Көпшілігі АЭС-тің «пост-фукусималық» талап бойынша салынатынын білмейді – сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Атом электр станциясын салу бастамасына үрейлене қарайтындар жасанды радиофобоия жайлы деректерге сенетіндер. Өйткені, халықтың көпшілігі АЭС-тің қатаң ережелерге негізделген «пост-фукусималық» талап бойынша салынатынын білмейді. Мұндай пайымды белгілі өзбекстандық саясаттанушы, «Ma'no» зерттеу бастамалары орталығының директоры Бахтиёр Эргашев білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Жыл сайын Орталық Азия елдеріндегі электр энергиясының тапшылығы артып барады. Әсіресе ол гидроэлектростанциялардың жұмысы тоқтайтын қыс мезгілінде ерекше сезіледі. Сарапшы Бахтиёр Эргашевтің пікірінше, мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Оның алғашқысы – бірлескен су электр станцияларын салу. Бұл бағытта Орталық Азия елдері таяуда маңызды қадам жасады. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның бастамасымен Қамбар ата гидроэлектростанциясының құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, Бахтиёр Эргашев өсіп келе жатқан тапшылықты жылу электр станцияларының қуатын арттыру есебінен жабуға да болатынын атап өтті. Дегенмен көмір мен табиғи газды жағу арқылы энергия өндірудің өзіндік тиімсіз тұстары бар.

«Қазіргі таңда газды жылу электр станцияларында жағып, одан энергия алу мәселесі күрделеніп барады. Өйткені, аталған энергоресурстың басым бөлігі халық пен бизнестің қажеттілігіне бағытталып жатыр. Тиісінше, жылу электр станцияларына газды көп көлемде жеткізу шешімі қабылданса, онда тұрғындарға бөлінетін мөлшер кеміп кетеді. Сондай-ақ, әлем елдері «жасыл энергетикаға» бет бұрып жатқанда көмірді қолдану экологиялық ахуалды одан сайын ушықтыра түсетіні сөзсіз. Әрине, оған әзірге ешкім шектеу қойған жоқ, дегенмен болашақта қатты отыннан электр энергиясын өндіруге көбі епкін бермейді», - деп түсіндірді сарапшы.

Электр энергиясының тапшылығын шешуге бағытталған бастаманың бірі – күн панельдерін орнату және жел электр станцияларының санын көбейту. Бұл ретте Бахтиёр Эргашев жаңартылған энергия көздеріне тән бірнеше кемшілкке тоқталды. Мәселен, күн батареялары кешкі уақытта, яғни электр энергиясы ең көп қолданылатын кезеңде қажеттілікті жаба алмайды.

«Негізгі кемшілік - жаңартылған энергия көздері үнемі қажетті көлемдегі электр энергиясын беріп тұра алмайды. Күн батқан уақытта күн панельдері қуатын жоғалтады, ал желдің епкіні азайса, жел электр станцияларының өндіру көлемі төмендеп кетеді. Бұл мәселелер техникалық тұрғыдан шешіледі деген үміттеміз, дегенмен ол жақын арада емес», - дейді Б. Эргашев.

Сондықтан сарапшы пайымына сай, қазіргі таңдағы ең тиімді балама шешім – ол атом электр станциясы.

«АЭС ауаға зиянды қалдықтарды бөлмейді, оның жұмысы өзендегі судың деңгейіне байланысты емес және күні-түні үзіліссіз жұмыс істеп, ұзақ жылдар бойы энергия өндіруге қауқарлы. Сондықтан Орталық Азия елдерінің барлығында байқалып отырған энергия тапшылығын шешу жолында қуаттылығы әртүрлі АЭС-терді салу бірден бір маңызды әрі қажетті қадам», - деп мәлім етті сарапшы.

Бахтиёр Эргашевтің сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан атом энергетикасын дамыта алады. Өйткені, екі мемлекетте де оған қажетті шикізат – уран бар. Бұған қоса, сарапшы АЭС-тің қауіптілігіне қатысты жұрт арасында айтылып жүретін паймдарға қатысты пікір білдірді.

«Қазір көпшілігі АЭС-тердің Фукусимадағы апаттан кейін «пост-фукусималық» деп аталатын талап негізінде салынатынын білмейді. Мәслен, бүгінде атом электр станцияларының құрылысына, қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бірнеше есеге күшейтілген. Оның ішінде көптеген шаралар қамтылған», - деді ол.

Бұл ретте Бахтиёр Эргашев Түркияда құрылысы жүріп жатқан «Аккую» АЭС-ін мысалға келтірді. Былтыр ақпан айында аталған мемлекеттің оңтүстік-шығыс аумағында жойқын жер сілкісі болды. Сарапшы атап өткендей, осы зілзаланың ошағына жақын маңайда салынып жатқан «Аккую» АЭС-іне ешқандай залал келмеген.

«Ол АЭС-тің құрылысы аяқталуға жақын. Былтыр жер сілкінісі болған кезде оның іргетасы мен қабырғаларына зақым келген жоқ. АЭС аймақта болған барлық зілзаланың толқынына төзімді екенін көрсетті», - деп мысал келтірді Бахтиёр Эргашев.

Қазіргі уақытта АЭС салып жатқан елдердің көбі жер сілкінісі, цунами және өзге де табиғи апаттардың туындау қауіпі жоғары аймақтарда орналасқан.

«Менің ойымша, мұның барлығы радиофобия. Оның ішінде жасанды әрекеттер де бар. Тиісінше, АЭС туралы хабары жоқ тұрғындар соған сене бастайды. Біз барынша атом электр станцияларының қауіпсіздіге қатысты қатаң талаптар қойылатынын түсіндіруіміз қажет», - деп түйіндеді Бахтиёр Эргашев.

Қоса кетсек, Ресейдің қатысуымен Өзбекстанда аз қуатты атом электр станциясын салынбақ.