Қорғаныс министрлігі әскерилерді баспанамен қамтудың жаңа форматын ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігі әскерилерді баспанамен қамтамасыз етудің жаңа форматын ұсынды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас штаб басшысының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік «Тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жасақтау мақсатында әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын баспанамен қамтамасыз етудің жаңа механизмдері жасалды. Осы орайда, екінші деңгейлі банктерде арнайы есепшотқа ай сайын тұрғын үй өтемақыларын аудару арқылы ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерінің пәтер алу құқығын монетизациялау ұсынылған», - деп атап өтті М. Таласов.

Оның сөзінше, баспана жинағындағы ақшаны молайту арқылы әскери қызметшілер түрлі мемлекеттік бағдарламаларға да қатыса алады. Бұл тетік әскери адамдарға қызмет мерзімі аяқталуын күтпестен-ақ, несиелік ипотека арқылы пәтер алу құқығын береді. Қазіргі таңда Тұрғын үй жинақ банкі әскери қызметшілерге жеңілдетілген несие түрлерін шығаруды жоспарлауда.