Көптілділікті ұлттың өркендеуі, рухани баюы үшін қолдануымыз қажет - А.Әбділманов, ғалым, БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үш тіл - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерудің артықшылықтарын үнемі айтып келеді. Жуырда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде қабылданған сайлауалды бағдарламасында да 2021 жылға қарай үштілділіктің қазақстандық қоғам үшін қалыпты жайтқа айналатыны атап көрсетілді. Көп тіл білудің қыр-сыры жөнінде батысқазақстандық ғалым, облыстық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Әбділманов өз ой-толғамын былайша білдірді.

Оның айтуынша, қазақта өзінің даналығымен тарихта қалған ғұламалардың бірнеше тіл білгені ақиқат. Мәселен, әл-Фараби, Қашқари, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханұлы, Нәзір Төреқұлов, Мұстафа Шоқай секілді ел үшін ерен еңбек еткен ұлыларымыз кемінде үш тіл білгені белгілі. Тіл білу арқылы дүние сарайынкеңітіп, саяси санасын ширата білген жандар. Ел келешегі үшін аянбай еңбек еткендер.

Ғалымның пайымдауынша, қос­тілділік пен көптіл­ділік -
әлемдік ғылымда зерттелген, әлі де зерттелу үстіндегі мәселе. Бұл жайында орыс ғалымы Лев Щерба, грузин психологы Нателл Имедадзе, француз психологы Жан Пиаже де зерттеген. Бүгінгі күнде көптілділік жекеле­ген іргелі ғылымдардың, психоло­гия­ның, нейрологияның, физиологияның және соңғы жылдарда психолингвистиканың, әлеуметтік лингвистиканың, когнитивті линг­вистиканың зерттеу нысаны болып келеді. Зерттеліп анықталға­ны баршылық, алайда толық ашыл­маған тұстары да жетерлік. Ал бұл құбылысты жаппай ой қазығына айналдыру, идеология ретінде ұс­тану қаншалықты тиімді әрі нәтижелі болатындығы ойландырады.

Екі тілді білетін адамды қос­тілді дейміз, екеуден артық тіл білсе, көптілді, ал алты тілден көп тіл білсе, полиглот дейміз екен. Әлемде қостілділікті де, көп­тілділікті де дұрыс үрдіс деп ба­ғалайды. Өйткені көптілділердің мүмкіндіктері зор, артықшылығы мол болады. Мәселені арнайы қа­растырған кезде, ғалымның пікірінше, оның артықшылығы және кемшілігі мынадай кейіпте топтасты. Соның ішінде артықшылығы:

1.Көптілді болу арқылы тұл­ғаның ақпараттық кеңістігі кеңи түседі, мол ақпаратқа ие болады;

2.Көптілділік миға жасалған жаттығу болғандықтан, тұлғаның логикалық ойлау жүйесі жақсы жетілген болып келеді;

3.Дивергентті ойлау қабілеті жоғары болғандықтан, шығарма­шылығы ерекше әрі мол болады;

4.Әлемдік мәдениетті жетік біледі, жақсы түсінеді;

5.Тілтабысқыш, ерекше бейімделгіш келеді;

6.Еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие;

7.Кез келген мәселені талдау­ға, салыстыруға бейім;

8.Ми қыртысы иілгіш, бейімделгіш.

Көптілділер мен қостілділер­дің артықшылығын жеке бағытта­ры бойынша санамалауға болады, мә­селен, есте сақтау қабілетінің жоғарылығы, рационалдылы­ғы­ның басым екендігі, өнертапқыш­тығы, тағысын тағы, сапалық қа­сиеттері мол.

Сол секілді көптілділік пен қос­тілділіктің кері әсерін, қарсы жақтарын зерделегенде, мынадай бағыттарды көруге болады екен:

1.Бірнеше ұлттық мәдениеттің белгілері бір тұлғаның бойына тек жартыкеш сипатта тоғысады;

2.Көптілді тұлғаның мінез-құл­қы ұлттық сипаттан өзгешелеу болып қалыптасуы себепті менталитеті күрт өзгереді;

3.Отбасында берілетін тәрбие, оның салдарынан өмір салты тү­бегейлі өзгеріске ұшырайды;

4.Тұлғаның өзін-өзі ұстауы, өмірлік ұстанымы өзгереді (сән, таңдауы, қызығушылығы т.б.);

5.Жаһаншылдық бойына ұя­лауы ықтимал (өзге өркениетке құмарту, қазақ құндылықтарынан әлемдік құндылықтарды жоғары қоюы т.б.);

6.Озық мәдениетке басымдық бере отырып, жеке басының қай ұлтқа сыйымды екендігін айыра алмай қалуы (проблема этнической идентичности);

7.Ұлттық нацизм, яғни өз­гелерге деген менсінбеушіліктің пайда болуы мүмкін;

8.Тілдің шұбарлануы арта тү­сіп, тілдік құрылымға әсері мол бо­лады (супер, ок, спикер, кэш, тағы басқа сөздердің нормалануы);

9.Көзқарастардың кереғарлы­ғы пайда болады да, синтезделіп, тиімдісі іріктеледі (мысалы, дәс­түрді сақтау, ырымға ден қою-қоймау, таным мәселесінде т.б.);

10.Адамның жан дүниесі шұ­бар­ланады, бұл ішкі күйзеліске әкелуі мүмкін (мәселен, қоғамда­ғы тәрбие мен отбасындағы тәр­бие т.б.);

11.Ішкі күйзеліс салдарынан бел­гілі бір мәдениетке (тілге) ба­сым­дық беруі мүмкін не делсал күйге түседі;

12.Аралас некеге баруы ық­тимал.

