрде әсер ете алатыны айтылды. «Үкімет құруда Парламент рөлін, министрлердің депутаттар алдындағы жауапкершілігін күшейту аса маңызды. Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын жасақтауда шешімді түрде әсер ете алады. Осыған байланысты, енді Үкіметті бұрынғыдай Президент алдында емес, Парламент алдында босату заңды болады. Парламент палаталары тарапынан Үкімет мүшелеріне сенімсіздік таныту тәртібін жеңілдету қажет. Бұл заң шығарушы биліктің атқарушы биліктің үстінен бақылауын күшейтеді», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасының айтып өткеніндей, бұл қадам биліктің барлық тармақтарының жұмысын тиімді әрі жауапты етіп, олардың арасында тиісті теңгермелік жасайтын болады. Айта кетерлігі, атқарушы биліктің тізгінін ұстайтын Үкімет басшысын тағайындаудың қолданыстағы тәртібі жалпылама сақталады. Мәселен, Конституцияның 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен кеңескеннен кейін жалпы келісімін алу үшін Мәжілістің қарауына Премьер-Министрдің кандидатурасын енгізеді. Осылайша, Президент Парламент Мәжілісінің келісімімен Премьер-Министрді қызметке тағайындайды. Тоқтала кететін жайт, кейбір мемлекеттердің саяси жүйесінде Премьер-Министрді Парламент Мәжілісі ұсынып жатады. Яни, Парламент Мәжілісі Премьер-Министрді ұсынып, оны Президент бекітеді. Ал Қазақстанда бұл жағы жоғарыда айтқанымыздай басқашалау. Дегенмен, көптеген елдерде, тіпті парламенттік билік басқаратын мемлекеттердің өзінде Премьер-министрді ұсыну және тағайындау Президенттің құзыретінде.
Жаңа реформалық ұсыныстарға келсек, Үкіметтің құрамын және оның құрылымын жасақтауда да Парламенттің рөлі артады. Бұл үшін жаңадан тағайындалған Премьер-Министр енді жасақталатын Үкіметтің құрамы мен оның мүшелері туралы кандидатуралар бойынша алдымен Мәжіліспен консультация өткізеді. Депутаттық корпуспен консультациялардан кейін ғана Мемлекет басшысына Үкіметтің құрамын жасақтау туралы ұсыныс жасайды. Бұндай тәртіп Үкімет мүшелерін қызметінен босату бойынша да сақталады. Бұл ретте тікелей Президенттің өзі тағайындайтын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерінен бөлек, басқа министрлер Мәжілістің мақұлдауынан өту керек деген сөз.
Тағы бір жаңалық - бүгінгі күні қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаңадан Президент сайланғанда ел Үкіметінің өкілеттігі доғарады. Ал ұсынылған жоба бойынша Үкіметтің отставкасы енді жаңа сайланған Президент емес жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында жүзеге асады. Осылайша, жаңа іске кіріскен Парламент Мәжілісі атқарушы биліктің жаңа құрамын жасақтауға да атсалысады деген сөз.
Тоқтала кететін тағы бір бағыт - Үкіметтің заң шығарушы билік алдындағы есептілігі һәм бақылауында болу тетігін жетілдіру. Жаңа реформаға сәйкес, Министрлер Кабинтінің басшысы Үкіметтің қызметінің негізгі бағыттары, маңызды шешімдер туралы бұрынғыдай тек Президентке ғана емес, Мәжіліске де баяндап отырады. Ал парламент палаталарына Үкімет мүшесінің есебін тыңдау нәтижесі бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің көпшілік дауысымен заңдарды орындамаған жағдайда министрді қызметінен босату туралы Президентке өтініш қабылдау құқығы беріледі. Осындай жағдайда Мемлекет басшысы Үкімет мүшесін қызметінен босататын болады.
