Мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу туралы кәсіпкерлермен келісімге келсе де, уақыты келгенде тиісті ақшасын кәсіпкерлерге неге бермейді? «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бүгін көтерген мәселесінің мазмұны - осы. Палатаның кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленконың айтуынша, бүгінгі таңда палатаға жүгінген шағымы көп кәсіпкерлер көбейіп кеткен.
«Осы шағымдарды зерттей келе біз кәсіпкерлердің мүддесінің бұзылуының ең өткір көріністерін мысал етпекпіз», - дейді ол.
Савеленко екі жылдан асса да, шешімі табылмай келе жатқан Қорғаныс министрлігі мен кәсіпкерлердің арасындағы дауды мысалға келтірді. Оның айтуынша, 2016 жылдың желтоқсан айының соңына қарай ҚР Қорғаныс министрлігі кәсіпкерлермен бұрын жасалған негізгі шарттар негізінде қосымша келісімдерге қол қойған. Яғни, 2017 жылы қаңтардан ақпан айына дейін (байқау процедуралары шешілгенше) кәсіпкерлер әскери бөлімшелердегі әскери қызметшілерді тамақтандыруға міндеттелген.
«Алайда қызмет көрсету жасалған соң ҚР Қорғаныс министрлігі орындалған жұмыс актілеріне қол қоюдан және кәсіпкерлерге жасалған қызметтері бойынша ақша төлеуден бас тартқан. Осының салдарынан бизнес қаржылық шығынға батып отыр. Өзінің бұл әрекетін мемлекеттік орган шарттың қазынашылық органдарда уақтылы тіркелмегендігімен түсіндіреді», - дейді ол.
Олег Савеленко даудың ақыры кәсіпкерлер қаржылық тығырыққа ұшыратқанын, қазіргі таңда 200 млн теңге көлемінде шығынға батқан 11 шағын және орта бизнес субъектісі жайында мәлімет барын алға тартады. Бұған қоса кәсіпкерлер қызметкерлеріне уақтылы еңбекақысын бере алмай, салығын төлеуге, несиесін өтеуге мұршасы болмай отырған көрінеді.
Кеңес барысында министрлікке тағылған мұндай сынға ҚР Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік сатып алу бас басқармасының бастығы Александр Степаненко жауап берді. Оның айтуына қарағанда 2016 жылдың соңына қарай Мемлекеттік сатып алу бойынша бас басқарма мен кәсіпкерлердің арасындағы уағдаластық бюджет кодексінің шеңберінен шығып кететін қызмет түріне әкеп соқтырған.
«2017 жылдың қаңтар және ақпан айларында 11 компанияға міндетті келісім заңды күшіне енгізілмей тұрып қызмет көрсетіліп кеткен. Фирмалардың қаржылық шығынға тап болғанын ескеріп, Қорғаныс министрлігі 2017 жылдың ақпан айында аталған қызметтерді көрсетушілерге (компаниялар - авт.) қажетті кеңес берді. Мұның арты сотқа ұласты. Бірақ, міндеттеменің расталмағанына қарамастан, Қорғаныс министрлігі сот тәртібі бойынша шығынды өтеуден бас тартқан жоқ. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімі, сонымен бірге аппеляциялық инстанция күні кешеге дейін тараптарды ортақ мәмілеге келтіре алмады. Кәсіпкерлердің талаптары қанағаттандырылмады», - дейді ол.
Александр Степаненконың статистика бойынша мәлімет келтіріп, тасымалдаушы бес компаниядан шағым түскенін айтады.
«Егер тараптардың бірі мемлекеттік мекеме болса, қолданыстағы заңнама азаматтық кодекс пен азаматтық құқық нормаларын қолдануға жол бермейді. Соған байланысты Қаржы министрлігіне де сұрау жолдадық. Біз сот тәртібі бойынша міндеттемелерден бас тартпайтынымызбен, бірақ сотқа дейінгі тергеу амалдары біздің қалауымыз бойынша шешім шығара алмайды», - дейді ол.
Қорғаныс министрлігінің өкілі аталған мәселенің, өкінішке қарай, жүйелі түрдегі сипаты барын атап өтіп, мәселе бәрібір бір күні шешімін табатынына сенім білдірді.
«Оны шешу үшін алдымен заңнамалық базаны жетілдіріп, форс-мажорлық жағдайда мемлекеттік сатып алу бойынша келісімге келу мәселесін талдау керек. Неліктен мұндай мәселе туындады? Себебі, осынау қосымша келісімге келу кезінде 2016 жылы қолданыста болған келісімдер 31 желтоқсаннан бастап күшін жойған. Десе де, аталған мәселенің шешімін табармыз деген үміттеміз», - деп түйді Александр Степаненко.