Салыстыруды сараласақ, көптілділіктің артықшылықтары рационалды­лық жағынан адамның сыртқы сапалық қасиеттерінің жетілуі тұрғысынан екендігі айқындалып отыр, кемшіліктер рухани ішкі жан дүниесі, арғы түптамырынан ал­шақтау және түбегейлі өзгеру үрдісі ретінде болып көрінеді. Осы орайда көптілділікті жалаң, жарқын идея ретінде ұсыну ұлт
үшін аса қауіпті деп білеміз. Көптілділікті ұлттың өркендеуі, рухани баюы үшін қолдануымыз қажет. Ол үшін арнайы дайындық, менталды платформа (алаң), өзе­гі бар рухани өсім қажет. Бұл дегеніңіз - ұлттың рухани өзе­гі
бойына сіңген, бірінші тілі қазақ тілі болып қалыптасқан жасөс­пірімдер. Мәселені дұрыс баға­ламасақ, дұрыс әдіснамасын қа­лыптастырмасақ, бұл ұлт үшін қасірет болмақ.
Шамамен, ХІХ ғасырдағы Ресейдің кейпі, ХХ ғасырдағы Үндістанның жағдайы т.т. Кез келген жаңа бастаманың әдіснамасы немесе қарапайым түсінікте тәрбиесі болмаса, ол кереғар әсер береді. Жүгенсіз кіріккен идея рухани жарылыс береді. Кезінде бабамыз әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» демеп пе еді? Сол себепті «Тәрбиесіз берілген көптілділік - ұлттығымыздың қас жауы» болып жүрмесе екен деген қорқынышымыз бар. Идеяны жалаң, беталды ұсына беру де қиянат. Басты қиянат ұлтқа болмаса игі. Сондықтан бірінші кезекте әрбір баланы, әр ата-ананы көптілділікке дайындап алу қажет. Егер идеологиялық дайындық жүргізілмесе, басымдылық неде екендігі айқын болмаса, көптілді­ліктің кері әсері міндетті түрде көрініс алады.

Қиянаттың бірі - тілдің шұбар­лануы. Бұл жайында Л. Щерба: «Нағыз қостіл­ді адамның бойында екі бірдей тілдің автономды таңбалық жүйесі жұмыс жасайды, алайда бұл - өте сирек кездесетін құбылыс, көбіне тілдердің шұбарлануына алып келеді» деп көрсеткен. Өзге тілді меңгеруде шұбарлану болмас үшін грузин психологі Нателл Имедадзе «Бір бейне - бір тіл» деген әдіс ұсынған. Мәселен, әке-шешесі тек қазақ тілінде сөйлейді және баланың күтушісі тек қана ағылшын тілінде сөйлейді. Бұндай жағдайда тілдік жүйені дербес ұстау мүмкіндігі жоғары екендігі анық.

Ғылымда балаға бірнеше тілді қатар меңгертудің сапасы оның алдын ала ойластырылуына, қол­данылатын әдіс-тәсіліне, ең бастысы, мақсатына байланысты бо­латындығын атап көрсетеді. Десек те, баланың қалыпты, табиғи да­-
муына қол сұққан кезде міндет­ті түрде оның кері әсері бола­тындығын біз көп атай бермейміз. Бұл мәселе нейрология, психиатрия тарапынан және әлеуметтік, когнитивтік лингвистика тарапынан арнайы зерттеліп жүр. Оның нәтижелерін көпшілік біле бермейді.

Абылай ханның: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік» деген сөздерін осы мәселе төңірегінде де қолданғым келеді. Білім міндетті түрде қажет. Алайда ол ұлттың қазанында қайнап, ұлттың ұясы­нан түлемесе, ол жатпен бірге жабыса кеткен іштегі жарамыз болмасына кім кепіл?

«Көптілділіктің тұғырнамасы қа­зақ тілі екендігін баса айтқан жөн. Сондықтан қазақ тілін - барша қазақстандықтарды біртекті ете­тін бірден-бір себепкер деуге болады. Бұл жайында үл­кен мінберлерден де айтылып жүр. Алайда осы факторды білсе де, білмеген сы­ңай танытатындар, тілдегі делсал­дық жағдайды ұза­ғы­рақ ұстағысы келетіндер де жоқ емес. Мемлекеттік тілдің сапалы қолданысын, күнделікті жұмыста­ғы көрінісін талап ету бүгінгі күн­нің өзекті мәселесі деп білеміз. Жастарымызды көптілділікке тәрбиелеуде олардың қазақылы­ғы, қазақы тәрбиесі негіз болуы міндетті, басқаша жағдайда ұлттық белгілердің жыл санап, күн санап жоғалатындығы айдан анық. Қазақстандық жастардың бойындағы отансүйгіштік тәрбие­сі тіл арқылы, тілді ұстану арқылы жүргізілуі тиіс. Көптілділіктің же­місі өзге тілдер қазақ тілі­нің баюына, ақпараттық кеңістігі­нің ашылып, тілдегі ақпардың молая түсуіне жұмыс жасағанда ғана көрінеді. Сәйкесінше тіл арқылы ұлттық зияткерлік әлеуеттің артары сөзсіз», деп түйіндеді ойын А.Әбділманов.