Сонымен қоса, Президенттің бірқатар заң шығарушылық өкілеттіктері алынып тасталуы мүмкін. Мәселен, соның ішінде Президенттен заң шығаруға бастама жасау құқығы сақтала отырып, заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкіметке тапсырма беру өкілеттігі алынады. Мемлекет басшысының айрықша маңызды мәселелер бойынша Үкіметтің отырыстарына төрағалық ету құқығы сақталады, бірақ «қажет болған жағдайда» деген сілтемемен негізделеді.
Түйіндей келгенде, Президент үшін жаңа жағдайда стратегиялық функциялар, билік тармақтары арасындағы қатынастардағы жоғары төреші рөлі, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік, еліміздің қорғаныс қабілеті басымдыққа айналады. Әйтсе де, бұл парламенттік басқару билігі орнай бастайды деген сөз емес. Өйткені, біраз сарапшылар ондай басқаруды қолдағанымен, қазіргі Қазақстанның саяси партиялары оған дайын еместігін алға тартып отыр. Оның үстіне әлемнің көптеген сарапшылары соңғы уақытта президенттік-парламенттік басқару формасының тиімділігін мойындай бастаған болатын.
Ал депутаттардың өзі бұған не дейді?
Дархан Кәлетаев, сенатор: Елбасы Үндеуінде айтылған, Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейту мәселесі маңызды. Толғағы жеткен мәселе деуге келеді. Дегенмен, Елбасы мұны дер уағында көтеріп отыр. Реформа Парламентке құзыретпен бірге жауапкершілікті де жүктейді. Сондықтан осы жағын ескеру керек. Құзыретпен, жауапкершілікпен қатар Парламенттік сайлауларда саяси бәсекелестік те келеді. Менің ойымша, қазіргі таңда биліктің қай тармағы болса да, өзінің біліктілігінде осы үрдеріске дайын екендігін көрсетіп отыр.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты, Ақ жол партиясы фракциясының жетекшісі:
Бұл үндеу бізді қуантты. Қолдаймыз. Біз мұны Қазақстан саяси жүйесінің дамуындағы жаңа тарихи кезеңі деп санаймыз. Ол билікті халыққа жақындатып, түсінікті, әділ және жауапкершілігін жоғары ете түседі. Тұтастай алсақ, қазіргі күні Парламент пен Үкімет арасында өзара іс-қимыл жолға қойылған. Дегенмен, әлі де тереңдете түсетін жайттар баршылық. Қазіргі күні депутаттар заң жобасына түзетулер енгізеді. Ал министрлік өкілдері отырып алып, олардың заң жобасы тұжырымдамасынан тысқары екендігін айтады. Онда тұрған не бар? Конституцияға сәйкес заң жобасына депутаттардың түзетулері егер ол бюджеттің кірістер бөлігінің қысқаруына және шығыстарының ұлғаюына қатысты болған жағдайда ғана келісілуі қажет. Біздің, партиямыздың түзетулері Үкімет қорытындысына жиі жіберілген еді. Ал олардан теріс қорытынды келеді және соның негізінде бұл түзетулерді жұмыс тобы қабылдамай тастайды. Осы жағын да жақсарту керек.
Сергей Громов, сенатор:
Елбасы Үндеуінде айтылғанындай, Президенттен Парламентке берілетін өкілеттіктерді бүгінгі күннің дер қабылданатын шарасы әрі лайықты қадамдары деп бағалауға болады. Бұған депутаттық корпус та даяр деп ойлаймын. Ал Президенттен Үкіметке берілетін өкілеттіктерге келсек, осы арқылы атқарушы билік өзіне жүктелетін жауапкершілікті сезінетін болады. Сезініп қана қоймай, міндеттерді орындауға тікелей кіріседі. Айта кетерлігі, осы мәселе төңірегінде қос палаталы Парламенттің кәсібилігі туралы да әңгіме туындап жүр. Менің пікірімше, қос палаталы Парламент заңдардың сапалы түрде қабылдануын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, төменгі палата ескермеген жағдайларды жоғары палата түзете алады. Сондықтан заңдар сапалы болып, халыққа қызмет етуі үшін тағы бір сүзгі ретінде осындай жоғары палата қажет.