Оның айтуынша, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бес басымдыққа баса көңіл бөлінгені белгілі. Мемлекет басшысы мән беріп отырған басымдықтар мен бағыттардың әрқайсысы халық үшін аса маңызды.
«Өзім ұзақ жыл жоғары білім беру саласында қызмет атқарғаннан кейін биылғы Жолдаудағы білім мәселесі, соның ішінде жастарға кәсіптік-техникалық білім беру, осы салада мамандар даярлау, ауыл мен қала мектептерін теңестіру туралы міндеттерін толықтай қолдаймын. Ақпараттық технологияларды дамыту - алғаш рет жеке сала емес, жалпы экономикалық дамудың, елдік ілгерілеудің құрамдас бөлшегі және алғышарты деңгейіне көтерілді. Бұл да - төртінші индустриялық революция атанған, ілгері дамыған елдерде жүріп жатырған өзгерістердің заңды жаңғырығы. Тағы бір астын сызып айтар жайт, Президент Жолдауында аграрлық салаға кеңінен көңіл бөлінген. Нұрсұлтан Әбішұлы «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек», деп, барлық ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен ғалымдарына жауапкершілігі зор міндет жүктеді.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі басымдыққа ие бағыты болып саналады. Сондықтан да ауыл шаруашылығын дамыту және ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытудың өзіндік артықшылықтары бар. Соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту арқылы ауыл тұрғындарын жеңілдетілген субсидиялармен қамтамасыз ету және соның негізінде ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақтандыру. Міне, жаңа Жолдауда осы мәселе шешімін тапты. Яғни, бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да шағын несие ала алады. Яғни бұған дейін субсидияны ірі шаруа қожалықтары ғана алса, болашақта оны шағын бизнеске де көбірек бөлу шаралары қолға алынбақ. Әлемдегі көптеген елдердің халық шаруашылығына қатысты салалардың барлығында кооперация кеңінен тараған.
Мәселен, АҚШ, Канада, Аргентина, Швейцария және басқа көптеген алпауыт мемлекеттер кооперацияның тиімді екендігін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Егер біз де сапалы отандық өнімді экспортқа шығаруды көздесек, бірігіп жұмыс жасауымыз керек. Одан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тиімділігі мен артықшылықтары жұртшылыққа, әсіресе, ауылдағы мал ұстаған ағайынға жан-жақты түсіндірілуде. Осының бәрі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылмақ.
Алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға жағдай жасалмақ. Ендігі мәселе ауыл шаруашылығы тауарларын өткізуге келіп тіреліп отыр. Мемлекет басшысы бұл түйткілдің де түйінін тарқатып берді. Өнімнің өңдеу сапасын жақсартудың маңыздылығын айтып, Үкімет пен әкімдерге тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құруды тапсырды. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіріп, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар қолға алынбақ. Келесі мақсат - осы қызметті әлемдік озық әдістерді енгізе отырып, жаңа деңгейге көтеру, мейлінше жетілдіру. Ауыл шаруашылығында жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру - өте өзекті мәселе. Жолдауда жердің құнарлылығын арттырып, жерді тиімді пайдалануға көп көңіл бөлінген.
Осы орайда суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға дейін жеткізу іске асырылмақ. Соңғы кезде ғылым саласына көп көңіл бөлінуде, қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Қабылданған «Ғылым туралы» және «Коммерцияландыру туралы» Заңдар аясында әрбір ғалым өзінің көпжылдық ғылыми зерттеулерін нақты ауыл шаруашылығы саласына енгізу мүмкіндіктері бар. Жаңа Жолдаудан аңғарғанымыз, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемі артпақ. Бұл ауыл шаруашылығы ғалымдарына, жас ізденушілерге жасалған үлкен мүмкіндік, нақты қолдау деп ойлаймын. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғалымдары 3D принтер технологияларын дамытуда, жаңа инновациялық электронды құралдарды оқу процесіне енгізу бойынша жұмыстануда. Ауыл шаруашылығы саласында университеттің тәжірибелік танаптарында көптеген мәдени дақылдарды өсіру технологиялары бейімделуде.
Мал шаруашылығында, қой шаруашылығында, ветеринария саласында инновациялық зерттеулер жүргізілуде. Елбасының Жолдауында берілген міндеттер біздің еліміздің ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Біздің әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі болуға әлеуетіміз бар. Бұл - әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. Елбасы атап өткеніндей, біз экологиялық таза азық-түлік шығару арқылы әлемдік азық-түлік нарықтарында өз орнымызды таба аламыз. «Made in Kazakhstan» брендінің өзі экологиялық таза өніммен байланыстырылуы керек.
Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Яғни шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу керек. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз. Жолдаудың түпкі мәні халық қамы болғандықтан, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтылған бағыттар бойынша жұмыла еңбек етуіміз керек деп есептеймін», - деді Қ.Бозымов.